"Қасқырға қой бақтырғандай": Полиция қызметкерлері тәркіленген есірткіні қайта сатқан

11 Желтоқсан 2023, 12:50 2786

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса құқық қорғау қызметкерлерінің есірткі сатып жүргені туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылдың өзінде еліміздің 8 өңірінде 11 полиция қызметкері, арасында басшылары да бар, есірткіні сатып, өткізіп жатқанда ұсталған. Бұл полиция қызметкерлері тәркіленген есірткіні қайтадан айналымға сатып жатыр деп айыпталуда. Бұл не масқара? Қазақ «ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса, не себеді» дейді. Тәркіленген есірткі күшейтілген режимде қорғалып, ерекше тәртіппен жойылуы тиіс емес пе? Сонда біз қасқырға қой бақтырғандай, есіркімен күресуді кімдерге сеніп тапсырғанбыз? - деді депутат.

Қазыбек Исаның сөзінше, биыл күзетші иттердің өзі 260 есірткі қылмысын ашып, 6 тоннадай есірткі тәркілеген. Иттер есірткіні табады, полиция оны айналымға қайтадан сатады.

Тәркіленген есірткіні жоюды бұдан да қатаң күшейту керек, полицияның өзіне бақылау қажет деп білеміз. Мемлекет, қоғам болып аса қауіпті дертпен күресіп жатқанда, полицияның мұндай қылмысы жайлы не дейсіз? Құқық қорғау органы қызметкерлерінің қылмысы жайлы ресми статистика бар ма? Онымен күресуде не істеп жатсыздар? Бұдан кейін өзі қылмыс жасайтын полицияға ел қалай сенеді? Есірткі сатқан полицияға есті адам сене ме? - деп депутат өз сауалын ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдады.

Министр депутаттың бұл ақпаратын растады.

Бүгінде тәркіленген есірткінің 1 грамын ғана экспертизаға аламыз. Қалғанының бәрін жоямыз. Бүгінгі күнде «екінші рет айналымға енгізу» деген сөз жоқ, - деді ІІМ басшысы.

Ержан Саденов есірткі қылмысымен айналысқан қылмыскерлердің барлығын сатқын деп атады.

Олар ішкі істер саласының мыңдаған адамының жұмысына, беделіне кір келтіргендер. Сол себепті оларды қылмыскерлер деп санаймын. Тікелей бастықтары, командирлері қарамаған. Өзіңіз білесіз, Ішкі істер министрлігі деген – үлкен армия. Мұны жоюға, күресуге тырысамыз. Мұндай болмауы керек, - деп жауап берді министр.

Миражан Махан
Бөлісу: