Қайрат Нұртастың әйелі алданып, пәтерінен айрылған

28 Қыркүйек, 16:12 2189

Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова үйін кеңейтем деп жүріп, басындағы пәтерінен айрылып қалғаны мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, оқиға былай болған. 2021 жылы бақшасына жеміс егетін жер үйге көшкісі кеп, Астанадағы коттедж салатын бірнеше компанияға барған. Сол ізденісте жүргенде TUMARGrandVillage қалашығын көріп, ұнатып, сол жерден үй алғысы келген. Нәтижесінде құрылыс компаниясының негізін қалаушы Диляра есімді келіншекпен танысқан.

Ол маған мынадай ұсыныс айтты. «Сен сатуға қойған пәтеріңді менің інім Диардың атына жазып бересің. Біз саған TUMARGrandVillage қалашығынан 1 жылда екі қабатты жер үй салып береміз. Ал оған дейін сен пәтер жалдап тұрарсың» деді. Мен келісе кеттім. Ойымдағы үйдің табылғанына қуанғаным да рас, - дейді ол.

Содан күтумен арада 2 жыл өткен. Өзі пәтерден-пәтерге көшіп шаршағанын айтады. 2024 жылдың көктемінде үйдің жақын арада бітпейтінін түсініп, өз үйін қайтарып беруін сұраған.

Бірақ пәтер банкке кепілдікке қойылғанын, ол үйде тағы бір інісі Әбілхан отбасымен тұрып жатқанын, қайтарып бермейтінін айтқан. Оған да көніп, соғылып жатқан үйді өзі аяқтамақ болып, құжатын сұратқан. Бірақ соғылып жатқан үйдің де, жердің де құжатын бермеген. Сол кезде барып сұмдық жайды білгенін айтады.

Менің үйім деп жүрген құрылысты, жерді «Аграрлық несие корпорациясына» кепілдікке салып жіберген. Құқығым тапталып, алданып жатқандығым туралы полицияға шағым түсірдім. Алайда олар іс қозғамады. Заң бойынша аудандық сотқа шағымдандым. Сот шешімі менің пайдама шешілмегендіктен, қалалық соттың апелляциялық алқасына шағым түсіруге мәжбүр болдым, - дейді ол.

 

 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: