Қаржы министрлігі іске қосқан жаңа OrtaBilim ақпараттық жүйесі жеті өңірдегі жекеменшік мектептер алдындағы берешекті өтеуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ақтөбе облысының білім беру ұйымдары 1,5 млрд теңгеден астам қаржыға ие болды. Маңғыстау өңіріндегі мектептерге 2 млрд теңгеден көбірек қаражат төленсе, Шымкент қаласына 6,7 млрд теңгеден аса сома аударылды. Бұдан бөлек, Түркістан, СҚО, ШҚО және Павлодар облыстарындағы жекеменшік мектептерге 4,8 млрд теңгеден жоғары қаржы бағытталды.
Білім басқармалары мен білім ұйымдары арасында жалпы сомасы 60 млрд теңгеге келісімшарт жасалып үлгерді. Жергілікті бюджеттен жеке мектептерді қаржыландыруға бөлінген қаражат көлемі 79 млрд теңгеге жеткен. Өңірлердегі бюджеттің орындалуы, өтінімдер, келісімшарттар мен актілер туралы толық мәлімет аталған сервистің сайтында ашық көрсетілген.
Маңғыстау - жекеменшік мектептер алдындағы қарызды толық өтеген алғашқы өңірлердің бірі. Аймақтағы елуге жуық жекеменшік мектеп қызмет көрсету туралы келісімшартты 4,6 млрд теңгеге бекіткен. Қыркүйек-қазан айларында 2,1 млрд теңгесі төленді, қалған қаражат жақын күндері түседі деп жоспарланған.
OrtaBilim дерегінше, жекеменшік мектептерден 72 млрд теңгенің өтінімі түскен. Ал өңірлер жалпы шамамен 80 млрд теңге бөлуге дайын. Тек Шымкент пен СҚО-да сұралған қаражат көлемі бюджеттен асып кеткен: Шымкентте 14,5 млрд теңге қарастырылса, өтінім 16,6 млрд теңгеге жетті. СҚО-да 405 млн теңгеге қаржы бөлінгенімен, өтінімдер сомасы 506 млн теңгені құрап отыр.
OrtaBilim - Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ әзірлеген өнім. Бұл компания еліміздің IT саласында көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымдардың бірі. Биыл орталықтың құрылғанына 32 жыл толды, ол 1993 жылы 2 қарашада Министрлер кабинетінің қаулысымен ашылған.
АЕО осы уақыт ішінде мемлекеттік мүлік тізілімінен бастап, астық қолхаттарын тіркеу, қаржылық есептілік депозитарийі, азаматтардың банкроттығы жүйесі, шекарадағы электронды кезек, CarGoRuqsat пен CarGoAlem сервистері, мұнай және алкоголь өнімдерін бақылау жүйелері, жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы сияқты көптеген цифрлық жүйелерді әзірлеп, техникалық қолдау көрсетіп келеді. Барлық жүйе деректерді қорғау талаптарына сай сертификатталып отырады.