QauynFest қауыншылар мерекесі

26 Тамыз 2018, 19:49 14489

Жетісайдағы қауын фестиваліне келесі жылы келуді жоспарлап қойыңыз.

Қазақстанның бәсекелесе алатын, өзгелерден озық болатын саласы әзірге органикалық өнімдер. Әзірге дегенім, халық экологиялық этикетке назар аударып, қоршаған ортаға зиянын тигізбесе, бұл салада тұрақты лидер болуға барлық мүмкіндік бар.  Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтқанындай, «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз».

Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында да бұл туралы айтылды. «Органикалық ауыл шаруашылығы экологиялық, әлеуметтік және экономикалық тәуекелдерді барынша төмендетуге ықпал етеді, сондай-ақ ауыл тұрғындарына өз кірістерінің деңгейін арттыруға, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазақстандық ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін экоөнім өндірісі перспективалы, бірақ әлі де дамытуды қажет етеді».  STOP! Ұзақ мерзімді, көп әріпті, іш пыстырарлық бағдарламаларды атқарушы органдарға қалдырайық. Агроөнеркәсіпті дамытуды көздейтін басқа қандай қызықты әрі пәрменді жолдар бар?

 Диқандардың еңбегін бағалайық, мәртебесін асырайық, ісінің өрге дамуына көмегімізді берейік деген бағдарламаны көрген соң сіздің ойыңыз өзгере ме? Әрекетке шабыттандыра ма? Күмәнім бар. Ал сіз томат атысатын Ля Томатино туралы естідіңіз бе? Әлемнің барлық сырасүйерлерін Баварияға жинайтын Октоберфест туралы ше? Италиядағы жүзім жинау маусымына орай  ең ғажап жүзім сұрыптарын, таңдаулы шараптарын таныстыратын Маринодағы Жүзім фестивалінен хабарыңыз бар ма? Неге Қазақстанда да диқандарға мереке ұйымдастырмасқа? Бұл кетпен арқалап, жер тырнап жүрген диқан еңбегін елеу, сонымен қатар оның өнімін елге таныту, іскерлік байланыстарын орнатуға және өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік беру, саладағы соңғы жетістіктермен танысу, кәсіпкерлікті дамыту, қажет десеңіз жаңа идеяларға шабыттандыру.

Әдемі әжелер фестивальдің көркі болды

Осындай идеяны Түркістан облысы әкімдігі жүзеге асырды. Тамыз айының соңғы күндері Қазақстандағы қауын отаны – Жетісай қаласындағы "Қауын fest" фестивалі өтті. Қауыншылар мерекесін  Түркістан облысы әкімдігінің тікелей бастамасымен əрі қолдауымен Мақтаарал және Жетісай ауданы әкімдіктері бірлесіп ұйымдастырды. Еңбекші қауымның еңсесін көтеріп, кәсібін дамытуға  бағытталған фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осы саланың жетістіктері мен міндеттерінде тоқталды:

— Түркістан облысы еліміздегі барлық қауын-қарбыздың 65%-ын қамтамасыз етіп отыр. Бұл көрсеткішті 90% дейін жеткізуге болады. Бүгінгі фестивальде байқағандарыңыздай бір ғана қауыннан қанша дайын өнім жасауға болады: қауынқақ, пастила, шырын, тоспа, джем, балмұздақ, көктейльдер, маринадтар және т.б. Бұл тек бизнес қана емес, халық саулығы. Әр өнімнің құнары мол, дәруменге бай. Екіншіден, бұл шаруа қаражатын сақтап қалу. Қазір маусымның қызған шағында диқан өнімі арзанға кетеді. Сондықтан терең өнім жасау тиімдірек.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев диқандар, шаруа қожалықтары иелеріне алғас хат табыстады

Qauyn фестивалі өңірдің қауынмен айналысатын барлық шаруаларын, Түркістан облысының тұрғындарын жинады. Фестивальге қауынның 27 түрінен 30 тонна көлемінде өнім әкелінді. Алғаш өткізілген фестивальдың ойын-сауық бағдарламасы да қызық болды. Жетісай қалалық паркіне жиналған халық қауын-қарбызбен шашки ойнап, қомағайлар жарысын ұйымдастырды. Балалар мен жасөспірімдер арасында бокстан, күрестен жарыс өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді.

Бұл тартыстың эмоциясы Madison Square Qarden-де өтетін жекпе-жектерден кем болған жоқ

Кішкентай жанкүйерлер қауын қызығын шаршы алаңға айырбастап жіберген сияқты...

Сондай-ақ, шара аясында тосап дайындаушылар сайысы, «Ең үлкен қауын», «Ең дәмді қарбыз», «Ең тәтті тосап», «Ең үздік бақша өнімдерін ұсынған ауыл әкімдігі» атты номинациялар бойынша жарыстар ұйымдастырып, бас жүлдеге «темір тұлпар» тарту етті. Шараға Жетісай ауданының 9 ауыл округі әкімдігі мен облыстың 8 аудан мен қалалардан бақша дақылдарын өсірумен айналысатын ірі шаруа қожалықтары шақырылды.

Фестивальде қауынның түр-түрі болды. Сары қауын, қызық қауын, көк қауын...

Фестиваль аясында ұйымдастырылған көрмеде әр шаруа өз өнімдерін ұсынды. Қауынның түр-түрі бар: Басыпалды қауын, Әміре қауын, Ракета, Торпедо, Жұлдыз қауын, қызыл қауын, Жиенбет қауын, валет қауын, кемпір қауын, торлама, Абновод, көк қауын, Көкше, Мырзашөл қауыны. Кез келген қауын түрін қалаған жан татып көре алады. Қауынның дәмін түсінген адам енді базарға барғанда бағасына қарап емес, дәміне қарап таңдайтыны анық. Сонымен қоса қауыннан дайындалатын өнімдер ассортименті де қызықтырды. Халыққа ұнаған өнімдердің бірі - қауын шырыны. Қанық түсті шырынның дәмі балдай, иісі ғажайып, құнары мол. Қауын шырыны құрамы А, Е, С витаминдеріне, В тобының витаминдеріне, бета-каротин, минарлды заттар: калий, кальций, магний, натрий, фосфор, темір, йодқа бай. Сонымен қатар оның құрамында биологиялық белсенді зат – аденозин бар. Бұл зат зат алмасу процесін жақсартады. Сонымен қатар шырын анемия, жүрек жеткіліксіздігі кезінде ем болады. Шырын, маринад және өзге де дайын өнімдерді  «Алматы технологиялық университеті» АҚ бірлесіп Мырзашөл өнімдері атауымен шығарыпты. Болашақта кең көлемде өндіріп, Қазақстанның өзге де аймақтарына да жеткізу жоспарлануда.

Көп ұзамай бұл сусындар отанық қана емес, шетелдік дүкен сөрелерін де жаулайтыны анық

Жалпы жыл сайын бақша дақылдарын өсіру дамып келеді. Мысалы, Түркістан облысында 2011 жылы бақша дақылдарын егу алқабы 67,7 мың га болса, 2012жылы - 81,8 мың га, 2013 жылы – 82,3 мың га, 2014 жылы – 89,8 мың га, 2015 жылы 94,7 мың га болған (Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы деректері бойынша). Ал Түркістан облысы әкімі Жансейіт Қансейітұлы ағымдағы жылы бақша дақылдарының егіс көлемі 61, мың га құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 4,0 мың га-ға артқанын айтады. Оның ішінде қауын – 32,5 мың га, қарбыз – 28,5 мың га. Биыл тамыз айындағы көрсеткіштер бойынша барлығы 1330,0 мың тонна бақша дақылдарының өнімі жиналып, өткен жылмен салыстырғанда 80,0 мың тоннаға артқан. Оның 58 %-ы немесе 771,4 мың тоннасы қауын, 42,0 %-ы немесе 558,6 мың тоннасы қарбыз.  Бақша өнімдерінен алынатын табыс та өзге өнімдерге қарағанда қомақты. Орташа есеппен 1 га жерден бақша дақылдарының 22 тонна өнімі алынады. Қаржылық өлшемде бағасы 1 млннан 2 млн дейін. Ал  мақта табысы 200 мың теңге көлемінде. Оның үстіне мемлекет субсидия беріп, қолдау көрсетуде. Шаруа техника алғысы келсе, үкімет сатып алынатын техниканың 50%-ын төлейді. 

Жас болса да, бас диқан Нұрдәулет Оразов

Фестивальге қатысқан жергілікті диқан Нұрдәулет Оразов 17 жылдан бері агроөнеркәсіп саласында. Кәсібін мақта өсіруден бастаған. Қазір 80 га жерде қауын-қарбыз өсіреді. Қауынның бірнеше түрін өсірген тиімді. Себебі сортына қарап пісу уақыты да әртүрлі болады. Қауыншы жігіт шілдеден бастап қарашаға дейін өнім алады. Ал кейбір қауын түрлерін, мысалы кемпір қауынды бірқалыпты температурада сақтаса қыс сақтап, көктемге дейін жеткізуге болады екен.

Бұл қауындардың қызығын наурызда да көре аласыз

— Менің өнімдерімнің артықшылығы тазалығында. Қауын-қарбызды өсіру үшін барлық диқан тыңайтқыштарды қолданады. Бірақ мен органикалық тыңайтқыштарды, яғни құстың саңғырығын пайдаланамын. Өнімдеріміз дәмді, ірі болатын себебі осы. Ең ірі қарбыздарымның салмағы 45 кг дейін жетеді. Қауын-қарбыздарымның көтерме бағасы 25-35 теңге шамасында. Қазір алдын ала тапсырыспен Ресей, Қырғызстаннан алдыруда, - дейді Нұрдәулет.  

— Біз бақша өнімдерін терең өңдеу саласына мән бергеніміз жөн. Осы мақсатта қауын мен қарбыздың отаны саналатын Жетісай және Мақтаарал аудандарында бақша өнімдерін терең өңдеумен айналасытын шағын кәсіпорындар мен цехтарды іске қосуымыз қажет. 2018 жылы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын жобалар мен іс-шаралар қайта қаралып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға негізделген болатын. Соның нәтижесінде биылдан бастап облыстың әр аймағында ауқымды шара өткізу және оларды дәстүрге айналдыру қолға алынды. Бүгінгі облыс тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған «Қауын fest» облыстық фестивалі сол игі бастамалардың жалғасы. Алдағы уақытта жыл сайын тамыз айында «Қауын fest» фестивалін, «Қауынғақ», «Қауында да қауын бар», «Қарбызды Оңтүстікте дарбыз дейді» сияқты байқаулар мен жәрмеңкелер ұйымдастырамыз, — деді облыс әкімі.

Qauyn фестиваліне жиналған халық та, шаруа қожалықтары да риза болып тарасты. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, бұл шара енді жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға айналмақ. Көршілес Өзбекстанның Бұхара қаласында да әр күз «Ковун сайли» қауын мерекесі өтеді. Былтыр Өзбекстан қауындары алғаш рет АҚШқа экспортталған екен. Қауынның 1 тонна көлеміндегі алғашқы партиясы Нью-Йорк қаласындағы Америка сауда үйіне жіберілген екен. Жыл сайын қауын мерекесін көруге Бұхараға мыңдаған турист жиналады. Жетісайдағы  Qauyn фестивалі де ауқымы кеңейіп, халықаралық туристер қызығатын шараға айналуы әбден мүмкін.

Әлемдік фестивальдер:

Перуде 30 мамыр күні жыл сайын Ұлттық картоп күні (Dia Nacional de la Papa) атап өтіледі. Перуде картоп тек кең тараған өнім ғана емес, ұлттық мұра, тіпті перуандықтардың ұлттық мақтанышы деуге боолады. Картоптың отаны Оңтүстік Америка екені белгілі, ал перуандықтар картоп 8 мың жыл бұрын дәл Перу аумағында пайда болды деседі. Қазір Перуде картоптың 3 мыңнан астам түрі бар. Бұл мереке 2005 жылдан бастап атап өтіледі.   

Францияның өңтүстігінде Прованс провинциясында жаз ортасында лаванда алқаптары гүлдей бастайды. Алқаптар сұлулығын ешбір суретші, жазушы, жалпы адам суреттеп бере алмайды. Франция үкіметі осы кезеңді пайдаланып «Прованстағы лаванда фестивалін» ұйымдастыра қойды. Мұндай сұлулықты көрген адам ұтмыта қоймас, әрі сұлулықты Франциямен байланыстыратын болады. Мереке Прованстың әр түкпірінде аталады. Лаванда орудан жарыс, лаванда алқабын салудан байқау, лаванда чучелоларын жасау сияқты қызық пен думанға толы байқаулар өткізіліп, лавандадан жасалған өнімдер ұсынылады. Сіз лаванда шұжығын елестете аласыз ба? Ал мұндай шұжықтар, лаванда балы, лаванда круасандары, лаванда шоколадтары, тағы да түрлі қызықты көрмеде таба аласыз.

Томатина (исп. La Tomatina) – белгілі испан фестивалі. Кей оқырманға Томат шайқасы (La Batallа del Tomate) деген атаумен де танымал болуы мүмкін. Тамыздың соңғы аптасында Испания шығысында Буньол (Bunol) қаласында Томат фестивалі басталады. Көңілді музыка, фейерверктер, әдемі би, тегін ас-ауқат және қызанақтар! Сәрсенбі күні сағат 11-де қала ратушасынан берілген сигнал орталық алаңды қып-қызыл шайқасқа айналдырады. Бір мезетте мереке себепкері – албырап піскен қызанақтарға толы жүк машиналары келе қалады. Мереке қатысушылары жүк машинасынан «оқ-дәрілерін» алып шабуылға кіріседі. Шайқас 2 сағатқа созылады. Бұл кезде арлық дүкен, мейрамханалар жабылады. Меніңше, олардың иелері де өз клиенттерін «қызанақ жоса» етуге кетәрі емес. Басты ереже: шайқас басы мен соңы қала ратушасынан атылған петардамен белгіленеді; қызанақтан басқа ештеңемен атысуға болмайды, ал қызанақтардың өзі әбден піскен, қолда алдын ала езілген болуы тиіс; киімді жыртуға, күш көрсетуге болмайды; қызанақ тиелген жүк машиналарының қозғалысына кедергі жасауға болмайды. Бар болғаны осы. Айтпақшы, мереке негізгі телеарналардан трансляцияланады. Мерекеге қатысатындарды тіркеуе арналған арнайы сат бар Биыл бір сағат ішінде 150 тонна томат оққа айналды дейді ұйымдастырушылар. Жалпы бұл мереке 1959 жылы Испанияда ресми қабылданды. Ал 2002 жылдан бастап халықаралық мереке мәртебесіне ие болды. 

Ал Түркістан облысы фестивальдер маусымын осымен аяқтамайды, қыркүйек айында Сайрам ауданында "AGRO FEST" фестивалі, қазан айында Шардара ауданында "SAFARI SHARDARA" іс-шарасы, қарашада Сарыағаш ауданында "OPEN SARYAGASH" гольф жарысы, ал желтоқсан айында Төлеби ауданында "Тау самалы - жан самалы" шаралары жоспарланған.  

Бэлла Орынбетова
Бөлісу: