Қаржылық сауатыңызды арттырып, бай болу үшін не істеу керек?

13 Желтоқсан 2023, 18:36 4181

Қаржылық сауаттылық – бұл жай сөз немесе тренд емес. Бұл біздің қаржымызды тиімді басқару, дұрыс қаржылық шешімдер қабылдау және қаржылық әл-ауқатқа ұмтылу қабілетімізді анықтайтын ажырамас дағды. Бұл мақалада біз қаржылық сауаттылықтың не екенін, оның неліктен маңызды екенін және әрқайсымыз қаржылық дағдыларымызды қалай жақсарта алатынымызды қарастырамыз.

Уоррен Баффет: Сіз жасай алатын ең жақсы инвестиция — бұл өзіңізге инвестиция... неғұрлым көп оқысаңыз, соғұрлым көп ақша табасыз

Қаржылық сауаттылық – бұл сіздің қаржыңыз туралы саналы шешім қабылдау үшін қаржылық білімді үйрену және пайдалану мүмкіндігі. Бұған бюджеттеу, қарызды тиімді басқару, инвестициялау, зейнетке шығуды жоспарлау және барлық қаржылық мәселелер бойынша ойластырылған шешімдер қабылдау мүмкіндігі кіреді. Бұл сізге қаржылық тұрақтылыққа, стресстің төмендеуіне және өмір сапасының жоғарылауына әкелетін шешімдер қабылдау үшін білім береді.

Ең алдымен қазіргі қаржылық сауаттылық деңгейіңізді анықтайық.

Қаржыны басқару дағдыларын бағалау үшін төмендегі он сұраққа шынайы жауап беріңіз. Әр «иә» деген жауап үшін өзіңізге бір ұпай қойыңыз. Сәйкесінше ұпайлар неғұрлым көп болса, қаржылық сауаттылық соғұрлым жоғары болады.

  1. Кірістеріңіз бен шығыстарыңыз туралы ай сайын есептеу жүргізесіз бе?
  2. Сізде бар қарыздар мен несиелік міндеттемелерді азайту үшін қадамдар жасайсыз ба?
  3. Несиелік рейтингіңізді білесіз бе?
  4. 3-6 ай аралығында өмір сүру үшін орташа есеппен қанша ақша жұмсайтыныңызды білесіз бе?
  5. Кенеттен туындаған қиындықтарды қарыз алмай-ақ жеңуге мүмкіндік беретін резервтік қорыңыз бар ма?
  6. Көп мөлшердегі пайыздар қалай жұмыс істейтінін және олардың инвестицияның өсуінде қандай рөл атқаратынын білесіз бе?
  7. Қаржыңыз бен инвестицияңызды қорғайтын қандай сақтандыру түрлері бар екенін білесіз бе?
  8. Мүмкіндік болған жағдайда салық шегерімдерін пайдаланасыз ба?
  9. Коммуналдық төлемдерді уақытында төлейсіз бе?
  10. Инвестициялар мен сақтандыру арасындағы айырмашылықты түсінесіз бе?

Қаржылық сауаттыңызды қалай арттыруға болады?

Қаржылық сауатты болудың алғашқы қадамы – қазіргі қаржылық жағдайыңызды түсіну. Бұл сіздің кіріс, шығын, қарыз және активтеріңізге мұқият қарауды білдіреді. Нақты мақсаттар қойып, оларға жетудің жоспарын жасау үшін қаржылық жағдайыңыз туралы нақты түсінік алу маңызды. Ол үшін бір айлық табысыңыз (кәсіптен түскен пайда, айлық, бонустар т.б.) бен шығыныңызды (несие, ипотека, ай сайын кететін негізгі және қосымша шығындары және т.б.) есептеу керек. Есептеулерді Microsoft Excel, Google Sheets, WalletApp сияқты бағдарламаларда немесе қарапайым қағаз бетінде жүргізуге болады.

Қаржылық жағдайыңызды түсінгеннен кейін, қаржылық мақсаттар қою керек. Бұл мақсаттар нақты, өлшенетін және қол жетімді болуы керек. Мысалы, сіз несие картасы бойынша қарызды төлегіңіз, үйге алғашқы жарна жинағыңыз немесе жинақ мөлшерлемесін арттырғыңыз келуі мүмкін. Нақты қаржылық мақсаттарға ие болу сізге ынталы болуға және жолда қалуға көмектеседі.

Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабында ұсынған мақсат қоюдың «SMART» әдісі

  1. SPECIFIC/НАҚТЫ. Мақсатыңыз айқын әрі нақты болуы керек. «Көп ақша табу» секілді жалпылама қойылған мақсат ешқашан жүзеге аспайды. Тек арман болып қалуы мүмкін. Мақсат нақты болғаны секілді қарапайым әрі жас бала да түсінетіндей ұғынықты болуы тиіс. Мысалы, Алматы, Шымкент қаласынан балалар аяқкиімін сататын дүкен ашу.
  2. MEASURABLE/ӨЛШЕУЛІ. Мақсатыңыздың өлшемі мен көлемі анық болуы керек. Мысалы, Алматы қаласында балалар аяқкиімін сататын үш дүкен ашу, жылдық сауда айналымының көлемін 1 000 000 000 теңгеге дейін көтеру, инстаграм парақшасының оқырман санын бір жылда екі жүз мыңға жеткізу т.б. Қойылған мақсаттың нақты мөлшері, алдын-ала бекітілуі, межеге жетудің дәл өлшемі болумен қатар, оны жүзеге асыру үшін қажетті ресурсты түгендеп, толыққанды жоспар жасауға адамды жігерлендіреді. Оны мына сұрақ арқылы нақтылауға болады: «Мақсатқа жетіп-жетпегенімнің өлшемі қандай?»
  3. ATTAINABLE/ҚОЛЖЕТІМДІ. Қойылған мақсатқа жету шамадан тыс болмауы қажет. Ол үшін қажетті ресурс пен уақыт жеткілікті болуы шарт. Мақсаттың орындалуына ең әуелі адамның өзі сенімді болмағы шарт. Мысалы, «екі жылдың ішінде 50 нүктеден аяқ киім дүкенін ашамын» деген мақсат қойдыңыз делік. Оған қаржы, уақыт, іскерлік қабілет және білікті команда секілді ресурстар мен өмірлік тәжірибең жеткіліксіз болса, оның орындалу ықтималы әрине өте төмен. Өйткені мақсат иесі оның орындалу шарттарын қамтамасыз еткен жоқ. Ал сенім жоқ жерде тау қопарар шынайылық та, жетістік те болмайды. Ол тек қиял мен арман күйінде қалады. Мақсатқа жету мүмкіншілігіңді тексеру үшін өзіңе мына екі сұрақты қоя білген жөн. Бұрын-соңды мұндай мерзімде, осындай ресурстармен мақсатқа жеткен адам бар ма? Егер бұл сұрақтарға беретін жауап «жоқ» болса, онда қойған мақсатыңа түзету енгізіп, қосымша уақыт, ресурс мүмкіндігін қайта қарастырғаның жөн.
  4. RELEVANT/МАҢЫЗДЫ. Мақсаттың басты бағыты мен түпкі мәнін һәм оның болашақтаға пайдасын анықтап алған тиімді. Әйтеуір жасалуы керек деп пайдасы жоқ, қажетсіз істерді мақсат ретінде таңдап алып, уақыт пен күш-қуатыңды, қаражатыңды босқа шығындауға жол беруге болмайды. Көп адамның бастаған ісі аяқсыз, жасаған жұмысы нәтижесіз қалатындығының басты себебі - мақсат айқындалмауынан. Мысалы, шет тілін үйрену үшін арнайы курсқа жазылғандардың көбі орта жолдан тастап кетіп жатады. Оған себеп - тілді не үшін, қандай мақсатта үйрену керектігін білмеу. Яғни еліктеушілік. Сондықтан әуел баста өзіңе «Алға қойған мақсатым орындалған кезде, оның қандай пайдасы болады?», «Бұл мақсатымды қазір орындау маған тиімді ме? Жоқ әлде басқа уақытқа шегерген дұрыс па?», «Бұл мақсат бойынша жұмыс жасауым өзіме және жақындарыма қандай әсері болуы мүмкін?» т.с.с. сұрақтарды анықтап алған жөн.
  5. TIME BOND/УАҚЫТЫ ШЕКТЕУЛІ. Мақсатқа жетудің тағы бір шарты, яғни көзделген істің аяқталатын мерзімі нақты жоспарлануға тиіс. Мысалы, 2022 жылдың наурыз айының 20-шы жұлдызында Шымкент қаласында аяқкиім дүкенінің ашылу рәсімін жасаймын дедіңіз. Мақсат қаншалық маңызды болса, оның орындалу мерзімінің нақтылануы да соншалықты өзекті. Уақыт мерзімі нақты болған тұста межең де айқындалып, өзіңді барынша қамшылайсың, әрі ресурстарың мен бар қабілетіңді толық қолдануға тырысасың. Ал мақсат етілген істің мерзімдері кезең кезеңімен белгіленбеген жағдайда, арқаңды кеңге салып, жайбарақат жүріп алуың мүмкін. Сондай-ақ мерзімнің бекітілмеуі келесі кезектегі басқа мақсаттарыңды жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Мақсаттарың миыңда «қоқыс» күйінде мазалап тұра береді.

Келесі маңызды кезең – бюджетті жоспарлау. Бюджет – бұл сіздің қаржылық мақсаттарыңызға жетуге көмектесетін қуатты құрал. Бюджет – бұл сіздің ақшаңызды ай сайын қалай жұмсайтыныңызды көрсететін жоспар. Бюджеттеу кезінде шынайы болу және оның нақты кірістер мен шығыстарға негізделгеніне көз жеткізу маңызды. Бюджетті жоспарлаудың бірнеше әдістері бар:

Қаржылық сауаттылықтың келесі кезеңі – үнемдеу. Бүгінде әлеуметтік желілерде үнемдеудің орнына көбірек ақша табу қажет деген үндеулер бар. Үнемдеу деген – ол барлық қажеттіліктерден бас тарту емес, керек емес шығындарды азайтып, сол қаржыны одан әрі көбейту және мақсаттарыңызды орындау. Джордж Клейсон «Вавилондағы ең бай адам» кітабында әр табысыңыздың 10%-ын жинау және жиналған қаржының одан әрі көбеюіне әрекет жасау керектігін айтады. Үнемдеудің тағы бір жолы – не сатып алатыныңызды алдын ала жоспарлау. Біз өзімізге дәл қазір немесе мүлдем қажет болмайтын заттарды эмоцияның, маркетиң тұзақтары мен түрлі триггерлердің әсерінен сатып аламыз. Бірақ эмоция мен алғашқы әсер басылған соң, бұл әрекетіміздің орынсыз екенін түсініп өкінеміз. Сондықтан дүкенге барар алдында нақты сатып алатын заттардың тізімін жасаңыз. Тізім жасаудың артықшылығы – біріншіден, сатып алу керек заттарды ұмытпайсыз, екіншіден, қажет емес заттарды сатып алмайсыз, үшіншіден, сатып алуға кететін қаржыны есептеп, нақты жоспар құра аласыз.

Пассивті табыс көздерін табу. Пассивті табыс адамның белсенді қатысуын қажет етпейді. Басқаша айтқанда, бұл сізге жалақы сияқты белгілі бір жиілікте келетін табыс, бірақ бұл үшін жұмыс істеудің қажеті жоқ. Оған депозит, инвестиция, жылжымайтын мүлікті жалға беру, авторлық патенттелген өнімдерден түсіп тұратын пайда және т.б. жатады. Ескерту: пассивті табыс көздерін дұрыс қолдану үшін міндетті түрде қаржылық білім қажет. Интернеттегі ақшаңызды көбейтіп береміз дейтін «алаяқтарға» алданып қалмаңыз!

Қаржылық сауаттылыққа жетудің ең маңызды жолы – білім алу. Жалпы кез келген істі бастауда сол туралы білім алу маңызды. Бүгінде қаржыны басқару, бюджетті жоспарлау, үнемдеу туралы деректі фильмдер, видео-материалдар, подкасттар, талдамалық мақалалар, қаржы мамандарымен сұхбаттар сиқяты тегін контенттер бар. Алайда әлеуметтік желілерде қаржылық сауатты болу туралы белгісіз адамдардың курстарын сатып алмас бұрын жақсырақ ойланыңыз, басқа қаржы мамандарымен салыстырыңыз, курстың бағдарламасымен алдын ала танысып, оның қаншалықты бірегей, пайдалы екендігін талдаңыз.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: