Уильям ханзада мен оның жары Кейт Миддлтон Эдинбург герцогинясы Софи тұратын жерге жақынырақ болу үшін жаңа үйге көшу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Radar Online басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Басылым дерегінше, Кейт Миддлтон мен герцогиня Софи жақсы қарым-қатынаста. Ханзада Эдвардтың жұбайы соңғы уақытта қатерлі ісікпен күресіп жүрген Кейтке барынша қолдау көрсетіп, жанынан табылған. Сол себепті ханзада мен ханшайым енді Форест-Лодж атты жаңа үйге көшуге дайындалып жатыр. Бұл жерден Эдинбург герцогинясының үйі небары он минуттық жерде орналасқан.
Соңғы бір жыл бойы Софи Кейттің өмірінде сабырлы, адал әрі сенімді жан ретінде маңызды рөл атқарды. Кейт оның жанында өзін еркін сезінеді, ашық сөйлесе алады, ешкімнен қысылмайды. Ал жаңа үйге көшу екеуіне жиірек кездесіп, бір-бірін қолдауға мүмкіндік береді. Бұл Кейттің сауығу жолында баға жетпес қолдау болмақ, – деді дереккөз.
Сонымен қатар, таблоид дерегінше, екі әйелдің де қарапайым отбасынан шыққаны олардың тіл табысуын жеңілдеткен.
Алдағы айларда ханзада мен ханшайым жаңа қоныстарына – Виндзор саябағының маңындағы георгиан стиліндегі Форест-Лодж сарайына көшуге дайындалып жатыр. Дегенмен қауіпсіздік мақсатында корольдік отбасы бақтың бір бөлігіне кіретін аумақты шектемек. Журналистердің жазуынша, бұл шешім жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызған.