Қаржы вице-министрі: Табысты декларациялау шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықты тоқтатады

18 Шілде, 13:10 653

Қазақстанда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Табысты есепке алу бірнеше сатыдан тұрады. Бірінші кезеңде 580 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер тапсырса, екінші кезеңде 2,1 млн қызметкер табыс мөлшерін көрсеткен. Биылдан бастап декларациялаудың үшінші кезеңі жүзеге асып жатыр. Заңды тұлғалар мен құрылтайшылар, лауазым иелері және олардың жұбайлары өздеріне тиесілі активтер мен мүлік мөлшерін көрсетуге міндеттелді. Осы орайда Қаржы вице-министрі Ержан Біржановпен сұхбаттасып, табысты декларациялаудың экономикаға қалай әсер ететінін сұрап білдік.

El.kz: Халық пен бизнеске кірісті жалпыға бірдей  декларациялау жүйесін не үшін енгізу қажет?

Ержан Біржанов: Мүлік кірістерін жалпыға бірдей декларациялау тұжырымдамасы жеке тұлғалардың табыстарын жан-жақты бақылауды қамтамасыз етіп, салық төлеуден жалтарған адамдарды анықтауға бағытталған.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету бойынша жеке тұлғалардың кірістерін толық ауқымды салықтық бақылау міндетін шешудің маңызды шарты - халықтың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау болып саналады.

Ең бастысы, кірісі төмен азаматтардың декларациялары мемлекетке қоғамдағы нақты әлеуметтік ахуалды бағамдап, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

El.kz: Кірістерді міндетті декларациялау тәртібін енгізу арқылы Үкімет нені көздеп отыр?

Ержан Біржанов: Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті:

- әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;

- жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру;

- сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету болып табылады.

El.kz: Аталған жолды таңдаған елдер бар ма және осы тетікті нақты кімдер қолданып жатыр? Мұның экономикаға, сондай-ақ халық пен бизнеске қандай пайдасы бар?

Ержан Біржанов: Жалпыға бірдей декларациялау тәсілі халықтың нақты табысын салық түрінде бақылау және көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл құралы ретінде әлемнің көптеген елінде, оның ішінде АҚШ, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Австрия, Италия, Чехия, Сингапур және тағы басқа мемлекеттерде қолданылып келеді. Осы ретте ТМД кеңістігінде Қазақстан аталған жүйені бірінші болып қолға алғанын айта кеткен орынды. Мұның алғашқы нәтижелері жалпыға бірдей декларациялаудың барлық кезеңі енгізілгеннен кейін байқалады.

El.kz: Табысты декларациялау тәртібін енгізуден қандай нәтижені күтіп отырсыздар?

Ержан Біржанов: Декларациялау рәсімі ел азаматтарының барлық шетелдік активін, жылжымалы әрі жылжымайтын мүліктерін ашып көрсететін «кіру» декларациясын ұсынудан тұрады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасындағы мүлкі жөніндегі мәліметтері мемлекеттік кіріс органдарына уәкілетті органдардан келіп түсетінін атап өткен жөн. Болашақта азаматтар ірі мүлікті сатып алған жағдайда оған жұмсалған табыстың шығу көздері туралы декларацияланы өткізетін болады. Ал бұл мәліметтер олардың толықтығы мен растығын анықтау мақсатында уәкілетті органдар мен үшінші тұлғалардың деректерімен салыстырылады. Мұндай салық бақылау жүйесі жеке тұлғалардың шығыстарының табысынан асып кетуін анықтауға септігін тигізеді.

Мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларында шығыстар мен кірістерінің сәйкессіздігі анықталған жағдайда тиісті мәліметтер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданады.

Осылайша аталған тетік бағалы мүлік пен басқа да активтердің екінші-үшінші тұлғалардың атына қайта тіркеу фактілерін жойып, сондай-ақ келешекте адамдардың, оның ішінде шенеуніктердің өзара байланысын ажыратуға септігін тигізеді.

El.kz: Кірістерді декларациялау көлеңкелі экономикамен күресуге қалай ықпалын тигізеді?

Ержан Біржанов: Декларациямен Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерде мүлікке иелік ететін әрбір азамат қамтылады. Жалпыға бірдей декларациялау шеңберіндегі салықтық бақылау жеке тұлғаның шығыстарымен кірістерін салыстыру арқылы жүзеге асады. Сонымен, егер жеке тұлға өз кірістерін декларацияламаса, онда қымбат мүлікті сатып алу кезінде мұндай мүліктің құны жеке тұлғаның өз бетінше салық салуға жататын кірісі  ретінде танылады  және 10% мөлшерлеме  бойынша жеке табыс салығы салынады.

El.kz: Жеке және заңды тұлғалар үшін кірістерді декларациялау процесі қандай кезеңдерді қамтиды?

Ержан Біржанов: Жалпыға бірдей декларациялау Қазақстанда төрт кезеңде өтеді.

Мәселен, бірінші кезеңде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 580 мыңға жуық мемлекеттік қызметші және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары «кіру» декларациясын тапсырды.

Үшінші кезеңде, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны шамамен 2,4 млн. жеке тұлғалар тапсырады  – олар заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары.

Төртінші кезеңде, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың қалған санаттары табыс етеді (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар).  Жалпы 7,9 млн жеке тұлға қамтылады деп жоспарлануда.

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне шамамен 13 млн. адам енеді деп күтілуде.

El.kz: Декларацияны толтыру кезінде азаматтарда қандай қиындықтар туындайды? Нысанды толтыру үшін қанша уақыт қажет, толтыру бойынша ұсыныстар немесе нұсқаулар бар ма?

Ержан Біржанов: Жеке тұлғалар «кіру» декларациясын толтыру кезінде Қазақстанда тіркелген жылжымайтын мүлкін және көлігін көрсетіп жатады. Алайда, бұл мәліметтерді декларацияда көрсетудің қажеті жоқ. Себебі, бұл мәліметтерді біз уәкілетті органдардан аламыз.

Кірістер мен мүлік туралы жыл сайынғы декларацияда (270.00-нысандар) өз бетінше салық салуға жататын кірістерді дұрыс анықтамайды. Аталған кіріс мүлікті сату кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс, мүлікті жалға беруден түскен кіріс болып табылады.  Сондай-ақ ЖТС есептеу кезінде де қателіктер жіберіледі.

Декларациялау тәртібін жаппай түсіндіру мақсатында көп арналы жүйесі негізінде 1414 Бірыңғай байланыс орталығының МКК байланыс орталығы және 222 аудандық МКБ-да күн сайын консультациялық орталықтар жұмыс жасайды.

Базарларда, сауда орталықтарында, кинотеатрларда радио хабарландыру, бейнероликтер, жеке кеңес беру, вебинарлар, семинарлар, БАҚ-қа арналған сұхбаттар, Мемлекеттік кірістер органдарының интернет-ресурстарында және әлеуметтік желісінде баспасөз релиздерін орналастыру арқылы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

El.kz: Мысалға, егер адам декларацияда қате жіберсе немесе, айталық, онда қандай да бір деректерді көрсетуді ұмытып кетсе, түзетулер енгізуге немесе декларацияны қайта тапсыруға бола ма?

Ержан Біржанов: Декларация дұрыс толтырылмаған жағдайда, егер тапсыру мерзімі әлі аяқталмаған болса  жеке тұлға декларацияны кері қайтарып алып, декларацияның дұрысын қайта ұсына алады.

Сонымен қатар, салықтық ескіру мерзімі шеңберінде жеке тұлға қосымша декларацияны тапсыру арқылы бұрын ұсынылған декларацияны дербес түзетуге құқылы.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: