Тарбағатай ауылынан шыққан қарапайым қазақ қызы Мөлдір Қасымбаева қазір Нью-Йорктің сән әлемін бағындырып жүр. Манхэттенде өз студиясын ашқан ол америкалықтардың қасын әрлеп, табысты кәсіпкерге айналды. El.kz интернет порталы кәсіпкер арумен тілдескен еді.
«Айлығы аз болған соң жұмыстан шығып кеттім»
Мөлдір Тарбағатай ауылында өмірге келген. Бала кезінен белсенді, білімге құштар болды. 8-ші сыныпқа дейін ауыл мектебінде оқыған соң, жоғары сыныпта Аягөз қаласындағы Кешірімхан Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясына ауысып, білімін жалғастырды. Сөйтіп, Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетіне түсіп, педагог мамандығын меңгерді.
Белсенді студент болғандықтан, оқу орнынан мұғалім болып, университет студенттеріне сабақ беруге ұсыныс түскен. Алайда жарты жыл жұмыс істеп, айлығы аз болғандықтан, өз еркімен жұмыстан шыққан.
Оқи отырыңыз:
Университетте сабақ беріп жүргенде қосымша қыздардың қасын теріп, ақша тауып жүретінмін. Сол ісімді жалғастырайын деп шештім. Қасқа перманентті макияж, татуаж жасауды үйреніп алдым. Одан кейін өзімнің сұлулық салонымды ашып, бірнеше жыл Семейде жұмыс істедім, – дейді ол.
Сонымен қатар, киім сататын бутиктері де болған, осылайша Мөлдір өзін бизнес саласында сынап көрген.
«Нью-Йорк кинода қандай болса, өмірде де дәл сондай»
Мөлдір мен оның жолдасы Америкаға көшуді үнемі армандаған. Алғашқы жылдары визаға өтініш бергенде кері жауап келіп, көңілдері түседі. Бірақ табандылық нәтижесінде бес жыл қатарынан грин-карта лотереясына қатысып, бесінші жылы жолдасы ұтып алды. Мөлдір оған қосымша ретінде автоматты түрде құқық алған.
Қазақстаннан келген алғашқы күндері Мөлдірдің көз алдына сену қиын болған.
Қазақстаннан Нью-Йоркке келгенде өз көзіме сенбедім, қатты қуандым. Нью-Йорк – менің армандағы қалам. Кинода қандай болса, өмірде де дәл сондай. Адамдары да өте мейірімді. Әлі күнге тамсанып, таңырқап жүремін, күнде өзіме бір жаңалық ашамын, – дейді ол.
Қазіргі таңда Мөлдірдің Нью-Йоркте тұрып жатқанына бір жылдан асқан. Алайда бұған дейін ол мұнда бірнеше рет келіп-кетіп жүрген. Нью-Йоркке дейін жолдасымен екі жыл Техаста тұрды.
«Манхэттенде орналасқан жеке студиям бар»
Мөлдірдің қас әрлеумен айналысып жүргеніне 9 жылдан асты. Америкаға келген алғашқы екі жылда толық жұмыс істей алмағанын айтады.
Кішкене қорқақтап жүрдім, америкалықтармен қалай жұмыс жасау керегін білмейтінмін. Кейін ақырындап батылдық жинап, жұмысты бастадым. Қазір бәрі оңай болып кетті, – деді ол.
Бүгінде кәсіпкер арудың жеке студиясы Манхэттенде орналасқан.
Менің студиям қаладағы ең танымал аудандардың бірінде. Бұл орынды әдейі таңдадым, себебі айналамда ағылшынша сөйлейтін адамдардың көп болғанын қаладым. Студияда жалғыз жұмыс істеймін, өзіммен өзім жұмыс істеу маған өте ұнайды. Бұрын салонымда командамен жұмыс істеп көрдім, оңай емес, сондықтан қазір жалғыз жұмыс істеген ыңғайлы әрі жайлы деп есептеймін, – дейді Мөлдір.
«Бір клиенттің қасын 400-500 АҚШ долларға жасаймын»
Америкада кәсіп жүргізудің ерекшелігі лицензия мен ресми рұқсаттарда.
Қазақстанда менің жеке студиям болды, тәжірибем бар. Бірақ Америкада шаш, қас, тырнақ, кірпікпен жұмыс жасау үшін міндетті түрде лицензия алу қажет. Мен де дайындалып, емтиханнан өтіп, лицензия алдым. Сол арқылы ресми түрде қызмет көрсетіп жатырмын, – дейді ол.
Мөлдір шетелде жүріп Қазақстаннан бірнеше есе көп қаражат табатынын жасырмады.
Қазақстанда бір клиенттің қасын 25-30 мың теңгеге әрлейтінбіз. Ал Америкада сол қызмет 400-500 АҚШ долларға жасалады. Бұл баға жоғары көрінгенімен, одан да қымбатқа жасайтын мамандар бар, оның бағасы 800-1000 АҚШ долларға дейін жетеді, – деп бөлісті кәсіпкер.
Сондай-ақ Мөлдір америкалық клиенттердің эмоционалды екенін айтады.
Менің жұмысым оларға қатты ұнайды, кейде қуаныштан кейбіреулері мені құшақтап, тіпті жылайды. Сондай-ақ, қызмет ақысына қосымша сыйлық береді: кейде 100, кейде 200, тіпті 300 АҚШ доллар қалдырады, – дейді кәсіпкер.
«Америкаға бармас бұрын елді алдымен өз көзіңізбен көріңіздер»
Мөлдір қазақ, орыс тілдерін еркін меңгерген, ағылшын тілін орта деңгейде меңгерген, қазіргі таңда тәжірибе негізінде тілін жетілдіруде.
Сонымен қатар ол иммигрант ретінде ешқандай қиындықпен кездеспегенін, жолдасының әрдайым қолдау көрсететінін айтады. Болашақта Қазақстанға оралу жоспары барын да жасырмайды.
Алдағы уақытта не боларын білмейміз, бірақ қазақ болғандықтан кез келген уақытта Қазақстанға оралуымызға болады. Қазірше Америкада өзімізді сынап, тәжірибе жинап көргіміз келеді, – дейді ару.
Мөлдір Америкаға көшкісі келетін жастарға алдымен елді көріп кетуге кеңес береді.
Америкаға бармас бұрын алдымен елді өз көзіңізбен көріңіздер. Ағылшын тілін үйреніп, кез келген жағдайға дайын болыңыздар. Көшкен кезде заңды бұзбай, ресми құжаттармен жүріңіздер. Америка – азаматтарын қолдайтын және қорғайтын мемлекет, ал егер өз ісіңізде жақсы екеніңізді көрсете білсеңіз, сізді бағалайды, – деді кәсіпкер.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы қандай түстер трендке айналатыны жайлы жазған едік.