Йель университетінің ғалымдары MIF ақуызының жұмысын бұғаттау ағзаның ісікке қарсы иммундық реакциясын күшейтуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері JCI Insight ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеушілер MIF ақуызының (макрофагтардың миграциясын тежейтін фактор) қызметін зерттеген. Бұл ақуыз әдетте ағзадағы қабыну процесін реттеуге қатысады. Алайда қатерлі ісік кезінде MIF табиғи иммундық жүйенің белсенділігін төмендетіп, Т-жасушалардың ісікке шабуыл жасауына кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде PD-1 ингибиторлары (мысалы, пембролизумаб, ниволумаб, цемиплимаб) сияқты заманауи иммунотерапиялық дәрілердің тиімділігін төмендетеді.
Ғалымдар MIF ақуызын бұғаттау мен Т-лимфоциттерді белсендіруді біріктірген жағдайда, ағзаның ісікке қарсы қорғаныс қабілеті артуы мүмкін деп болжаған. Тәжірибе барысында меланома мен тоқ ішек обыры бар зертханалық жануарларға осындай аралас терапия қолданылған. Нәтижесінде ісіктер баяу өскен, көлемі кішірейген, ал жануарлардың өмір сүру ұзақтығы артқан.
Мамандар бұл әсерді Т-жасушалардың ісікті тануына көмектесетін ерекше макрофагтар тобының көбеюімен байланыстырды. Осы жасушалар ісікке қарсы иммундық жауапты күшейтеді.
Зерттеу барысында сондай-ақ MIF генінің жоғары экспрессиялы түрі, яғни белсенділігі жоғары нұсқасы, меланомасы бар адамдарда жиі кездесетіні және ол ісіктің тез әрі агрессивті өсуіне ықпал ететіні анықталды.
Біздің зерттеуіміз MIF ақуызының табиғи иммундық бақылау нүктелерін тежейтінін көрсетті. Табиғи иммунитет пен Т-жасушалық жауапты бір мезетте белсендіру қатерлі ісікке қарсы жаңа тиімді бағыт бола алады, – деді зерттеу авторы Туи Тран.
Ғалымдардың пікірінше, бұл біріктірілген әдіс түрлі қатерлі ісік түрлеріне қарсы қолданылуы мүмкін, ал оның әрі қарай дамуы қазіргі иммунотерапияға жауап бермейтін науқастарды емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.