03.09.2025
09:50
631
«Қайраттың» қарсыласы 167,5 млн еуроға ойыншылар сатып алды

«Қайраттың» қарсыласы 167,5 млн еуроға ойыншылар сатып алды

1 қыркүйектен 2 қыркүйекке қараған түні Еуропаның жетекші лигаларында жазғы трансферлік терезе жабылды. Чемпиондар лигасында «Қайратпен» жолығатын мадридтік «Реал» жаңа ойыншыларға 167,5 млн еуро жұмсады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Алматыдағы «Қайрат» – «Реал» матчы 30 қыркүйекте өтеді.

Мадридтіктердің ең қымбат трансфері – ағылшынның «Борнмут» клубынан келген қорғаушы Дин Хейсен. Бұл ойыншы үшін «Реал» 62,5 млн еуро төлеген. Бар болғаны 18 жастағы жас талант Примерада үш ойын өткізіп үлгерді және бір ескерту қағазын (сары қағаз) алған.

Айта кетейік, «Реал» Испания чемпионатын сәтті бастады: «Мальорканы» (2:1), «Осасунаны» (1:0) өз алаңында ұтып, сырт алаңда «Овьедоны» (3:0) ойсырата жеңді.

Жаңа ойыншылардың қатарында Хейсенмен бірге испаниялық Альваро Каррерас, аргентиналық Франко Мастантуоно және ағылшын Трент Александер-Арнольд та үш матчтан ойнап шықты.

Жалпы, жазғы трансфер қорытындысында «Реал» 165,5 млн еуроға шығындалған. Себебі клуб тек «Эльчеге» Альваро Родригесті 2 млн еуроға сатты. Ал Лука Модрич, Жесус Рейньер, Лукас Васкес пен Хесус Вальехо қатардан еркін агент ретінде кетті.

Бұл қомақты қаржының қаншалықты ақталатынын уақыт көрсетеді. Салыстырар болсақ, «Қайрат» футболшыларының жалпы нарықтық құны – 12,8 млн еуро (Transfermarkt дерегі бойынша). Яғни мадридтіктердің бір Александер-Арнольдқа төлеген ақшасынан сәл ғана көп.

Дегенмен «Реал» бұл жазда ең көп қаржы жұмсаған клуб емес. Transfermarkt ақпаратына сүйенсек, «Ливерпуль» 483 млн еуроға футболшылар сатып алып, рекорд орнатты. Бұған дейінгі рекорд 2023 жылғы жазда «Челсиге» (464 млн еуро) тиесілі болатын.

Мерсисайдтықтардың екі трансфері бірінен соң бірі АПЛ рекордын жаңартты:

Германия құрамасының және «Байердің» жартылай қорғаушысы Флориан Виртц – 125 млн еуро.

Швеция шабуылшысы Александер Исак («Ньюкаслдан») – 144 млн еуро.

Одан бөлек, «Ливерпуль» құрамын күшейткендер:

француз Юго Экитике – 95 млн еуро,

нидерландтық Джереми Фримпонг – 40 млн еуро,

италиялық Джованни Леони – 31 млн еуро,

венгрлер Милош Керкез – 46,9 млн еуро және Армин Печи – 1,78 млн еуро.

Үш тур қорытындысы бойынша, АПЛ-дағы 20 команданың ішінде «Ливерпуль» ғана ұпай жоғалтқан жоқ.