Президенттің іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасында адам қанындағы еркін айналымдағы ісік ДНҚ-сын зерттейтін бірегей технология енгізілді. Бұл әдіс Қазақстанда және көршілес елдерде бұрын-соңды қолданылмаған, алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл өте күрделі әдіс болғандықтан, заманауи құрылғылар мен гендік талдаудың ең озық технологияларын қажет етеді.
Ауру белгілерін ерте анықтауға болады
Жаңа әдістеме көктамырдан алынған қан арқылы ісік жасушаларын және гендегі өзгерістерді, яғни мутацияларды табуға мүмкіндік береді. Бұл аурудың қалай дамитынын және метастаздардың (ісіктің таралуы) басталуын ауру белгілері білінбестен 8 айдан 19 айға дейін ерте білуге мүмкіндік береді.
Біз онкологияның болашағы саналатын әдісті енгіздік. Ол қатерлі ісікті өте ерте кезеңде анықтауға, гендегі өзгерістерді нақтылауға және биопсия, яғни ісіктен кесіп алып тексеру мүмкін болмаған жағдайда диагноз қоюға көмектеседі. Осы көрсеткіштер арқылы метастаздардың басталуын 8-19 ай бұрын болжай аламыз, – дейді Аурхананың Дербестендірілген геномдық диагностика зертханасы басшысы Гүлшара Әбілдинова.
Қазір гендегі 52 түрлі өзгерісті табатын арнайы сынамалар әзірленіп, алғашқы нәтижелер де алынды. Бұған дейін ісіктің мутациялық профилін анықтау мүмкін болмаған науқастарда генетикалық өзгерістер табылып, соған сәйкес таргеттік терапия тағайындалды.
Бұл әдіс, әсіресе, сүт безі қатерлі ісігі бар науқастар үшін өте тиімді әрі маңызды. Себебі ол аурудың таралу белгілерін уақытында анықтап, емдеу жоспарын дер кезінде өзгертуге мүмкіндік береді.
Жаңа әдіс дәрігерлер үшін үлкен мүмкіндік ашып отыр. Енді онколог және химиотерапевт дәрігерлер емді алдын ала жоспарлап, науқасқа қажетті таргеттік немесе қосымша емді дер кезінде бастай алады.
Скринингтан өту маңызды ма?
Алматы Онкология орталығының дәрігерлерінің айтуынша, қауіпті ауру көпке дейін ешқандай белгі бермейді. Сондықтан онкоскриннингке бейжай қарамау қажет. Елімізде скринингтен өту – 30-40 жастан басталады. Оған қоса обыр бір мезетте пайда болатын ауру емес. Уақытында анықталса науқастардың 97-99 проценті толық жазылып шығуы мүмкін. 3-стадияда анықталған обырдан аман қалу мүмкіндігі - 60-70%. Ол жағы ісіктің түрі мен құрылымына байланысты. 4-стадиядағы обырды емдеп жазу қиын.
Обырды дер кезінде анықтап, терапия бастамаса, арты өлімге әкеледі. Мысалы, өлім-жітім бойынша бірінші орында колоректалды обыр тұр. Одан кейін – өкпе обыры, үшіншісі – асқазан обыры, төртіншісі – сүт безі ісігі.
Қазір онкологиялық ауруларды диагностикалаудың барлық заманауи әдістері қолданылады. Скринингтік зерттеулерден бастап компьютерлік томография (КТ), магнитті-резонансты томография (МРТ), позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ), эндоскопиялық зерттеу, генетикалық тестілеу және басқа да әдістері бар. Қазақстанда скринингтік тексерулер мемлекеттік бағдарламаға кіреді. Сүт безі обырын, жатыр мойны обырын, тоқ және тік ішек обырын ерте анықтау үшін онкологиялық скринингтен өтесіз.
Скрининг уақыты: