01.03.2026
09:17
355
Қаза болған Иран көшбасшысы Әли Хаменеи деген кім?

Қаза болған Иран көшбасшысы Әли Хаменеи деген кім?

Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары елдің жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеинің қаза тапқанын ресми түрде растады, деп хабарлайды El.kz DW-ге сілтеме жасап.

Мәліметтерге сәйкес, ол АҚШ пен Израиль жүргізген әскери операция салдарынан мерт болған.

Бұл ақпаратты 1 наурыз күні таңертең Иранның Tasnim, IRNA, ISNA, Mehr және Fars сияқты жетекші мемлекеттік агенттіктері бір мезгілде жариялады. Аталған хабарламалар ел ішінде де, халықаралық деңгейде де үлкен резонанс тудырды.

Иран үкіметі Хаменеи қайтыс болуына байланысты 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жариялады. Сонымен қатар, елде 7 күн ұлттық демалыс күндері деп белгіленіп, мемлекеттік мекемелер мен бірқатар ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылатыны хабарланды.

Еске салсақ, Әли Хаменеи Ислам Республикасын соңғы 36 жыл бойы басқарған және елдің саяси жүйесінде шешуші рөл атқарған тұлға саналады. Оның басшылығы кезеңінде Иранның ішкі және сыртқы саясаты, соның ішінде ядролық бағдарлама мен аймақтық ықпалы айтарлықтай күшейді.

Сарапшылардың пікірінше, жоғарғы көшбасшының қазасы Иранның саяси құрылымына, Таяу Шығыстағы күштер тепе-теңдігіне және халықаралық қатынастарға елеулі әсер етуі мүмкін. Қазіргі таңда ел ішінде билік транзитіне қатысты ықтимал сценарийлер талқыланып жатыр.

Бұған дейін Иранның қорғаныс министрі Әзиз Насирзаде мен Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Мохаммад Пакпур Израильдің шабуылдары салдарынан қаза тапты болуы мүмкін деген ақпараттар тараған еді.

Аятолла Әли Хаменеидің өмірбаяны мен саяси қызметі жайында

Әли Хаменеидің толық есімі – Сейед Әли Хосейни Хаменеи. Ол – Иранның діни қайраткері және саясаткері, 1989 жылдан бері Иранның жоғарғы көсемі.

Балалық шағы мен отбасы

1939 жылы 19 сәуірде Мешхед қаласында дүниеге келген. Ислам теологы Сейед Джавад Хоссейн Хаменеи мен Хадидже Мирдамадидің отбасындағы сегіз баланың екіншісі. Әкесі – этникалық әзербайжан, аятолла лауазымына ие болған. Отбасы бір бөлмелі шағын үйде қарапайым өмір сүрген.

Хаменеидің балалық шағында Иранды Пехлеви әулеті басқарды. Олар мемлекетті вестернизациялауға (батыстандыруға) тырысып, дінбасылардың ықпалын әлсірету үшін репрессиялар жүргізді.

Білімі және революциялық жолы

Әли Хаменеи Мешхедтегі ислам мектебінде білім алды. 13 жасында ислам белсендісі Навваб Сефевидің сөзін тыңдап, революциялық идеяларға қызығушылығы оянған.

1957 жылы Ирактың Эн-Наджаф қаласына оқуға бармақ болды, бірақ әкесінің келісімі болмағандықтан, Құм қаласына оралып, болашақ көсем Рухолла Хомейнидің шәкірті болды.

1963 жылы Хомейнидің идеяларын таратқаны үшін алғаш рет тұтқындалды. Кейіннен шах режиміне қарсы әрекеттері үшін бірнеше рет түрмеге жабылып, айдауға жіберілді.

1975 жылы мемлекеттік қауіпсіздік түрмесінде азаптауға ұшырағанын еске алады.

Ислам революциясы және билікке келу

1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Хаменеи Ислам республикалық партиясының негізін қалаушылардың бірі болды.

Жаңа тәртіп бойынша Иранда теократиялық жүйе орнап, әйелдерге хиджаб кию міндеттелді, алкогольге тыйым салынды.

Ол кезде Хаменеи Ислам революциясы сақшылар корпусын (ИРСК) құруға қатысты, қорғаныс министрінің орынбасары және Меджлис депутаты болды.

Президенттік кезең (1981-1989)

1981 жылы мешіттегі теракт кезінде жараланып, оң қолы жартылай сал болып қалды. Содан кейін өткен сайлауда 95% дауыспен президент болып сайланды. Оның тұсында президенттік қызмет көбіне салтанатты сипатта болды, ал атқарушы билік премьер-министр Мир-Хосейн Мусавидің қолында еді. Олардың арасында жиі келіспеушіліктер туындап тұрды.

Жоғарғы көсем лауазымында (1989 жылдан бастап)

1989 жылы Рухолла Хомейни қайтыс болған соң, Хаменеи Иранның жоғарғы көсемі болып тағайындалды. Ол үшін Конституцияға өзгерістер енгізіліп, бұл лауазымға қойылатын талаптар жеңілдетілді.

Халықаралық қатынастар

АҚШ: Хаменеи АҚШ-ты «бүкіл адамзатқа қарсы тиранияның символы» деп атады. 2020 жылы генерал Касем Сүлеймани өлтірілгеннен кейін қарым-қатынас тіпті ушықты.

Израиль: Ол Израильді заңсыз басқыншы режим деп санайды. 2024 жылы Иран мен Израиль бір-бірін зымырандармен атқылады.

Ядролық бағдарлама: Хаменеидің тұсында Иран ядролық бағдарламасын дамытуды жалғастырды. Ол ислам діні ядролық қаруға тыйым салады деген пәтуа шығарғанымен, Батыс елдері Иранды құпия түрде қару жасап жатыр деп айыптауда.

Ішкі дағдарыстар мен наразылықтар

Хаменеи билігі кезінде Иранда бірнеше ірі наразылық толқыны өтті:

2009 жыл («Жасыл революция»): Сайлау нәтижесіне наразылық.

2017-2020 жылдар: Экономикалық жағдай мен жанармай бағасының өсуіне байланысты наразылықтар.

2022 жыл: Махса Аминидің полицияда қайтыс болуынан кейінгі жаппай толқулар.

2025-2026 жылдардағы оқиғалар және қазасы жайлы хабарлар

2025 жылдың соңында Иранда терең экономикалық дағдарыс пен риалдың құнсыздануынан жаңа протесттер басталды. 2026 жылғы 8 қаңтарда елде интернет толық дерлік өшірілді.

2026 жылғы 28 ақпан: АҚШ пен Израиль Ирандағы 30-ға жуық нысанға, соның ішінде Хаменеидің резиденциясы орналасқан ауданға соққы берді.

1 наурыз (түнгі уақыт): АҚШ президенті Дональд Трамп Хаменеидің қайтыс болғанын жариялады.

Израильдік ақпарат көздері де аятолланың денесі табылғанын хабарлады, бірақ оның Х (Twitter) аккаунтында жұмбақ жазба пайда болды.

Жеке өмірі мен байлығы

1964 жылдан бері Мансура Ходжасте Багерзадемен некеде, 6 баласы бар. Оның ұлы Моджтаба әкесінің мұрагері болуы мүмкін деп есептеледі.
Хаменеи Setad деп аталатын, құны шамамен 95 миллиард долларға бағаланған (2013 жылғы дерек) алып бизнес-империяны бақылайды.