Қасым-Жомарт Тоқаевтың Самарқан саммитіндегі ұтымды ұсынысы

11 Қараша 2022, 15:14 1593

Бұл ұсыныс жүзеге асқан жағдайда тарихшылар мен зерттеушілердің армандағандары орындалып, қолдары ұзаратыны сөзсіз

Самарқан қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының саммитінде сөйлеген сөзінде ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев тек қана еліміз үшін ғана емес бүкіл түркі әлеміне қатысты маңызды мәселелер бойынша өз ойын білдірді. Ол атап айтқанда, еліміздің, жалпы түркі әлемінің ғылыми қауымдастығы үшін өте өзекті, тарих ғылымының негізі мен іргетасы болып табылатын дереккөздерді қол жетімді ету үшін төмендегідей ұсыныс жасады. 

 «Бесінші, түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш.

Осы орайда, мен Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынамын. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді».

Осы орайда, қыпшақ мәмлүк дәуіріне қатысты, араб тілінде өте бай архивтік материалдар бар екендігін  айта кету керек. Сирек қолжазбалар Таяу Шығыс елдерінің Каир, Дамаск, Бағдат, Алеппо және т.б. қалаларында ғана емес, Еуропа елдерінің кітапханаларында да сақтаулы тұр. Каирде орналасқан Араб елдері лигасының Қолжазбалар институты мен Мысыр кітап үйінің өзінде ғана мыңдаған қолжазба бар. Оның басым көпшілігі Египет пен Сириядағы түркі дәуіріне қатысты аса құнды материалдар. Осы Кітап үйінің жанындағы Қолжазба орталығы ескі  манускриптерді  микрофильмдерге  түсіріп, ғылыми  зерттеулер жүргізулермен айналысады. Сонымен қатар, мұсылман әлеміне белгілі атақты діни оқу орны әл–Әзһар университеті кітапханаларының қойнауында, Мысырдың  Дін істері мен уақыптар (діни мүлік бойынша) министрлігінің  кітапханаларында мешіт, зауия және т.б. жылжымайтын мүліктерге қатысты түркі дәуірінің құжаттары сол күйінде тұнып тұр.

Осы орайда, оқырман араб елдерінің Түркі мемлекеттерінің ұйымына не қатысы бар деуі мүмкін. Оған дәл осы мәселеде жанама болса да өте маңызды қатысы бар дер едік!

Мысыр мен Шамда 1250 жылы орнаған түркі билігі 1517 жылы османлы түріктерінің Египет пен Сирияны жаулап алуына байланысты өзінің тәуелсіз өмірін тоқтатады. Ал османлы билігі 1918 жылға дейін созылады. Жалпы ал,ғанда түркі үстемдігі  700 жылға созылады. Қыпшақ династиясы орасан зор мұра қалдырса, османлы түріктері империяның астанасы Стамбұлға мұслымандыққа қатысы бар жәдігерлермен қатар діни, ғылыми, тарихи маңызы бар қолжазбаларды жинайды. Сондықтан қазіргі уақытта Стамбұлдағы белгілі кітаханалар қойнауында Египеттегі қыпшақ тарихында қатысты орасан зор қолжазба  байлық жатыр.

Сүлеймание кітапханасы Стамбұлдағы Сүлеймение мешіті медресесінде 1927 жылы құрылған кітапхана. Қолжазба қоры жағынан дүниедегі ең маңызды кітапханалардың бірі саналады. Республика орнаған соң Стамбұлдағы қолжазба осы ктіапханаға жиналды. Бүгінгі таңда кітапханада 106 топтамада жинақы түрде 70 000 томға таяу қолжазба және 120 000 томдай көне кітап сақтаулы. Бұлардың 12 000 том кітабы түрікше; 50 000 томы арабша; 3 680 томы болса парсыша.

Сонымен қатар Стамбұлда Топқапы сарайының кітапханасы, Баязит мемлекеттік кітапханасы, Ислам зерттеулері орталығының кітапханасы бар.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеу және келешекте Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құру замануи талапқа жауап беретін үздік ұсыныс екені сөзсіз. Бұл ұсыныс жүзеге асқан жағдайда тарихшылар мен зерттеушілердің армандағандары орындалып, қолдары ұзаратыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде халқымыздың тарихына қатысты сапалы, дереккөздермен негізделген терең зерттеулердің дүниеге келуіне жол ашады деп сенемін.     

Қайрат Сәки
Бөлісу: