Қатар Қазақстанда су электр станциясы мен басқа да нысандар салмақ

11 Қыркүйек, 11:26 407

Мәжіліс 2024 жылғы 20 наурызда Дохада аяқталған Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров келісімді ратификациялау елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекет экономикасының негізгі бағыттарына жаңа капитал тартуға мүмкіндік беретінін айтты. Келісім инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтуды, тартымды инвестициялық орта қалыптастыруды көздей отырып, елімізге жалпы құны 20 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Ертіс өзенінде қуаты 350 МВт-қа дейін су электр станциясын салу жобасыіс асады. Жоба жаңа маневрлік қуаттарды енгізу, сондай-ақ Шүлбі су электр станциясының контрреттеу функциясын орындау мақсатында әзірленді. Жобаны іске асыру Шүлбі су электр станциясының тиімділігін 1050 МВт-қа дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Ертіс өзенінің ағысы бойынша қысқы кезеңде су тасқыны ықтималдығын жоюға мүмкіндік береді.Құрылыс кезеңінде - 800, пайдалану кезеңінде - 150 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жалпы, Келісімде қазақстандық тарап қатарлық инвестициялар үшін тұрақты салық режимін, сондай-ақ Қазақстан аумағында қатарлық инвестицияларды қорғауды қамтамасыз етеді. Заң жобасы теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, - деді министр.

Құжаттың негізгі мақсаты – телекоммуникация, қаржы, энергетика, мұнай-химия және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Бұл қосымша инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға, заманауи технологияларды енгізуге және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қазақстанда барлығы 9 инвестициялық жоба іске асырылады. Оның ішінде үш газ өңдеу зауытының, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісінің, жаңа «Кс-14» компрессорлық станциясының және «Кс-14-Қостанай» газ құбырының, Қызылорда облысындағы құрама циклді зауыт негізіндегі электр станциясының, Ертіс өзеніндегі су электр станциясының құрылысы бар.
 
Миражан Махан
Бөлісу: