Қайта құрылған Марқакөлдің қазіргі жағдайы қалай?

11 Қараша, 16:00 422

Шекара түбіндегі Марқакөл ауданында қордаланған мәселе көп. Ауызсу, жол, сапалы медициналық қызмет, жұмыссыздық, интернет пен ұялы байланыс сияқты түйткілдердің түйіні шешілмей келе жатқанына жиырма жылдан асты. Ең қиыны – демографиялық ахуал. Халықтың қалаға үдере көшуі әлі де тоқтар емес. Шағын ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Президент пәрменімен биыл қайта құрылған Марқакөл өңірінде бар-жоғы жеті жарым мың адам қалған. Еліміздегі халқы ең аз ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен El.kz тілшісі танысып қайтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шекаралық аудандардың мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент:

Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. Amanat партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым, – деген еді.

Артынша аталған аудандар құрылып, стратегиялық маңызы бар міндеттер қолға алынды. Үкімет пен облыс әкімдеріне тұрмысы тұралаған шалғайдағы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын оңалту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ былтыр Президент Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевты қабылдағанда жүктеген негізгі міндеттердің бірі осы шекаралық аудандарды жүйелі дамыту болды. Содан бері бір жыл өтті. Қытаймен іргелес Марқакөлде не өзгерді? Елдің шетінде, желдің өтінде өмір сүріп жатқан шалғайдағы ағайынның шаруасын түзеп, тұрмысын жақсарту үшін не істелді? Жылдар бойы жиналған проблемалардың күрмеуі тарқатылды ма? Көптің көкейіндегі осы сұрақтарға жауап іздеп Марқа өңіріне сапарлап қайттық. Көргеніміз, көңілге түйгеніміз көп.

«Ертіс» пен «Күршім» соңғы рейске шықты

Облыс орталығы – Өскеменнен таң сәріде қозғалдық. Ұлан мен Самар аудандарының көз арбаған көркем табиғатын тамашалап келе жатып паромға қалай тез жеткенімізді аңғармай қалдық. Бұл күні өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері халыққа қалтқысыз қызмет еткен «Ертіс» пен «Күршім» паромдары соңғы рейстеріне шығыпты. Енді аталған екі паромның жолаушы тасымалына қажеті болмайды, өйткені Бұқтырма су қоймасының (Ертіс өзеніі) үстіне халық күткен көпір түсті. Айтпақшы, шекаралық аудандардың дамуына Президент тапсырмасымен салынған Күршім көпірінің пайдасы зор болмақ.

Бірер күнде көпіріміз ашылады. Қуаныштымыз әрине. Президентке рахмет. Көпірдің зары біз сияқты қарапайым халыққа әбден өтті. Әсіресе, көктем мен күзде, мұз жұқа кезде айналма жолмен ұзақ жүреміз. Жазда паромдардың бірі бұзылып қалғанда жағалауда ұзын-сонар кезек. Осындай қиыншылықтарды бастан кешірдік. Қаншама адам мұз жарылып, су түбіне кетті. Қаншама техника суға батты. Енді көпіріміз салынып, көңіліміз жайланды. Дегенмен паромды да қимаймыз. Ес білгелі осы пароммен жүріп келеміз. Алпыс жылдай көліктерді ары-бері өткізіп, адал қызмет көрсетті. Осы жылдар ішінде бұл екі паром біздің ерекшелігімізге, Шығыстың, оның ішінде Күршімнің бір символына айналды. Қимастық сезімі бар әрине, – деді күршімдік Райкамал Жұмағалиқызы «Ертіс» паромының үшінші қабатынан алысқа көз тастап тұрып.

Дегенмен күршімдіктер мәз. Көптен күткен көпірдің үстімен зулап өтер күн жақындаған сайын кеуделерін қуаныш кернеп, тарихи сәтті тағатсыздана күтуде. «Ертіске» мінген жолаушылардың әңгімесінен осыны байқадық. «Бұрын бір жағалаудан екіншісіне жету үшін паромда қырық минут уақыт жоғалтсақ, енді көпірмен екі минутта өте шығады екенбіз» деп дүрілдеп жатты олар...

Қазақстан халқы көшіп жатыр

Жол. Ұзақ жол. Күршім ауданының орталығынан Марқакөлге дейін 200 шақырымды артқа тастау керек. Бұрын ойдым-ойдым болып жататын Күршім-Қалжыр трассасы жөнделіпті. Шұрық-шұрық тесіктер жамалып, кейбір жол бөлігінде асфальт жабыны тұтас жаңартылған. Жеңіл көлікпен жүйткіп отырдық. Жолдың қос қапталында жұтаң тартқан жұпыны ауылдар кезек-кезек көріне бастады. Басқаларына қарағанда Қалжыр мен Боранның жағдайы жақсырақ екен. Ал Қазақстан, Былғары Табыты, Жиделі және тау қойнауындағы Қарой, Қарашілік, Қайнарлы, Ақбұлақ қатарлы ауылдардың ахуалы керемет деуге келмейді. Көшкен ел, қаңыраған ауылдар. Ал түкпірдегі Шанағаты, Балықтыбұлақ, Төсқайың, Аққайнар, Ұрынхай жаққа жете алмадық. Жолы жаман әрі ұзақ. Күздің жауын-шашынында ол жаққа жету тіпті қиындап кетеді екен.

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Бұрын Қазақстан ауылында сексеннен астам түтін болған, қазір соның тең жартысы ғана қалды. Егер жағдай түзелмесе адам қалмайтын түрі бар деп уайымдайды ауылдың байырғы тұрғыны Сәбит Мұқашев.

Ауданымыз ашылды деп жатырмыз, бірақ көп өзгеріс бола қойған жоқ әзірге. Көшкеніміз көйбейді. Былтырдың өзінде үш отбасы кетті. Тоғыз сыныптық мектебіміз бар. Онда да бала саны азайып барады. Бүйте берсе жабылып қала ма деп қорқамыз. Егер мектеп жабылса онда ауыл түгел көшіп кететін шығар. Қазір мал ұстаудың өзі оңайға соқпай тұр. Оның жем-шөбі, күтімі және басқа да қажеттіліктері бар дегендей. Ал баққан малыңды лайықты бағаға саудалай алсаң жақсы. Оған қайдан, малды сойып сату үшін Қалжырға барып анықтама алу керек. Ауылда мал соятын алаң да жоқ. Сондықтан келген алыпсатарларға сұраған бағасына беріп қоя береміз, – дейді ол.

Ветеринарлық талаптарға сәйкес малды сойып сату үшін әр елді мекенде мал соятын алаң немесе қасапхана болуы керек. Ал Қазақстанда қасапхана да, алаң да жоқ.

Ауыл тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе егістік пен шабындыққа су жеткізетін каналдың 10 жылдан астам уақыттан бері тазаланбауы. Шөп басып, топырақ пен қоқысқа толып қалған арнамен су жүгірмейді. Кеңес заманында совхоздың қарауында болған канал қазір жеке ұйымдардың меншігінде. Олар өз күшімен шама-шарқынша тазалағанмен арнаны толық аршуға мүмкіндігі жетпейді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе дейді тұрғындар.

Совхоз кезінде Қарақия деген жерде мың гектардан астам егістік алқабы болатын. Күнбағыс өсірді, бау-бақша салды. Соның бәріне суды осы каналмен жеткізетін. Қазір каналдың арнасы біттеліп, топырақ үйіліп, шөп басып жатыр. Өкімет қолға алмаса жеке шаруашылықтардың шамасы жетпей тұр, – дейді Сәбит Мұқашев.

Қазақстан ауылында бірнеше жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауызсу құбыры тартылған. Көшелерге құдықтар да орнатылған. Бірақ олардың ешқайсында су жоқ.

Құбыр тартылып, құдықтар қойылды. Қағаз жүзінде бар, шындығында жоқ. Әлі күнге суды көрмедік. Әркім өз үйінің алдына Өскеменнен су шығаратындарды шақыртып, ұңғыма қаздырып алған. Метрі 30 мың теңгеден. Қазғаны бар, сорғысы мен құбыры бар жалпы сомасы 200 мыңнан астам теңге кетті, – дейді тағы бір ауыл тұрғыны Ринат Амангелдіұлы.

Ауызсу мәселесі аудан орталығы Марқакөлде де бар. Жергілікті тұрғын Абзал Мұхаметжанов аудан орталығының халқы неше жылдан бері лай су ішіп отырғанын айтады.

Бұл ауылда өмірбақи жыр болып келе жатқан проблема бар, ол – ауызсу. Жоғарғы жақтағы Орта Теректі өзенінің басында Тентек деген ферма болған. Соның 30-40 жыл бойғы фермадан шыққан көң-қоқысы судың жағасында жатыр. Халық сарысу ішіп отыр. Көктемде өзеннің суы қара шай сияқты болып ағады. Ал құбырмен келетін судың ішінен құрт шығады, – дейді марқакөлдік ардагер журналист Абзалбек Мұхаметжанов.

Қарт журналистің айтуынша, шекара маңындағы халықтың атамекенін тастап қопарыла көшуіне бірінші кезекте жұмыссыздық, жол, ауызсу, интернет пен ұялы байланыс сияқты қажеттіліктер түрткі болса керек. Сондай-ақ басы ауырып, балтыры сыздаған адамдарға сапалы қызмет көрсетіп, ем-дом жасайтын аудан орталығындағы аурухананың да жағдайы мәз емес. Сырқаттанған жұрт ат арытып Күршімге немесе одан ары 400 шақырым жердегі Өскеменге баруға мәжбүр.  

Ауылда мектеп жоқ, медициналық пункт жабылған. Ауырып-сырқасақ қалаға барамыз. Мұнда алты-жеті үй ғана қалды, малмен жансақтайды. Жастар тұрақтамайды. Жұмыс жоқ. Интернет те, ұялы байланыс та тартылмаған. Мобильді байланыс мұнарасын орнатып кеткен, бірақ әлі қосқан жоқ. Алдымен Қарой және Қайнарлы ауылдарын қосады деген. Әзірге біз «қытай интернетін» пайдалана тұрамыз, – деді аты-жөнін атамауды өтінген Былғары Табыты ауылының тұрғыны.

Шалғайдағы ауылдардан халықтың көшіп кетіп жатқанының себебі көп екенін айтады демограф Аяулым Сағынбаева. Сарапшының пікірінше, бұл үдерісті тежеу қиын.

Халықтың ауылды жерден көшуі Марқакөлде ғана емес, Шығыс Қазақстан облысының барлық өңірінде байқалады. Өйткені ауылға барсаңыз көресіз, ол жақта жұмыс істейтін жер тек мектеп, аурухана және әкімдік. Жастарға жағдай жасалмаған, бос уақытты тиімді әрі қызықты өткізетін орындар жоқ. Жұмыс орны жоқ, жалақы жоқ, инфрақұрылым жоқ. Сондықтан көшеді халық. Оны тоқтату мүмкін емес. Көшіп жатқандар еңбекке жарамды жастар ғой. Соның салдарынан қартаю деңгейі өсіп, бала туу көрсеткіші төмендейді. Жағдайды оңалтамыз десек ең әуелі әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті жою керек. Әрине, адамдардың көшуі еліміздің экономикасына, ұлттық қауіпсіздігіне кері әсер етеді, – дейді дмограф.

Мемлекет халық саны азайып бара жатқан еліміздің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарына жұмыс күші артық оңтүстік өңірден отбасыларды көшіру мақсатында 2017 жылы “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасын бастады. Бағдарлама аясында 2017-2022 жылдары бюджеттен 11 790 305 млн теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ 2023-2025 жылдарға қазынадан тағы 32,1 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 2023 жылға - 10,1 млрд теңге, 2024 жылға - 10,7 млрд теңге, 2025 жылға - 11,3 млрд теңге. Алайда бағдарламаның нәтижесі көңіл көншітпей тұр.

«Еңбек» бағдарламасы арқылы оңтүстік өңірден Шығыс Қазақстанға қоныс аударғандар бар. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілген. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының хабарлауында, былтыр өңірге ат басын байлаған 67 отбасына ұтқырлық сертификаты берілген.

Жалпы облысқа былтыр жиыны 305 адам қоныс аударған екен. Олардың дені Алматы мен Түркістан облыстарынан келген. Марқакөл ауданына кейінгі екі жылда оңтүстік өңірден алпыстан астан адам көшіп келген. Мұның өзі аз дейді туған жерін адамға толтыра алмай жанталасып жүрген елжанды азамат Бауыржан Жауғашаров. Ол алдағы уақытта бағдарламаны дамытып, қосымша жеңілдіктер қарастырылса деген ұсыныс айтты.

Бұл көшті тоқтатпаймыз деп ойлаймыз. Өйткені қоғам, бизнес және билік тарапынан қолдау бар. Ұсыныс ретінде айта кетсем, Марқакөлдің ауылдарында бос тұрған үйлер көп. Қоныс аударушыларға беру үшін сол үйлерді жөндеп, қайта қалпына келтіруге мемлекет қолдау көрсетсе.  Екіншіден, “Ауыл аманаты” бағдарламасына қатысуға мүмкіндік туғызып, жеңілдіктер берілсе, “Дипломмен ауылға” бағдарламасы кеңінен қолданылса. Сондай-ақ “Отбасы” банкінің “Асыл мекен” бағдарламасын кәдеге жаратуды көздеп отырмыз, – дейді бүгінде Өскеменде тұратын кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров.  

«Қытай интернетінің» қызығын көріп отыр

«Қытай интернеті» дегенді естігенде елең ете қалдық. Мән-жайды сұрасақ, жағдай былай екен. Шекараға жақын жатқан Марқакөл ауданының Былғары Табыты ауылы Шығыс Қазақстандағы «қытай интернетін» игіліктеніп отырған жалғыз елді мекен көрінеді. Мұнда қазақстандық интернет пен ұялы байланыс жеткен жоқ. Есесіне, шекарадан асып келіп жатқан көрші елдің интернеті істеп тұр. Ол үшін тұрғындар «Билайннің» арнайы тарифіне 3 мың теңге төлеп қосылады. Содан кейін қалтафонға хабарлама (смс) келеді. Хабарламаны басқанда бірнеше байланыс операторының тізімі шығады. Солардың ішінен қытайлық компанияны таңдау керек. Бар болғаны осы. Жоғары жылдамдықтағы интернет қосылады.

Біз Былғары Табытыға таяғанда ұялы телефонға «Қытайға қош келдіңіз!» деген хабарлама келді. Мұндай хабарлама шекараға жақындаған адамның бәрінің қалтафонына түседі екен. Егер сол сәтте телефонжа мобильді интернет қосулы тұрса немесе келген хабарламаны басып қалсаңыз теңгерімдегі теңгелер сол сәтте шығындалады. Сондықтан білетіндер Былғары Табытыға жете бергенде телефондарын сөндіріп қояды екен.

Бастапқы кезде біртүрлі еді. Қазір үйреніп алдық. Дегенмен Қазақстанда тұрып «Қытайға қош келдіңіз!» деген хабарлама алу әрине жағымсыз әсер етеді. Ауылға келген қонақтар да айтады мұны, – дейді тағы бір ауыл тұрғыны.

Шекаралық аудандарды аралаған кезде Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров мұндай мәселе бар екеніне көз жеткізген. Әлгі хабарлама депутаттың телефонына да түскен.

Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл аудандарына барғанда ұялы телефонға «Қытайға қош келдіңіз!» деген хабарлама келеді. Бұл жергілікті халыққа моральдық-психологиялық тұрғыда өте жаман әсер етеді, – деген депутат Саиров жауапты министрліктен бұл мәселеге назар аударуды сұраған.

Алайда одан бері біршама уақыт өтсе де мәселе шешімін таппады. Хабарлама әлі келеді. Ал жергілікті билік көп ұзамай ауданның барлық елді мекендеріне ұялы байланыс пен интернет тартылатынын айтады.

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Иә, шалғай ауылдарда интернет нашар. Бірақ жақсы жаңалығымыз бар. Ауылдың 19 мектебіне түгел Starlink спутник желісі арқылы интернетке қосылды. Енді шағын елді мекендерді ғаламтормен қамтуға көштік. Жуықта ғана Қарой ауылына интернет жетті. Шанағаты мен Балықтыбұлаққа ұялы байланыспен қамтитын антенна-діңгек құрылғысы орнатылды. Келесі кезекте Игілік пен Шеңгелді ауылдары тұр. Жалпы жоспар бойынша алдағы үш жылда ауданның барлық шағын ауылдарында ұялы байланыс пен интернет болады, – деді Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешев.

Оның айтуынша, қайта құрылып жатқан ауданды аяққа тұрғызу үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр.

Мемлекеттен қолдау бар. Қаражат бөлініп, штаттар құрылып жатыр. Кадр тапшылығын шешу үшін мамандарға конкурс жариялап қойдық. Келген қызметкерлерге баспана беруді қолға алдық. Айталық, биыл «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы арқылы қоспәтерлі 10 салынды.

Тұралаған ауданды туризммен түлетпек

Құрылып жатқан мекемелерді орналастыру үшін ескі ғимараттарды жөндеуге кірістік. Күн демей, түн демей, демалысқа қарамай жұмыс жүріп жатырмыз. Ұзақ жылдар бойы қордаланған ауызсу, жол, жұмыссыздық, интернетпен қамту сияқты мәселелерді біртіндеп шеше бастадық, — деп қосты Рүстембек Кемешев.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, қайта құрылған ауданның мемлекеттік органдарын орналастыру үшін әлеуметтік нысандар мен әкімшілік ғимараттарды күрделі жөндеуге Үкімет резервінен 1,8 млрд теңге бөлініп, игеріліп жатыр.

Жалпы, кейінгі бес жылда Марқакөл ауданына 33 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты және 24 млрд. теңге жеке инвестиция бөлінгенін айта кету ләзім.

Облыс билігі Марқакөлде туризм саласын дамытуда көздейді. Болашақта аудан орталығынан әйгілі Марқакөл көліне дейінгі 60 шақырым жолға жөндеу жүргізу жоспарланған. Сол сияқты қонақ үйлер, жол бойындағы сервистер, санитарлық-гигиеналық тораптар, инфрақұрылым жақсартылмақ.

Тиісті басқарма аудан әкімдігімен бірлесіп Марқакөлдің туристік кластерін дамытудың мастер-жоспарын әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізсін.  Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін Ұранхай ауылынан Өскемен – Рахман қайнары жолына дейін «Ескіаустриялық» жолын салу үшін босалқы жерге ауыстыру мәселесі шешіліп жатыр, –  деген биыл жазда аудан халқымен кездескенде облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Бөлініп жатқан қаржыға, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан тұралаған ауданды аяққа тұрғызу оңайға соқпай тұр. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, Марқа өңірінің бұлайша тоқырауына кезінде аудан мәртебесінен айырылып, Күршім ауданының құрамына қосылуы кесірін тигізгендей. Айталық, 1997 жылы Марқакөл ауданында 25 мыңдай халық бар еді. Мектептер балаға толып, кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған. Күршімге қосылған соң ауылдан адамдар жаппай көше бастады. Жұмыс орындары жабылып, мекемелердің шаруасы шатқаяқтады. Адам азайған соң кәсіп жүргізу, шаруашылық ашу тиімсіз болды. Қазір ауданда бар-жоғы жеті жарым мың ғана адам қалды. Қыста қалың қармен, жазда маса-шіркеймен алысып шаршаған тұрғындар өркениеттен жырақ қалған кіндік жұртын тастап көшейін десе қимайды, ал отыра берейін десе тұрмыс тауқыметі әбден қажытқан. “Шекара түбіндегі ауылдардың болашағы қалай болар екен?” деген алаң ойдың құшағында біз де Өскеменге қайттық.

Қуан Сейіт
Бөлісу: