Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлерімен кездесті

29 Қыркүйек 2023, 22:00 888

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуіне қатысты, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Олаф Шольцке алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «С5+Германия» диалогын өткізу өте өзекті екенін атап өтті.

Президент ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейтуді басты міндет ретінде атады.

Германиямен жалпыаймақтық сауда-саттық қарқынды дамып келеді және өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көрсеткіші 11 миллиард долларды құрады. Осы тауар айналымының 80 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Біз ГФР-ға жалпы сомасы 850 миллион доллар болатын қосымша 100 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайынбыз. Бұл жерде мұнай химиясы, металлургия, тамақ өнеркәсібі өнімдері туралы сөз болып отыр, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзара тауар айналымының өсімі аймақ елдерінен импортталатын өнімдерге қатысты ұзақмерзімді келісімшарт жасауға, сондай-ақ Еуропа одағының Бас жүйесіндегі жеңілдіктер (GSP+) сияқты Орталық Азия мемлекеттеріне де арнайы сауда жеңілдіктерін ұсынуға ықпал ете алады.

Президент сауда шарттарын жеңілдету жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін салалық ведомстволардың басшылары деңгейінде бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.

Перизат Саденова
Бөлісу: