Жыл сайынғы еңбек демалысы — әр қызметкердің құқығы. Бірақ демалыстың қай айда тиімді болатыны, жалақыға қалай әсер ететіні, мерекелік күндердің есепке алынуы сияқты сұрақтар көпшілікті мазалайды. Осы ретте El.kz интернет порталының тілшісіне фрилансер бухгалтер Гүлбану Тиллабек еңбек демалысы қалай есептелетінін, қандай жағдайда ұзарып немесе қысқарып кетуі мүмкін екенін түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, демалыстың тиімді мерзімі жұмыс күндерінің санына байланысты, ал мерекелер қосымша күн ретінде есептеледі, бірақ қосымша ақы төленбейді.
Фрилансер бухгалтер Гүлбану Тиллабектің айтуынша, еңбек демалысының ұзақтығы күнтізбелік күнмен есептеледі. Бұл дегеніміз — демалыс кезеңінде жұмыс күндерінің саны әр айда әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, мұғалімдер жазғы демалысқа шыққанда, нақты қай күннен басталғанына қарай жұмыс күндерінің саны өзгеріп отырады.
2025 жылы маусымның 1 немесе 2-сінен демалыс басталса, 39 жұмыс күні болады, ал шілденің 1-інен басталса — 40 жұмыс күні. Яғни, бір күн айырмашылық байқалады дейді.
Сонымен қатар маман егер демалыс кезеңіне мемлекеттік мереке күндері тап келсе, олар да еңбек демалысына қосылатынын жеткізді. Мысалы, егер демалыс 56 күнге жоспарланған болса, оған Құрбан айт сияқты бір күндік мереке қосылса 57 күн факті бойынша демалыс болады. Бірақ құжат жүзінде «56 күн + 1 мерекелік күн» деп көрсетіледі.
Қай айда еңбек демалысына шыққан тиімді?» деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі әр қызметкер демалысқа жылдың әртүрлі кезеңінде, әртүрлі ұзақтықта шығады. Еңбек демалысын кейбір мекемелерде бөліп-бөліп алуға да болады (мысалы, 2 апта бөлек, 1 апта бөлек). Сондықтан әрбір жағдай жеке қарастырылады, – дейді бухгалтер Гүлбану Тиллабек.
Дегенмен, егер сіз ұзақ мерзімді демалыс жоспарласаңыз, жұмыс күні көп айларды таңдағаныңыз жөн. Мысалы, 2025 жылдың мамыр айында – 19 жұмыс күні, сәуір айында – 22 жұмыс күні.
Сол себепті, егер сіз мамырдың 1-інен бастап демалсаңыз, жалақыңыз аздау болуы мүмкін. Өйткені еңбек демалысы төлемі көбіне жұмыс күнінің орташа жалақысына байланысты есептеледі.
Жалпы алғанда, жаз бен қысты, немесе бір жыл ішіндегі әртүрлі айларды нақты салыстыру қиындау. Себебі әр айда мереке және демалыс күндерінің саны өзгеріп отырады. Сонымен бірге, кейбір мерекелер демалыс күндеріне түсіп кетсе, қосымша демалыс (мысалы, дүйсенбі) берілуі мүмкін, ал кейбірінде берілмейді.
Сол себепті, «Қай айда демалған тиімді?» деген сұраққа жалпылама жауап беру мүмкін емес. Ол тек нақты күндермен салыстырғанда — мысалы, «1 маусымнан бастап па, әлде 1 шілдеден бастап па демалған тиімді?» — деген сияқты нақты жағдайда ғана белгілі болады. Егер сізде демалысқа шығу уақыты бойынша таңдау болса, ең дұрысы — жұмыс күні көп айды таңдағаныңыз. Ал мерекесі көп айда жұмыс істеген тиімдірек, өйткені мерекеде де демалыс болады, – дейді Фрилансер бухгалтер Гүлбану Тиллабек.
Басқа себептер бойынша ақысыз демалыс алу үшін жұмыс берушімен келісу қажет.
Студенттер оқуға байланысты, ал қызметкерлер скрининг немесе медициналық есепке тұру үшін демалыс алады.