Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев келіссөз жүргізді

24 Қараша 2023, 15:04 901

Мемлекет басшысы Бакуге жұмыс сапары барысында Әзербайжан президентімен кездесті. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі қонақжайлығы мен БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) алғашқы саммитін ұйымдастырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айта отырып, Бакуді «Каспий өңірінің інжу-маржаны», әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі деп атады.

Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Ильхам Әлиев пен бауырлас Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтады. Президент мұның айтулы оқиға екеніне назар аударды.

Бұл Сіздің мемлекеттілікті нығайтуға, халқыңыздың әл-ауқатын көтеріп, Бакудің әлемдік қоғамдастықтағы беделін арттыруға бағытталған мықты көшбасшылығыңыздың, көреген әрі дана саясатыңыздың арқасында іске асты. Менің ойымша, бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз. Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі бірлескен декларацияның қабылдануы, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға болды. Мен өзіммен бірге Бакуге толыққанды делегация алып келдім. Өйткені бүгінгі кездесуде, Әзербайжан тарапымен шын мәнінде, толық форматты, мазмұнды келіссөздер жүргіземіз деп санаймын. Бұл – өзара қарым-қатынасқа қатысты бірқатар мәселе бойынша пікір алмасу үшін жақсы мүмкіндік, – деді Мемлекет басшысы.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: