20.08.2025
21:10
469
Қайырымдылық қорлар жасөспірімдерді жұмысқа тартып, 340 млн теңге жинаған

Қайырымдылық қорлар жасөспірімдерді жұмысқа тартып, 340 млн теңге жинаған

Астанада жасөспірімдерді пайдаланып, қоғамдық орындарда заңсыз ақша жинау деректері тіркелді. Аталған жайт қала прокуратурасының үйлестіруімен саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық көліктерде және көшелерде жүргізілген рейд кезінде анықталған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Барлығы 8 кәмелетке толмаған (2008–2010 ж.т.) жасөспірім анықталған. Ешқандай шарт жасалмастан, 3 қайырымдылық қоры оларды волонтер ретінде тартқан (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабының 3-бөлігін бұзу).

Аталған қорлар «қайырымдылық» деген желеумен өзге мақсаттарға шамамен 340 млн теңге жинаған.

Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс аясында кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекетке тартқаны үшін қордың лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне бөлек құқықтық баға берілетін болады,-делінген прокуратура мәліметінде.

Осы ретте қадағалаушы орган кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылыққа тарту қылмыстық жауапкершілікке (Қылмыстық кодекстің 132-бабы) әкелетінін атап өтті.Бұдан бөлек, Еңбек кодексінің 31-бабында кәмелетке толмағандарға ерекше еңбек шарттары қарастырылған. 16 жастан бастап еңбек шарты міндетті түрде жасалуы тиіс, ал 14 жастан бастап ол заңды өкілінің келісімімен ғана рәсімделе алады. Аталған талаптарды бұзған жұмыс берушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.