Қасым-Жомарт Тоқаев Өскемендегі «Шығыс-Сүт» корпорациясында болды

26 Ақпан, 20:24 690

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев «Шығыс-Сүт» корпорациясының өндіріс алаңын аралап көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысына жаңа технологияларды пайдалана отырып, сүт өңдеумен және сүт өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорынның жұмысы жөнінде мәлімет берілді. Корпорация 100-ден астам тауар түрін шығарады.

Бүгінде компания өтімді ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуға күш салып отыр.

Корпорацияның иелігінде 4 шаруашылық, соның ішінде сиырларды автоматты түрде саууға және жемдеуге арналған құрылғымен жабдықталған роботты ферма бар. Бұған қоса, кәсіпорын өнім шығару үшін өңірдегі 22 елді мекеннен сүт жинайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшылармен әңгімелесіп, қазіргі ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық салаға айналуы керек екенін атап өтті. Сондай-ақ компания ұжымына табыс тіледі.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: