«Қайрат» футбол клубының бас бапкері қызметін атқарған, ал соңғы уақытта клуб академиясын басқарған Кирилл Кекер 46 жасында дүние салды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кекер алматылық команданың негізгі құрамын 2022-2024 жылдары жаттықтырған. Одан кейін 2024 жылдың соңына дейін «Ордабасының» тізгінін ұстаған еді.
2025 жылдан бастап ол «Қайрат» академиясының жұмысына жауапты болып, сонымен бірге Қазақстанның U-19 құрамасымен қызметін жалғастырып келген.
Бұл біз үшін өте ауыр қайғылы жағдай. Он жылдан астам уақыт бойы «Қайрат» құрылымында еңбек етіп, қазақ футболының дамуына зор үлес қосқан маманнан айырылу - үлкен қасірет. Кирилл Сергеевич кәсіби, әділ және талапшыл бапкер ретінде есте қалады. «Қайрат» футбол клубы марқұмның жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтады, - делінген клубтың ресми хабарламасында.
Еске сала кетейік, 18 қараша күні Кирилл Кекердің жетекшілігімен Қазақстан U-19 құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін сәтті аяқтап, элиталық раундқа жолдама алған еді.