«Қазақ ауылында жалғыз орыс отбасы болдық»

28 Мамыр 2021, 09:51 13746

Қазақ тілінде жаңалықтар жүргізіп жүрген орыс ұлтының өкілі – Юлия Кушнаревамен сұқбат

 

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан көпұлтты елімізде көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың өзара ауызбіршілігі мен бірлігі – өзге мемлекеттерге үлгі. Әсіресе олардың арасында мемлекеттік тілде еркін сөйлейтіндер қатары артқаны көңіл қуантады. Юлия Кушнарева – қарымды журналист әрі тәжірибелі диктор. Мемлекеттік тілдің жілігін шағып, майын ішкен өзге ұлт өкілі көптеген азаматқа үлгі болып жүргеніне аса қатты мән бере бермейтініміз рас. Ұлты басқа болса да, қазақ тілін көпшілік арасында кеңінен насихаттауға үлесін қосып жүрген Юлия Кушнаревамен «EL.KZ» интернет-жобасының тілшісі әңгімелескен болатын.

 

Юлия Кушнарева Алматы қаласында дүниеге келген. Алайда балалық шағы Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылында өтіпті. Кейіпкеріміздің айтуынша, айналасы сексеуіл мен құмға толы қазақ ауылындағы жалғыз орыс отбасы болған екен.

 

– Әкем – Алматы қаласының тумасы. Ал анам Жамбыл облысында дүниеге келген. Әсіресе қыз бала нағашы жұртына жақын болады емес пе? Мен де нағашыларыма жақын өстім. Осылайша қазақ ауылында тәрбиеленіп, көптің ортасында бойжеттім. Тілім орыс тілінде шықса да, ата-анам мені 3 жасымда қазақ бала-бақшасына берді. Үйдегілердің айтуынша, менің алғашқы сөзім бала-бақшадағы тәрбиешіміздің   «Тамаққа» деп шақыратын сөзінен басталған, - дейді Юлия Кушнарева.


 

Юлияның мемлекеттік тілді меңгеруне қалың қазақ ортасы көп әсерін тигізген. Жасы келгенде қазақ мектебіне оқуға қабылданады. Бастапқыда ата-анасы ортаға үйренісуі қиын болады деп ойлаған екен.

 

–Мектеп қабырғасында оқып жүріп қазақ тілін жетік меңгердім. 11-сыныпты тәмамдағаннан кейін, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Мұны аяқтаған соң, осы мамандық бойынша магистратурада білімімді жалғастырдым, - дейді ол.

 

Кейіпкеріміз университет қабырғасында сабағын жақсы оқығанын айтады.

 

– Мен көпшілік ортада қазақша сөйлегенде маған таңырқай қарайтындар болған. Әлбетте, көбісі менің түріме қарап орыс дейді ғой. Ал орысша сөйлегенде аздаған акцентім бар. Сондықтан айналамдағы адамдардың кейбіреулері орыс ұлтының өкілі екендігіме күмәнмен қарап, кейде арғы аталарыңыз қазақ болған шығар деп те айтып жатады. Ал мен ол кісілерге не әкем де, не шешем де қазақтың қаны жоқ деп жауап беремін, - дейді Юлия Кушнарева.

 

Ол журналистика саласына кездейсоқ келгенін айтады. Телевидение саласында қызмет етіп жүріп те, түрлі қызметтерге ұсыныс түскенін тілге тиек етті.

 

– Телевидение саласында бір рет қызмет еткен адамның одан қайта шығуы қиынның қиыны екені рас. Бұл салаға адам толықтай кіріп кететін кездер де болады.

 

Ол өзінің кәсіби еңбек жолын 2000 жылдары телевизия саласынан бастады.

 

– Әлі есімде, сол уақытта Qazaqstan ұлттық арнасында Асылы Осман апайдың қателеспесем, «Қазақ тілін үйренейік» атты бағдарламасы эфирден берілетін. Сол бағдарламаға мен жиі-жиі қонақ ретінде қатысып тұрдым. Кейін Қазақ радиосында бағдарлама жүргіздім. Одан кейін қайта Ұлттық арнаға ауысып, «Қазақшаңыз қалай?» атты бағдарламаның тізгінінде болдым. Бір айта кетерлігі, менің қызмет тәжірибемде жазба эфирлер мен бірге тікелей эфирлер де болды. Әлбетте, бұл екеуін салыстыруға мүлдем келмейді. Екеуінің айырмашылықтары өте көп қой, - дейді қарымды журналист.

 

Осыдан кейін оған қызмет жолында түрлі ұсыныстар түсе бастады. «Хабар» арнасының «Жаңалықтар» қызметінде де жұмыс жасады. Алғашында «Таңғы» жаңалықтарды жүргізсе, кейін «Кешкі қорытынды» жаңалықтардың тізгініне ауысады.

 

– Тікелей эфирдің құдіретін, оның әсерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мәселен, студияда сіздің алдыңызда тек   жарық, камера және оператор болады. Ал камераның ар жағында миллиондаған көрермен сізді тыңдап әрі көріп отырады. Әрине, іштей қобалжу әрі эфирді жүргізу барысында қорқыныш болды. Тікелей эфир болғандықтан қателіксіз болмайды. Сол қателіктерімді қабылдап әрі түсінген әріптестерім мен көрермендеріме алғысым шексіз. Тікелей эфирде жаңалықтарды жүргізе отырып, кәсіби тұрғыда біраз нәрсені үйрендім, тәжірибе жинақтадым әрі шыңдалдым, - дейді кәсіби диктор.

 

Қоғамда қазақша білетін өзге ұлт өкілдеріне қазақтар ерекше ықылас танытып жатады дейді кейіпкеріміз.

 

– Олардың ерекше ықыластарын айтқан жылы сөздерінен, көпшілік ортада сыйлағанынан әрі құрметтегенінен байқау қиын емес. Нағашы әпкем яғни анамның туған сіңлісі – қазақтың келіні. Сол жаққа қонақтап барсам, мені әрдайым дәстүр бойынша төрге шығарып, бар сый-сияпатын көрсетіп, құрметтеп жатады. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Осындай ерекше көңілдеріне әрі сыйлап жататындарға рақмет айтамын, - дейді ол.

 

Сондай-ақ кейіпкеріміздің кезінде мемлекеттік тілді үйренгені бүгінде мансабының өсуіне де көмегі тиген.

 

– Байқағаныңыздай, қызметімнің өзі қазақ тілінде басталды ғой. Егер мемлекеттік тілді меңгермесем, онда қазіргі жетістіктерім де болмас еді деп ойлаймын. Тіпті журналистикадан басқа салаға кетіп те қалар едім. Сол қазақ тілінің арқасында телеарнаға келіп, түрлі бағдарламалар мен жаңалықтар жүргіздім. Осылайша көзі қарақты көрермендер арасында таныла бастадым. Олардың ыстық ықыласына бөлендім.

 

Қазақ тілінде өз ана тіліндей сөйлейтін Юлия Кушнарева әлі күнге дейін ел аузында жүреді. Жаңалықтың жаршысы бұдан өзің жұлдыз санаудан аулақ екенін айтады.

 

– Қызметімнің арқасында көптеген азаматтармен қызметтес болдым. Өз ісінің хас шеберлерімен бірге жұмыс істегеніме мақтанамын. Қазіргі кезде мен «Хабар Агеттігі» АҚ-ның Интернет жобалар дирекциясының бас редакторы болып қызмет етемін. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Тіл білгенімнің арқасында әлі де көптеген жетістіктерге жететін шығармын деп ойлаймын.

Қазақ тілінің арқасында көптеген мемлекеттік деңгейдегі марапаттарға ие болып келеді. Оның ең басты ұстанымы – қазақ тілі үшін аянбай еңбек етіп, елінің патриоты болып қала беру.

 

– Қазіргі заман – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын заман ғой. Менің біраз таныстарым бес-алты тілді жетік меңгерген. Ал мен тек қазақ тілімен шектеліп қалған секілдімін. Соған кейде қатты өкінетінім бар. Себебі тіл үйренуге сондай мүмкіндік болып тұрған кезеңде оқымай қалып едім. Ағылшын тілінен білім деңгейім – орташа. Сондықтан оны әлі де үйреніп жүрмін. Жалпы кез келген тілді меңгеруге ешқашан кеш емес қой.

 

Қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өскен Юлия өзінің өзге ұлттың өкілі екенін тек бастауыш сыныпта оқып жүргенде білген. Айтуынша алғашында сыныптағы оқушылардың барлығы-дерлік мектеп қабырғасында қазақ тілінде, ал үйге келгенде орыс тілінде сөйлейді деп ойлаған. Тіпті Бішкек қаласындағы туыстарының үйлеріне қонақтап барғанда әрдайым оны «казашка» деп атаған.

 

Оның ана тілі – орыс тілі. Екі тілде еркін сөйлейтін Юлия Кушнарева үшінші тілді меңгеруге қос тілдің аса қатты көмегі тимегенін айтады.

 

–Қазақ тілім орыс тіліне қарағанда таза тіл. Қазақ тілінде ойлаймын әрі ойымды еркін жеткіземін. Және де қазақ тілінің грамматикалық жағынан өте сауаттымын. Ал орыс тіліне келер болсақ, сондай қатты білмеймін. Орыс тілі кішкене ағылшын тіліне жақындау келеді. Сол себепті ағылшын тілін үйрену маған қиынға түседі. Негізі ең әуелі сол түркітілдес халықтардың тілдерін үйрену керек еді. Мәселен, түрік тілін, әзірбайжан тілін баяу сөйлесе түсінуге болады, - дейді ол.

 

Өзге ұлттың өкілі болғандықтан қызықты жайттар болып тұрады дейді Юлия Кушнарева. Ол студент кезінде жұртпен «Аты-жөнім – Бибігүл Қазақбаева» деп танысатын.

 

– Қызықты жайттардың бірі 1 курста оқып жүргенде болды. Сол курста бүкіл қазақ балаларының арасында жалғыз орыс мен едім. Дәрісті бастамас бұрын оқытушымыз барлығымызды тізім бойынша тексеретін. Ал мені болса, міндетті түрде алыстан танып отырушы еді. Әрине, мен құжаттағы аты-жөнім бойынша Юлия Кушнарева болып жүрдім. Алайда кейде группаластарым тарапынан «Сен кімсің?», «Қайдан боласың?», «Тілді қалай үйрендің?» деген секілді көптеген сауалдар туындайтын.

 

Осындай түрлі сұрақтардан бойын аулақ ұстау үшін кейде ол аты-жөнін жасырып, айналасындағы адамдарға түрлі эксперименттер жасаған екен.

 

– Өзімді өзгелерге «Бибігүл» деп таныстыратын болдым. «Мен көршілес Ресейдің қазағы боламын. Ал фамилиям – Қазақбаева» дейтінмін. Бір күні Алматыдағы 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта келе жатқанда «Бибігүл, Бибігүл» деген дауыс естіледі. Ал менің болса, ойымда ештеме жоқ. «Бибігүл» екенім ойымнан мүлдем шығып кеткен. Бір уақытта бір кісілердің дауыстары мен аяқтарының жүгірген адымдары одан сайын қаттырақ естіле бастады, - деп еске түсірді ол.

 

Сөйтсе, бұл Юлия Кушнареваның бірнеше күн бұрын «Бибігүл Қазақбаева» болып танысқан группаласының сыныптастары екен.

 

– Бір кезде екі-үш жігіт жүгіріп келіп, «Бибігүл» деп мені артымнан қағады. Ал біреуі болса, «Сен неге естімейсің? Біз көшенің басынан айғайлап келе жатырмыз ғой...» дейді. «Бүкіл ойым сабақта болатын. Сондықтан сіздерді естімей қалыппын» деп шамам келгенше ақталып жатқанда қасымыздан өтіп бара жатқан группаластарымның бірі «Сәлем, Юлия. Қалың қалай?» демесі бар ма? Сол кезде ана жігіттердің алдында бүкіл шындығым ашылып, кәдімгідей ұялғаным бар, - деп еске түсірді журналист.

 

Кей таныстары шын есімін естігенде қатты ренжіген кездері болған.

 

– Бұрын студент кезімде автобус ішінде қазақша сөйлегенде жолаушылар таңырқай қарайтын. Ал қазіргі кезде бұл – таңғалатын жайт емес. Керісінше өзге ұлт өкілдері қазақша сайрап тұрса, «Жарайсың» деп жақсы қабылдау қалыпты жағдай болып саналады. Мәселен, ауылдағы орыстардың бәрі дерлік қазақша сөйлейді. Ол жақта тұратын отбасылардың барлығы осы тілде бір-бірімен қарым-қатынас ұстайды. Яғни егде жастағы екі орыс ұлтының өкілі бір-бірімен қазақша сөйлеп тұрса, сырттарынан байқағандар оған ерекше ықылас танытып жатады. Жалпы қазір орыстар қазақша сөйлейтін дәуір болды, - дейді ол.

 

Жалпы кез келген тілді меңгеру үшін әуелі сол тілде сөйлейтін орта қажет. Кейіпкеріміз Юлия Кушнарева осындай пікірді ұстанады.

 

– Әлбетте, тіл орталықтарының да көмегі бар. Бірақ олар тек қана грамматиканы үйретеді. Олар сол грамматика арқылы сөйлеуді де үйретеді емес пе? Бірақ ілгеріде айтқанымдай тұрақты ортаның болуы – өте маңызды. Мәселен, достардан болмаса көршілерден құралған сондай орта қалыптасса, тілдік орта қалыптасады. Нәтижесінде адамның тіл үйренуіне мүмкіндігі ашылады.

 

Адамда қандай да бір дүниеге қажеттілік туындаса әрі табанды болса, алынбайтын асу жоқ.

 

–Мәселен, мені кішкентай кезімде ата-анам не үшін қазақ бала-бақшасына және қазақ мектебіне берді? Бұл – орыс бала-бақшасының не орыс мектебінің жоқтығынан емес. Қазақы ортаға берудегі ой – сол ортаны білсін әрі жан-жақты танысы. Өзі үшін басқа әлем ашылсын деген мақсатпен берген болатын. Менің ойымша, сол қажеттілік туындаған жағдайда ғана адам өзі шешім қабылдап, сол бағытта қадам басу керек, - дейді Юлия Кушнарева.

 

Бір ерекше атап өтерлігі, кейіпкеріміздің достары мен әріптестерінің арасында қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері баршылық.

 

– Қазақ тілін ешқандай репетитордың көмегінсіз өз бетімен үйренген достарым да жетерлік. Ал кейбіреулері арнайы орталықтарға барып, тіл курстарына қатысып, достармен сөйлесіп үйренгендері де бар. Сондай-ақ қызметте де қазақ тілінде емін-еркін сөйлей алатын орыс ұлтының өкілдері бар. Олардың сөйлеген сөздерін сүйсініп сағаттап тыңдап отыруға болады.


 

Кейіпкеріміз бос уақытында кітаптар оқығанды жақсы көреді. Әсіресе ол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романын, Ілияс Есенберллиннің «Көшпенділер» трилогиясын сүйіп оқыған. Сондай-ақ ол ән тыңдағанды, табиғат аясында демалғанды, саяхат жасағанды ұнатады.

 

– Қазақтың бас ақыны Абайдың 150 жылдығы қарсаңында пәндік олимпиадаға қазақ балаларымен бірге тең дәрежеде қатысып, орын алғаным бар. Әлі есімде, сол уақытта «Абайды әжесі қалай еркелеткен? деген сауалға өзге қатысушылардан бұрын қол көтеріп, «Телқара» деп жауап берген болатынмын. Мен үшін бұл үлкен жетістік болды. Өйткені бұған мен өзімнің ізденісімнің, қызығушылығымның арқасында қолжеткіздім. Бұл менің алған үлкен сыйым деп ойлаймын.

 

Сонымен қоса, Юлия Кушнарева өзінің сүйікті жазушыларының бірі Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылығы бойынша еңбек жазған.

 

– Студент болып жүргенде Әбдіжәміл аға Нұрпейісовпен кездесіп, рухани жағынан біраз байып қалған кезім болған. Ол кезде мен жазушының «Қан мен тер» романындағы диалектизмдер деген тақырыпта ғылыми еңбек жаздым. Сол еңбекті жазу барысында Әбдіжәміл ағамен кездесіп, қатарына бірнеше сағат әңгімелескен едік. Сол жүздесуден біраз рухани байып қайтқан болатынмын. Жалпы поэзия жағынан Абайды, ал проза жағынан Әбдіжәміл ағаны ерекше сүйіп оқимын, - дейді ол.


 

Ол әсіресе қазақы мерекелердің ішінде әз-наурыз мейрамын асыға күтеді. Бұл мейрам барша жұртқа ерекше көңіл-күй сыйлайтындығымен айрықша дейді кейіпкеріміз.

 

– Бұл мейрамды бала кезімнен асыға күтуіме себеп – ызғарлы қыстан кейін көктем мезгілінің жадырап шығуы. Әлі есімде, ауылда наурыз көже әзірлеп, бауырсақ дайындап, ет асамыз. Сосын үлкен дастархан басында барлық жиналған қонақтармен бір-бірімізге жылы тілектер айтылады. Бұл мен үшін сондай бір ыстық мереке саналады. Сонымен қоса, Ораза айт та аса бір күтетін мерекелердің ішіндегі ең қадірлі деуге болады. Осы қатарға кіретін Ораза біткеннен кейін басталатын Айт мейрамын да ерекше атап өту артық емес. Мереке қарсаңында бір-бірімізге қонаққа барып, жылы лебіздерімізді білдіреміз. Жалпы осы аталғандар менің ең сүйікті мерекелерімнің бірі болып есептеледі, - дейді Юлия Кушнарева.

 

Сондай-ақ білікті де тәжірибелі маман журналистика саласында қызмет етуді қалайтын адамның бойында келесідей қасиеттер болғаны дұрыс дейді.

 

– Менің ойымша, журналистика саласын таңдаған адамның бойында келесідей қаситтер болғаны абзал. Ең бастысы білім, алғырлық, төзімділік және түйсік керек. Сондай-ақ жігерлі болғаны дұрыс. Жоғары оқу орнын тәмамдаған мамандардың біреулері газет саласына кетсе, ендібіреулері телевидение саласына кетеді. Сондай-ақ олар сала бойынша да бөлінеді. Мәселен, біреуі саясат, біреуі экономика, біреуі мәдениет, біреуі спорт тақырыбында жазғанды ұнатады. Жалпы менің ойымша, кез келген журналист алдымен өзі қалаған салаға бетбұрғаны жөн. Кейін басқа салаларды қамтуға болады. Қазіргі күні медиа саласында білікті әрі жас мамандар өте көп. Тәжірибе бірден келмейді ғой. Барлығы да жылдар бойы жинақтан үздіксіз еңбекпен келеді. Осылайша ол жинақталып барып, кешегі маман бүгінде өз саласының хас шеберіне айналады, - дейді Юлия Кушнарева.

 

«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші кез келген адамның арманы болады. Ал біздің кейіпкеріміздің арманы – елінің тыныштығы мен отбасының амандығы.

 

Медиа саласының маманы Юлия Кушнарева алдағы уақытта осы салада қызмет етуді жоспарлап жүргендерге пайдалы кеңестерімен бөлісті.

 

– Өмірін осы саламен байланыстырғысы келетіндер ең әуелі әлемде және елімізде болып жатқан күнделікті жаңалықтардан хабардар болып отыруы қажет. Менің ойымша, телевизия саласында жұмыс істеген адамның тәжірибесі мол болады. Өйткені ол психолог, редактор, монтажер сынды және т.б. қасиеттерді бойына сіңіріп шығады.


 

Әсіресе қазіргі заманда журналист деген бесаспап болуы керек. Өзі жазып, өзі түсіріп, өзі монтаждауы қажет. Жалпы соңғы трендтегі дүниелерден хабардар болып отырғаны абзал.

 

– Өздеріңізге мәлім, қазіргі кезде әлеуметтік желілерде блогерлер саны өте көп. Олар қалай танымал? Өйткені олар өздері жазады, түсіреді, өңдейді, әуенін қояды, монтаждайды. Яғни байқағаныңыздай, бүкіл процессті бір өздері атқарады. Менің ойымша, адамда ең бастысы ынта болу керек. Ынта мен ниеті болса, барлығын жасап шығара алады. Телевидение бұл өте үлкен мектеп. Менің ойымша, сол мектептің өзі үлкен бір өмір іспеттес. Кішкентай болып кіресің, таудай болып шығасың. Мысалы, 18 жасымда кірген мен 40-тан ассам да әлі де сол телевизия саласында қызмет атқарып келемін, - дейді ол.

 

Ол көбінесе күнделікті өмірде орыс тіліне қарағанда қазақ тілін көбірек қолданады. Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта Юлия Кушнарева сынды өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылығы артып келеді.

 

– Кез келген адам қай тілді жетік білсе, сол тілге қызмет етері сөзсіз. Осы орайда мен де бұл пікірді бірінші кезекте ұстанамын. Бүгінде еліміздің мемлекеттік тілі яғни менің өз ана тілімдей болып кеткен қазақ тілін мен құрметтеймін әрі ерекше бағалаймын. Және де сол тілге қызмет ететін боламын, - деп сөзін түйіндеді Юлия Кушнарева.

 

(Суреттер Юлия Кушнареваның жеке мұрағатынан алынды)

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: