«Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Олимпиакос» (9 желтоқсан), «Брюгге» (20 қаңтар) командаларына қарсы өз алаңындағы матчтарын «Астана Арена» стадионына өткізетін болды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Алматыдағы Орталық стадионда матчты қыста өткізу тәжірибесі көрсеткендей, төмен температура, шатырдың жоқтығы, қар жауу қаупі жанкүйерлер үшін қолайсыздық туғызып, алаң қызметін қиындатады. Көрермендерге жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау үшін матч жабық стадионда өтеді, - делінген мәліметте.
Ал ойынға билет бағасы 15 000-50 000 теңге аралығында болады. 28 қарашадан бастап Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшаларында сатыла бастайды. Бір адамға екі билеттен артық рәсімдеуге болмайды.