Елордада Қасым хан жайында «Ұлы дала таңы» атты тарихи фильмнің тұсаукесері өтті.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген кинотуынды Қазақ хандығында Жәнібек ханның ұлы – Қасым хан билік еткен кезеңдерін баяндайды.
– Фильмнен киносүйер қауым XV-XVI ғасырлардағы еліміздің ел болып қалыптасуында болған оқиғаларды тамашалай алады. Қасым хан секілді үлкен тұлғаны сомдау, киносын түсіру жауапкершілігі мол дүние. Фильмнің түсіріліміне екі жарымға жуық адам қатысты. Түсірілім қыс пен жаз уақытында болды. Тарихи жобаның дайындығы да күрделі болды, - дейді фильм режиссері Ақан Сатаев.
Айта кетейік, фильмнің түсіру жұмыстары былтыр ақпан айында Алматы облысы Панфилов ауданында басталған. Кейін түсіру жұмыстары Жаркент қаласы мени Кеген ауылы маңында жалғасыпты.
–Фильмнен қазақтың бірлігін көруге болады. Бірлік бар жерде тірлік те, жеңіс те бар. Кинодағы менің рөлім – ел бірлігін көрсету. Ал фильмнің қалай шыққанын киносүйер қауым көріп, бағасын береді деген ойдамын. Мың адам болса, мың түрлі ой да , көзқарас та болады. Біз шығармашылық ұжым ретінде, өз рөлімізді сәтті алып шығуға тырыстық, - деп өз пікірімен бөлісті Бұрындық ханның рөлін сомдаған актер Ерік Жолжақсынов.