Биылғы қаңтар айында 20-ға жуық адам жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы ретінде күдікке ілінді. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
Бүгін Сенатта өткен баспасөз мәслихатында тілшілер Бас прокурордың орынбасарынан қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар санатына кімдер жататынын, сондай-ақ Қайрат Құдайберген (кәсіпкер) мен «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің осы санатқа қатыстылығын сұрады.
«Бізде жалпы 20 шақты адамның әрекеті (қаңтар оқиғасы кезінде) жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы ретінде қылмыстары сараланған. Оларға рақымшылық жасалмайды, тек қатысушылар рақымшылыққа ілігеді. Қаңтар оқиғасында қылмыс жасағандардың басым бөлігі қатысушылар болып саналады. Олардың саны шамамен 700 адам. Олардың бәріне рақымшылық жасалады, ал жаппайы тәртіпсіздік ұйымдастырған 20 адам рақымшылыққа ілінбейді», - деді Әсет Шындалиев.
Осы орайда ол Қайрат Құдайбергенге ұйымдастырушы айыбы тағылғанын нақтылады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қайрат Құдайберген Алматы оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікпен ұсталды.
Ал 7 қаңтарда Алматыда полицейлер «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевті ұстады.