Жыл сайын көктем-жаз маусымы басталғанда Төтенше жағдайлар қызметі дабыл қағып, ата-аналарға балаларды терезеден алыс ұстау керегін ескертеді. Мәселен, биыл Маңғыстау облысында 5 бала терезеден құлап кеткен. Ал Қызылорда облысында осындай екі жағдай тіркелген. Мұндайдың алдын алу үшін мамандар түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.
«Үш қабаттан жоғары биіктіктен құлаған баланың аман қалуы екіталай»
Статистикалық дерекке сүйенсек, терезеден құлау фактісі 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеледі. Себебі, осы жас аралығындағы бүлдіршіндер белсенді, қызығушылығы жоғары, бәрін зерттегісі келіп тұрады. Қауіпті толық түсінбеген соң жиһаздарға (орындық, үстел, диван) оңай өрмелеп шығады. Сондықтан оларға үнемі ересектердің бақылауы қажет. Мәлімет бойынша, көпқабатты үйден құлаған балалардың дені – ата-ананың қарауынсыз және үйде жалғыз қалғандар.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай қайғылы жағай санаулы секундта болады. Биіктен құлау бас-ми жарақатына, мүгедектікке, өлімге әкеледі. Әсіресе, үш қабаттан жоғары биіктіктен құлаған баланың аман қалуы екіталай.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәліметінше, республика бойынша 2023 жылы терезеден 492 бала құлап, 26 адам қайтыс болған. 2024 жылы 357 бала терезеден құлап, 25-і көз жұмған. 2025 жылы 1 мамырдағы жағдай бойынша, 105 жағдай тіркеліп, оның жетеуі мерт болды.
Осы жағдай турасында ЮНИСЕФ қоры Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, 2024 жылы 5 жасқа дейінгі 153 бала терезеден құлап кеткен. Олар көпқабатты үйдің 2-қабатында не одан жоғары қабатта тұрған. Оның ішінде 53 жағдайдың соңы өліммен аяқталған. Зерттеу бойынша, терезелердің 42% -ы қорғаныс механизмдерімен жабдықталмаған.
ТЖМ балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермеу үшін мынадай кеңес береді:
Қандай берік қорғаныш құралы бар?
Бірақ терезе сыртынан берік (темір) тор орнатудың алдында сақ болыңыз. Алда-жалда өрт шыққан жағдайда темір тордың салдарынан терезеден эвакуация жасау мүмкін болмайды. Сондықтан арнайы маман шақырсаңыз, көпқабатты үйдің жағдайын, қай қабатта орналасқанын қарап, кеңес береді. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін есе ұстаған дұрыс.
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, мұндай бекіткіштер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жергілікті атқарушы органдардың демеушілігімен орнатылып жатыр. Сондай-ақ Құрлыс нормалары заңнамасына былтырдан бері көпқабатты тұрғын үйлерді салу мен жобалау кезінде терезеден құлап кетпеу жағдайларын ескеру енгізілді. 2025 жылы қаладағы әлеуметтік осал топтағы отбасылардың пәтеріне 1220-дан астам қауіпсіздік құлпы орнатылған. Оның ішінде №2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасында 100 блокиатор қойылған. Биыл тағы да 6 отбасына қауіпсіздік құлпын орнатып берген.