Қасым-Жомарт Тоқаев Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығына барды

26 Ақпан, 17:02 705

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығын және оның базасында ашылған Жеңіл атлетика бойынша Облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектебін аралап көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Президентке оқу-жаттығу жиындарын жыл бойы тұрақты түрде өткізу үшін орталықта барлық жағдай жасалғанын айтты. Мектеп ашылған сәттен бері Қазақстанның жеңіл атлетикадан барлық қысқы чемпионаттары осы жерде өткізіліп келеді. Бүгінде орталықта 713 жас өрен жаттығады. Олар республикалық және халықаралық жарыстардан ұдайы жүлделі оралады. Cпортшылар 2023 жылы 281 медаль жеңіп алған.

Ольга Рыпакова елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, ол өңірде спорт медицинасы орталығын құру маңызды деп санайды. Бұл Алтайдың әсем де жанға жайлы табиғаты аясында өтетін жеңіл атлетика бойынша оқу-жаттығу жиындарын емдеу-оңалту процедураларымен сабақтастыруға мүмкіндік береді.

2015 жылдан бастап спорт аренасында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы турнир өткізіліп келеді. Аталған жарысқа World Athletics Continental Tour деңгейі берілген. Яғни, бұл спортшылар әлемдік рейтингте ұпай жинай алатын ең жоғары деңгейдегі сайыс саналады. Даңқты спортшы осы турнирдің мәртебесін «күміс» деңгейге дейін көтеруге ықпал етуді сұрады. Ол үшін жеңіл атлетика манежінің жабындысын жаңарту, сондай-ақ жүлде қорының сомасын арттыру қажет

Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен ШҚО әкімі Ермек Көшербаевқа аталған мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Президент спортшылармен әңгімелесіп, мемлекет спорт инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Мұнда балалардың футбол ойнайтынын, жеңіл атлеттердің жаттығатынын көріп отырмын. Әрине, спортпен айналысу керек, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Мен спортты дамытуға баса мән беремін. Баршаңыздың мықты спортшы болуларыңызға, қоғамның басқа да салаларында жетістікке жетулеріңізге тілектеспін. Басты міндет – еліміздің лайықты азаматы болу. Сіздерді мықты маман, Олимпиада чемпионы, спортта үлкен жетістікке жеткен бапкер жаттықтырады. Сондықтан үлгі алатын адамдарыңыз бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жергілікті жеңіл атлеттердің басты жетістіктері жөнінде мәлімет берілді. Атап айтқанда, 2023 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында Надежда Дубовицкая әйелдер арасында биіктікке қарғып секіруден алтын медальға ие болды. Жақында Тегеранда өткен жеңіл атлетикадан XI Азия чемпионатында Елизавета Матвеева жеңімпаз атанды. Ал өткен жылғы VI Республикалық спартакиадада аймақтың жеңіл атлетика құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: