06.08.2025
12:07
690
Қазақ ағартушылары статистиканың дамуына қандай үлес қосты?

Қазақ ағартушылары статистиканың дамуына қандай үлес қосты?

Көпшілігіміз қазақтың көрнекті ойшылдары мен ағартушылары әдебиет пен мәдениет саласында ғана еңбек етті деп есептейміз. Алайда XIX–XX ғасырларда өмір сүрген көптеген қазақ зиялылары ел тағдырына қатысты түрлі деректерді жинап, ғылыми тұрғыда өңдеп, отандық статистика ілімінің негізін қалауға айрықша үлес қосты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Олар ақын, жазушы немесе педагог қана емес, сонымен бірге зерттеуші, сарапшы, аналитик ретінде де қызмет атқарды. Ұлттық статистика бюросы тарихи тұлғалардың статистика саласына қосқан еңбектеріне шолу жасады.

Абай Құнанбайұлы – халық санағына қатысқан алғашқы қазақ зиялысы

Ұлы ойшыл әрі ақын Абай Құнанбайұлы 1882 жылы Семей қаласында өткен алғашқы халық санағына қатысып, ресми түрде Семей облыстық статистика комитетінің мүшесі болды. Бұл дерек – Абайдың көркем сөзбен ғана емес, нақты дерек пен есепке де назар аударғанын көрсетеді. Комитет мүшесі ретінде ол халықтың әлеуметтік жағдайын, демографиялық құрамын, шаруашылық ахуалын зерделеуге атсалысты. Абайдың осындай қызметі оның қоғамдық өмірге, ұлт тағдырына деген жанашырлығын, әрі заманауи ғылымға деген ілтипатын көрсетеді.

Шоқан Уәлиханов – этнографиялық статистиканың негізін қалаушы

Қазақ ғылымының жарық жұлдызы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – этнограф, тарихшы, әрі саяхатшы ретінде жолжазба ғана емес, құнды статистикалық мәліметтерді де қалдырды. Оның «Қырғыздар туралы жазбалар», «Жоңғария очерктері», «Алтышар немесе Қытай провинцияларындағы алты қаланың жағдайы» сияқты еңбектерінде халық саны, ру-тайпалық құрамы, шаруашылық түрлері, көшіп-қону динамикасы, салт-дәстүрлер мен әлеуметтік құрылым туралы нақты деректер бар. Бұл жазбалар арқылы ол Орта Азия халықтарының өмірін, экономикалық құрылымын жүйелі сипаттауға тырысты.

Ыбырай Алтынсарин – ағартушы-педагог және әлеуметтік зерттеуші

Қазақ даласында тұңғыш рет мектеп ашып, оқу-ағарту ісінің негізін қалаған Ыбырай Алтынсарин де өз еңбектерінде статистикалық әдістерді қолданған. Оның ресми хаттарында, баяндамаларында және педагогикалық мұраларында оқушылар саны, мектептердің орналасуы, отбасы жағдайы, әлеуметтік теңсіздік, жер иелену мәселелері жөнінде нақты деректер келтірілген. Мәселен, Торғай уезіндегі ауылдардың ауыр тұрмыстық жағдайы мен білімге қолжетімділігін дәлелдеу үшін ол сандармен сөйлеген – бұл оның статистикалық сауатының айғағы.

Әлихан Бөкейхан – ғылыми экспедиция мүшесі

Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – тек саясаткер емес, кәсіби орманшы-статистик мамандығын меңгерген ірі ғалым. Ол Тобыл губерниясындағы статистикалық жұмыстарға белсенді араласып, Ф.А.Щербина экспедицияларында қазақ даласын зерттеген. Бұл экспедициялар кезінде ол жер пайдалану, мал шаруашылығы, халықтың күнкөріс деңгейі туралы кең көлемді деректерді жинап, өңдеген.

1904 жылы жарық көрген «Далалы өлкедегі қой шаруашылығы» атты еңбегі – қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын ғылыми тұрғыда сипаттаған тұңғыш зерттеулердің бірі. Онда кестелер, графиктер, картограммалар арқылы халықтың мал саны, табыс көлемі, өмір сүру деңгейі жан-жақты баяндалған. Ол бір еңбегінде былай дейді:

«Бір қазақ шаңырағында орта есеппен 5,75 адамнан келеді. Ауқатты 8 топтан тұратын қазақ отбасының ең кедейінде 0,86 мал басы болса, ең байында – 34,75 мал басы. Қазақ шаруалары қоныс аударған шаруаларға қарағанда екі есе аз нан жеп, ал етті алты есе артық тұтынады».

Бұл мәліметтер – сол кезеңдегі қазақ қоғамының әлеуметтік жіктелуі мен өмір салтының нақты көрінісі.

Қазақ зиялылары статистикаға дерек жинау құралы ретінде емес, ұлт тағдырын, әлеуметтік әділеттілікті дәлелдеудің құралы ретінде қарады. Олардың ғылыми-практикалық еңбектері бүгінгі күні тарихи, экономикалық және демографиялық зерттеулер үшін баға жетпес мұра. Бұл деректер қазақ даласындағы қоғамдық ойдың, ұлттың болашағына алаңдаушылықтың және ғылымға деген ықыластың жарқын дәлелі.