Қазақ балуандары әлем чемпионатында өз мүмкіндіктерін пайдалана алды ма?

30 Қыркүйек 2023, 11:21 798

Сербияда екінші жыл қатарынан күрес түрлерінен әлем чемпионатты өтті. 16-25 қазан күндері болған балуандар бәсекесінде Қазақстан құрамасы 3 жүлде иеленді. Оның біреуі алтын болса, екеуі қола жүлде. Айта кететін бір жайт, 24 жыл бойы алтын күткен қазақ жанкүйерлерінің мерейі Белградта тасыды. Олай дейтініміз, еркін күрестен 92 келіде белдескен Ризабек Айтмұқан Қазақстан тарихында еркін күрестеналғаш болып әлем чемпионы атанды. Ал 86 келіде Азамат Дәулетбеков екінші жыл қатарынан қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ, ол Париж Олимпиадасының жолдамасын да иеленді. Ал әуелдер күресінен 72 келіде белдескен Жәмила Бақбергенова үшінші жыл қатарынан әлем біріншілігінің медалін иеленді. 2021-2022 жылдары финалға шығып, қос күмісті қанжығаға салған бұрымды балуанды Сербияда қола жүлдені қанағат тұтты.

Сербияда екінші жыл қатарынан өткен әлем чемпионатында сонымен кімдер сынға түсті? Олар қандай нәтиже көрсетті? Бұл туралы  Еl.kz ақпарат агенттігінің тілшісі шолу жасап көрді.

Еркін күрестен 57 келіде Мейрамбек Қартбайға бапкерлер зор сенім артқан болатын. Ол Белградтағы белдесуінде пуэрто-риколық Дариан Крузды 5:5 есебімен ұтып, келесі кезеңге жолдама алды. Одан кейін Камал Ханафи Мұхамедті 10:0 есебімен ойсырата ұтты. Ширек финалда неміс балуаны Никлас Стечелден 4:1 есебімен басым түсіп, сенімнен шықты. Ал жартылай финалда жапон балуаны Рэй Хигучиден11:0 есебімен ұтылып қалды. Қола жүлде үшін күресте армениялық Арсен Харутюнаннан да 11:0 есебімен ұтылып, тек Париж Олимпиадасының жолдамасына күресетін болды. Бұл сында ол Токио Олимпиадасының чемпиоын, екі дүркін әлем біріншілігінің жеңімпазы, ресейлік Заур Угуевке есе жіберді

61 келіде Өсімжан Дастанбек америкалық Виталий Аружаудан ұтылып, жарысты аяқтады. Белдесу нәтижесі 10:0.

65 келіде отандасымыз Әділ Оспанов алғашқы белдесуінде венгрия атынан күресетін ресейлік балуан Исмаил Мусукаевтан 7.0 есемен ұтылды. Ал қарсыласы финалға шыққан соң жұбаныш белдесуіне мүмкікндік алды. Алайда жұбаныш белдесуінде жапониялық қарсыласы жарақатына қатысты белдеспеді. Ал шешуші кездесуде ресейлік Шәміл Мамедовке 8:0 есебімен жол берді.

70 келіде Санжар Досжанов алғашқы белдесуінде әзірбайжандық Магомедбашир Ханиеке 9:2 есебімен есе жіберді.

74 келіде ұлттық құрама бапкерлері сенімді Нұрқожа Қайпановқа артты. Алайда ол естониялық Эрик Рейнбокты ұтқанымен, келесі айналымда 4 дүркін әлем чемпионы, америкалық Кайл Дэйкпен белдесіп, 9:4 ұпайымен жеңілді.

Кейін жұбаныш белдесуінде тәжік балуаны Магомед Евлоевты 6:1 есебімен ұтты. Өкінішке қарай шешуші белдесуде жапон спортшысынан 5:3 есебімен ұтылып қалды.

79 келіде сынға түскен Болат Сақаев жарысты сәтті бастады. Алғашқы кезеңде канадалық Жасмит Пулканың 12:1 есебімен ұтып, келесі кезеңге шықты. екінші айналымда болгар балуаны Михаил Георгиевті 7.0 есебімен ұтып, алға шықты. Ал ширек финалда грузин спортшысы Владимир Гамкрелидзеге 7.2 есебімен жол берді. Жұбаныш белдесуінде латыш спортшысы Алан Амировты 4:1 ұпайымын қапы қалдырып, қола жүлде үшін күресте украиналық васил Михалковтан 3:1 есебімен ұтылып, жүлдеден тыс қалды.

Бұл сында 86келіде күрескен Азамат Дәулетбековтің тасы өрге домалады. Олай дейтініміз ол жүлде алып қана қоймай, Париж Олимпиадасының жолдамасын құрама қоржынына салды. Жартылай финалға дейін сүрінбей жеткен отандасымыз америкалық Дэвид Тейлорға есе жіберіп, қола жүлде үшін күресте әзербайжан спортшысын белдесу аяқталуға небәрі 2 секунд қалғанда жеңісті ұпайды жұлып алды. Осылай ол Сербияда екінші жыл қатарынан өткен дүниежүзілік додада екі дүркін қола жүлдегер атанды.

92 келіде әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұқанның жолы оңай болмады. Дегенмен ол алғашқы белдесуде венгр балуаны Балаж Аттиланы айқын басымдықпен ұтып, ширек финалда түрік балуаны Фетулах Ақтүрікті 11:0 есебімен жолда қалдырды. ал жартылай финалда жарыс фавориті грузиялық Мириани Майсурадзені 8:1 есебімен ұтты. Ал финалда әзірбайжандық Осман Нұрмагомедовті 5:2 ұпайымен ұтып, еркін күрестен Қазақстан спортшы тарихында алғашқы әлем чемпионы атанды.

97 келіде Әлішер Ерғали жылдағыдай жүлдеден тыс қалды. Бұған дейін бірнеше әлем чемпионатына қатысқан тараздық еркін күрес шебері алыптар айқасында сенім үдесімен шыға алмады. Ол ә дегеннен қытайдық Абусайман Хабиланың 2:1 есебімен ұтты. Ал екінші кезеңде біріккен күрес әлемі құрамасының сапында белдескен Сахил Сахилмен айқасын, 11:1 есебімен басым түсті. Өкінішке қарай, ширек финалда гүржі балуаны Гиви Матчарашвилиден 2:0 есебімен ұтылып, біріншілік жүлдесінен қалыс қалды. Айта кетерлігі, бұл сында аталған салмақтың үздіктері америкалық Кайл Снайдер мен ресейлік Абдурашид Садулаев дағыстанан шығып, Бахрейн атынан белдескен Ахмед Тажудиновтен күтпеген жерден ірі есеппен ұтылып қалуы чемпионат сенсациясына баланды.

125 келіде ел намысын легионер балуан Юсуп Батырмырзаев қорғаған еді. Алайда ол АҚШ балуаны Масон Парристен 11:0 есебімен ұтылды да қалды. Осылайша ол әлем чемпионатының жүлдесінен мүлдем тыс қалды.

Әйелдер күресі құрамасы қатарынан үшінші жыл әлем чемпионатында бір жүлдені қанағат тұтты. Ал оның иесі 72 келіде күрескен Жәмила Бақбергеноваға тиесілі. Ол 2021-2022 жылдары финалға шығып, күміспен күптелген еді. Бұл жолы ол қоланы қанағат тұтты.

50 келіде бозкілемге шыққан Марал Тәңірбергенова алғашқы белдесуінде біріккен күрес әлемінің құрамасы сапында сынға түскен Неелам Нееламнан ұтылды. 53 келіде күрескен Алтын Шағаеваның асығы алшысынан түспеді. Қытай балуанымен белдесіп, 2:1 ұпайымен ұтылған отандасымыз осылайша өз мүмкіндігін мүлт жіберді. 55 келіде Мария Седневаның да жолын Қытай балуаны кесті. 10:0 есебімен ұтылған отандасымыз кезекті рет әлем чемпионатында жүлдесіз қалды.

57 келіде Айнұр Әшімова өзбекстандық Лаулохон Собировадан 1:1 ұпайымен ұтылды. 59 келіде Диана Каюмова жарысты жеңіспен бастады. Ол Испания балуанын 3:1 ұпайымен ұтып, екінші айналымда неміс спортшысы Елена Бруггерден айқын басымдықпен ұтылып, жарысты аяқтады. 62 келіде ел атынан сынға түскен Елена Кузнецова түрік қызы Селви Илясоглыны 6:2 есебімен ұтып, мерейімізді тасытты. Алайда екінші айналымда неміс балуаны Луиза Ниемештен 8:4 есебімен жеңілді. Бұл салмақта қырғыз қызы Айсұлу Тыныбекова 3 дүркін әлем чемпионы атанғанын еске сала кетейік.

65 келіде Ирина Казулина алғашқы белдесуінде украиналық Оксана Херхелден 13:2 есебімен ұтылды. Осылайша қазақстандық балуанның жарыстағы жолы келте болды.

68 келіде ұзаұ жылдық үзілістен кейін бозкілемге қайта оралған легионер балуан Елена Шалыгина бірінші белдесуінде канадалық Оливиа Ди Басконың 6:5 ұпайымен ұтқан еді. Бірақ екінші рет бозкілемге шыққанда оның жолын моңғол балуаны бөгеді. Есеп 4:2. Қарсыласы финалға шыққан соң Шалыгина жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Алғашқы кездесуде серб қызын 6:0 есебімен басымдық танытса, одан кейін француз балуанынан айласынан асыра алмай әлем біріншілігінде жүлдесіз қалды.

72 келіде әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Жәмила Бақбергенова бұл сында қоланы қоржынға салды. Алда ол Қытайда өтіп жатқан Азия Ойындарында 76 келіде ел намысын қорғайтын болады.

76 келіде Іңкәр Жаңатаева ресейлік балуан қыз Анастасия Зимиянковадан 6:1 есебімен ұтылып, аталған салмақта жүлдесіз қалды.

Грек-рим күресі балуандары Париж Олимпиадасына дейінгі циклда жүлде алып жүргенімен, Сербиядан құр алақан қайтты. Жұбаныш болғаны 87 келіде күресіп, жартылай финалға жеткен Нұрсұлтан Тұрсынов иеленген Олимпиалда жолдамасы.

Грек-рим күресінен 55 келеде отандасымыз Марлан Мұқашев алғашқы белдесуінде украиналық Кориюн Сахрадианды 8:0 есебімен ұтты. Алайда екінші айналымда әзірбайжандық Азизли Елденизден 6:0 есебімен ойсырай ұтылды. Нәтижесінде қарсыласы финалға шыққан соң, Марлан жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алған еді. Ол алғашқы кездесуде жапон балуаны Тиага Онишиді 9:0есебімен ұтса да, өкінішке қарай, қола жүлде үшін күресте ол өз мүмкіндігін мүлт жіберіп, ирандық балуаннан 6:3 есебімен ұтылып қалды.

Грек-рим күресінен бапкерлер әлем чемпионатына 60 келіде Олжас Сұлтанды Сербияға апарған еді. Ол Белградтағы бәсекені сәтті бастады. Алғашқы кездесуінде Колумбия балуанын ұтып, екінші кезеңге жолдама алды. Өкінішке қарай, ол оңтүстіккореялық балуаннан 9.0 есебімен ұтылып қалды. Ал одан басым түскен Оңтүстік Корея спортшысы келесі айналымда есе жіберіп, жарысты аяқтады. Осылайша отандасымыз жүлдеден тыс қалды.

63 келіде бапкерлер сенім айтқан Мұхамедәлі Мамырбек өз әлеуетін толық пайдалана алмады. Ресей құрамасының өкілі Астемир Бижоевпен белдескен ол 5:5 есебімен тең түскен еді. Алайда соңғы ұпайды иленген ресейлік балуанның пайдасына жеңісті төрешілер беріп жіберді. Ал ширек финалда Бижоев француз спортшысынан ұтылып қалғандықтан Мамырбектің жарыстағы жолы тәмам болды.

67 келіде әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаев күрескен еді. 36 жастағы «қарт» спортшыдан көпшіліктің күткені көп болған еді. Бірақ, ол бірінші белдесуінде ресейлік спортшыны 9:0 есебімен ұтқанына қарамастан, екінші айналымда француз спортшысымен белдесіп, 10:9 есебімен жеңісті уысынан шығарып алды. Осылайша отандасымыздың Сербиядағы даңғылына нүкте қойылды.

72 келіде қарағандылық Ибрагим Магомадов Сербияда тәуір күресті. Олай дейтініміз ол бірінші кезеңде АҚШ балуаны Патрик Смитті 5:1 есебімен ұтып кетті. Бірақ екінші кезеңде Франция балуаны оны 10:0 есебімен ойсырата жеңді. Кейін француз спортшысы финалға шыққан соң 72 келіде сенім артылған Ибрагим жұбаныш белдесуінде болгар балуаны Стоян Кубатовпен күресте тең түскеніне қарамастан жеңіске жете алмады.

77 келіде Токио Олимпиадасына қатысушы Демеу Жадраев ел намысын қорғады. Ол алғашқы сында серб балуанын 5:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге шықты. Одан кейін түрікменстандық Тоулу Оразовты 9:0 есебімен жеңді.1/8 финалда венгр балуаны Леваи Золтанды 4:1 есебімен ұтты. Ал ширек финалда әзірбайжандық Санан Сүлеймановтан 5:1 ұпайымен ұтылды. Кейін Санан финалға шыққанда Демеуге қола жүлде үшін күресуге зор мүмкіндік туындаған еді. Ол жұбаныш белдесуінде румын спортшысын 7:2 есебімен ұтқан еді. Бірақ қола жүлде үшін күресте Армения балуаны Малхас Амояннан 2 ұпай айырмасымен ұтылып, жүлдеден тыс қалды.

82 келіде Диас Қален алғашқы айналымда сәтсіздікке ұшырады. Ол ресейлік Ауес Гониевтен 3:1 есебімен ұтылып, жарысты аяқтады. Себебі оны ұтқан балуан келесі кезеңде әзірбайжандық спортшы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Рафиг Гусейновтен ұтылды.

87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов грек-рим құрамасындағы ең үздік нәтиже көрсеткен жалғыз балуан. Ол жартылай финалға дейін жетіп, финалға шығар сында түрік балуанына есе жіберді. Дегенмен, қола жүлдеге таласта ол украиналық спортшы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Жан Беленюкке жол берді. Бірақ, Париж Олимпиадасының жолдамасы үшін күресте ол жеңіске жетіп, мүмкіндігіні толық пайдалана алды.

97 келіде Олжас Сырлыбайдан күткеніміз көп еді. Ол бірінші белдесуінде Италия балуанымен жеребе бойынша жұп болды. Алайда мүмкіндігі көп болғанына қарамастан ол 1:1 есебімен тең түсіп, жеңіс қарсыластың еншісінде кетті. Алайда қарсыласы келесі кезеңде сүрініп, отандасымыздың Сербиядағы әлем чемпионатынан жүлде алу мүмкіндігініне нүкте қойылды.

Грек-рим күресінен аса ауыр салмақта Қазақстан құрамасы сапында ешкім сынға түспеді. Сондықтан аталған салмақтан ел намысын ешкім қорғамады.

Айта кетерлігі, Сербиядағы әлем чемпионаты ғажайыптарға толы болды. Себебі, бұған дейін тек үздік нәтиже көрсеткен балуандар сенсанциялы түрде ұтылып жатты.

Мәселен, еркін күрестен 74 келіде 2021-2022 жылдары әлем чемпионы атанған Кайл Дейк Сербияда ресейлік Заурбек Сидаковтан ұтылды. Кайл Дейк 2018-2019 жылдары 79 келіде әлем чемпион атанған. Сонымен бірге, 2020 жылы Токиода 74 келіде қола жүлдегер атанды. Жаңа салмаққа төмен түскен АҚШ балуаны соңғы екі жыл өз салмағында үздік атанған еді. Ал 2018-2019 жылдары 74 келіде әлем чемпионы атанып, Токиода топ жарған Сидаковты Сербияда Кайл Дейкті тырп еткізбеді. Екеуара бәсеке тең дәрежеде өткенімен, Сидаков өзіне қажетті ұпайларды дер кезінде иеленіп, жеңіске жетті. 86 келіде финала үшінші жыл қатарынан АҚШ балуаны Дэвид Тейлор мен Иран спортшысы Хасан Яздани арасында өтті. 2021 жылы әлем чемпионатында басым түскен Яздания былтыр Тейлорға есе жіберген еді. Биыл Тейлор сол басымдықты сақтап, тіпті, қарсыласын уақытынан бұрын ұтты.

97 келіде жанкүйерлер ресейлік Абдурашид Садулаев пен АҚШ балуаны Кайл Снайдер арасында өзара мықтыны кезекті рет анықталатынына еш шүбә келтірмеген еді. Алайда жеребе бойынша екеуі жартылай финалда жолығуы мүмкін болды. Бірақ... Қос мықтының жолы түйіспеді. Ширек финалда Бахрейн атынан күрескен дағыстандық балуан Ахмед Тажудинов Кайл Снайдерді белдесудің бірінші кезеңінде айқын басымдықпен ұтса, жартылай финалда Абдурашид Садуалевты 9:2 есебімен ұтып, финалға шықты. Ал қола жүлде үшін АҚШ және Ресей балуандары белдесуі керек еді. Алайда Садулаева жарақатына байланысты қола жүлде үшін белдеспеді. Кейін оның мойнына ота жасалғаны белгілі болды.

125 келіде өткен жылы әлем чемпионы атанған түрік балуаны Таха Ақгүл биыл жартылай финалда Иран балуанына есе жіберді. Ал оның байырғы қарсыласы грузин Гено Петрошвили де финалға шықты. Осылайша Сербияда 2021 жылғы 125 келідегі балуандар финалы қайталанды. Дегенмен, Иран балуанды осы олимпиалық циклде екінші рет әлем чемпионы атанып, Парижге басты фавориттің бірі ретінде баратыны белгілі болды.

Грек-рим күресінен де 97 келідегі Артур Алексанян былтыр әлем чемпионы атанған еді. Биыл финалға шыққан ол шешуші белдесуде Куба спортшысынан ұтылып қалды. Тура осындай жағдай 130 келідегі түрік балуаны Риза Каялптың басынан өтті. 2018 жылы әлем чемпионы атанған түрік спортшысы финалда Иран балуанына соңғы секундтарда ұпай беріп қойып, уысында тұрған алтынды шығарып алды.

77 келіде қырғыз балуаны Ақжол Махмұдов екінші жыл қатарынан әлем чемпионы атанды. Тура осындай жетістікті 60 келідегі сол елдің балуаны Жоламан Шәршенбеков қайталады. Ол былтыр Сербияда 60 келіде әлем чемпионы атанған еді. Сондай-ақ, 2021 жылы финалға шығып, күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Айта кетерлік бір жайт, бұл әлем чемпионаты Шәршекбековтің 4 финалы болды. Бұған дейін 4 рет финалда күресіп, оның үшеуінде алтын медаль иеленген қырғыз балуаны Парижден алтыннан үмітті ең басты спортшыға баланып отыр.

Сонымен бірге, әйелдер күресінен 62 келіде күрескен қырғыз қызы Айсұлу Тыныбекова үш дүркін әлем чемпионы атанды. Токио Олимпиадасында күміс медаль олжалаған спортшы Парижде топ жаруды көздеп отыр. Сонымен бірге, 76 келіде тағы бір қырғыз балуаны күміс медаль иеленді. Айпері Медетқызы 2021жылы Ослодағы әлем чемпионатында қола жүлде иеленіп еді. Сол жылы 23 жасқа дейінгі жастар арасында да топ жарса, биыл күміс жүлдемен бірге, Олимпиада жолдамасына да иелік етіп отыр. Сонымен қоса, Қырғызстан балуандары жалпы командалық есепте 3 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдемен үшінші орынға тұрақтады.

Асқар Таудай
Бөлісу: