Қашағанның өндірістік әлеуеті жылына 75 млн тонна мұнайға жетуі мүмкін - Әлихан Смайылов

7 Қыркүйек 2023, 01:28 828

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов республиканың мұнай-газ саласы ардагерлерінің қатысуымен Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы атап өткендей, 1993 жылдан бері Солтүстік Каспийде ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ондаған келешегі бар құрылымдарды анықтауға мүмкіндік берді.

«Барлау жұмыстарының басты нәтижесі Қашаған кен орнының коммерциялық ашылуы туралы бүкіл әлемге жариялау болды. Бұл кен орнының ерекшелігі – мұнда орасан зор мұнай мен газ қоры болғанымен, оны игеру жұмыстарының күрделілігі», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, сол кезеңде жас тәуелсіз Қазақстанның теңіздегі мұнай өнеркәсібі енді ғана пайда болған еді, ал шетелдік инвесторлар Солтүстік Каспийдің ерекшеліктерімен – экологиялық жағдайымен, қыс мезгілінің қаталдығымен, таяз су және басқа да қиындықтармен енді таныса бастаған болатын.

«Қашаған жобасының талаптарына сәйкес келетін арнайы жабдықтарды жасау үшін инновациялық технологияларға бірталай күш пен қаражат жұмсалды», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов бүгінгі таңда осы қажырлы еңбектің нәтижелері көрініп отырғанын атап өтті. Бүгінде шамамен 90 млн тонна мұнай, 55 млрд текше метр газ өндірілді, $60 млрд-тан астам инвестиция тартылды, жергілікті қамтуды дамытуға $17 млрд-тан астам инвестиция салынды, 10 мыңға жуық адам, ал құрылыс кезеңінде 40 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар Солтүстік Каспий жобасының операторы – North Caspian Operating Company консорциумы алдында өндірісті одан әрі ұлғайту бойынша маңызды міндеттер тұрғаны атап өтілді. Сарапшылардың бағалауынша, Қашағанның өндірістік әлеуеті тәулігіне 1,6 млн баррель мұнайға жетуі мүмкін. Бұл – жылына 75 млн тоннаға жуық мұнай.

«Кен орнында газ өңдеу қуатын дамыту да өте маңызды мәселе. Осы мәселе бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті тапсырма бергені белгілі. Біз оны белгіленген мерзімде әрі толық көлемде орындауымыз керек. NCOC ұжымының алға қойған мақсаттарына жетуі үшін зор әлеуеті бар екеніне сенімдімін», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметі бірлескен жоспарларды іске асыруда әрқашан сындарлы диалогқа ашық.

«Біз Консорциумның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», — деп түйіндеді ол сөзін.

Іс-шарада NCOC компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар да сөз сөйледі.

«Мен қазіргі жетістіктерімізді мақтан тұтамын және ҚР Үкіметімен бірге бұдан да үлкен жетістіктерге жетеміз деп үміттенемін. Оператор ретінде NCOC компаниясы Қазақстан экономикасына барынша пайда әкелуге және елдің қарқынды дамуына лайықты үлес қосуға ұмтылады», — деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ҚР Премьер-Министрі Солтүстік Каспий жобасының ардагерлерін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапаттады.

NCOC басшылары мен жауапты қызметкерлері, жоба ардагерлері ІІ дәрежелі «Парасат», «Құрмет», «Достық», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Берік Арманов
Бөлісу: