15.03.2026
12:28
297

Қайықпен, парапланмен, атпен және ретрокөлікпен: қазақстандықтар референдумға ерекше келді

Референдум күні ел өңірлерінде ерекше сәттер көп болды, деп хабарлайды El.kz.

Республикалық референдум күні Қазақстанның түрлі өңірлерінде дауыс беру учаскелеріне ерекше түрде келген азаматтар көпшіліктің назарын аударды. Олардың бастамалары әлеуметтік желілерде кең таралып, қоғамда қызу талқыланды.

Маңғыстау облысында жас жұбайлар референдум учаскесіне катермен келіп, көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Жұптың бұл қадамы дауыс беру күніндегі есте қаларлық сәттердің біріне айналды. Түсірілген бейнелер әлеуметтік желілерде жылдам таралып, қолданушылар арасында кеңінен талқыланды.

Ал Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында парапланер спортымен айналысатын Николай референдумға парапланмен ұшып келді. Ол №42 мектепте орналасқан учаскеге қонып, дауыс берді. Экстремал спорт әуесқойының айтуынша, референдумға қатысу – әр азаматтың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды қадам.

Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында да өзгеше көрініс байқалды. Аудандық мәдениет үйіндегі №123 референдум учаскесіне “Алтын адам” бейнесінде келген азамат көпшіліктің назарын аударды. Бұл образда дауыс берген – Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің Жастар драма театрының актері әрі режиссері Жарқын Барақбаев. Оның айтуынша, Алтын адам – ел тәуелсіздігінің символы әрі Еңбекшіқазақ ауданы үшін ерекше тарихи мұра. Сондықтан ол азаматтық ұстанымын білдіру үшін дауыс беруге осы бейнеде келуді жөн көрген.

Ал Қонаев қаласында референдум күні ретроавтокөліктердің автошеруі ұйымдастырылды. Акцияға қатысушылар дауыс беру учаскелеріне көне көліктермен келіп, ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаға бейжай қарамайтынын көрсетті. Шерудің бастамашысы – Қонаев қаласының құрметті азаматы, меценат Мұрат Сергебаев.

Қаланың орталық көшелерімен өткен ретроавтокөліктер колоннасы тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды. Көпшілік сирек кездесетін көліктерді тамашалап, суретке түсіп, әсерлерімен бөлісті. Мұрат Сергебаевтың өзі де тіркелген учаскеге барып, дауыс берді.

Оның айтуынша, тұрақтылық пен заң үстемдігі елдегі бизнестің дамуына тікелей әсер етеді, сондықтан қоғам үшін маңызды шешімдер қабылданатын сәтте азаматтардың белсенділігі аса маңызды.