Алматы әкімдігі қаладағы көлік кептелісін азайту үшін бірқатар шара қабылдауда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әкімдік мәліметінше, қазірдің өзінде мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілді: олар енді таңғы 8:30-да жұмысын бастайды, ал түскі үзіліс ұзақтығы 1,5 сағатқа дейін артты.
Қарастырылып отырған бастамалар:
мемлекеттік қызметкерлердің 30%-ына дейін қашықтан жұмысқа көшіру;
жеке компаниялардың да кеңсе қызметкерлерін қашықтан жұмысқа жіберу мүмкіндігі, бірақ шешімді жұмыс берушілердің өзі қабылдайды;
ЖОО мен колледждерде сабақ басталу уақытын өзгерту: бір бөлігі – таңғы 8:00-де, қалғаны – 10:00-де.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мұндай тәсіл 637 мыңнан астам студенттің оқу орындарына әртүрлі уақытта келуін қамтамасыз етеді және осылайша таңертеңгі қарбалас сәттегі жол қозғалысын жеңілдетеді.