УЕФА Чемпиондар лигасының 6-туры аясында өтетін, «Қайрат» - «Олимпиакос» матчында тәжірибелі испаниялық төрешілер бригадасы қызмет атқарады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Елордада өтетін маңызды кездесуде алматылық ұжым, грекияның 48 дүркін чемпионы «Олимпиакосты» қабылдайды. Өз алаңында «Реал Мадридті» әбден сарсаңға салған тәжірибелі ұжым, «Қайратқа» қарсы аянып қалмайтыны белгілі.
Сондай-ақ, қарсыластардан бөлек, төрешілер құрамы да футбол сарапшылары мен жанкүйерлерді алаңдатып жүрген еді. Әлеуметтік желілерде алматылық жанкүйерлер тәжірибелі төрешілердің қажет екенін бірнеше мәрте жазып, УЕФА-ның ресми парақшасын белгілеген болатын.
Жанкүйерлердің талабы тыңдалды ма белгісіз, "Астана-Аренада" өтетін матчқа Хуан Мартинес бастаған испаниялық төрешілер бригадасы төрелік ететін болды. 43 жастағы тәжірибелі арбитр бұған дейін, эль-класико ойындарын, Сауд Арабиясының бірнеше маңызды матчтарында, және БАӘ-нің Суперкубок финалында төрелік еткен.
Бас төреші: Хуан Мартинес
Көмекшілері: Рауль Кабаньеро және Иньиго Прието.
Қосалқы төреші: Хавьер Альберола.
VAR төрешісі: Карлос дель Серро.
Айта кетейік, ойын 9 желтоқсан күні, сағат 20:30-да "Астана-Арена" стадионында өтеді.
Бұған дейін, «Қайрат» - «Олимпиакос» матчына билеттердің өтпей жатқанын хабарлаған едік.