Қаржаубай Сартқожаұлы өмірден өтті

27 Шілде, 16:48 925

Белгілі ғалым, түрколог  Қаржаубай Сартқожа өмірден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы қаламгер Бекен Қайратұлы әлеуметтік желіде жазба жариялады.

"Қазақтың аймаңдай азаматы, жанкешті ғалым, ұлтының жоғын жоқтаған түрколог - ғалым Қаржаубай ағамыз бақиға аттанды.Алла алдынан жарылқасын! Туған-туыс, ағайын-жұртқа және жеңгеміз Жәлейге көңіл айтамын! Қобда бетінің қазақтары арысың аттанды, Алла панасына алғай", - деп жазды қаламгер. 

Қаржаубай Сартқожа 1947 жылы 21 наурызда Моңғолияның Баянөлғей өлкесінде дүниеге келген. 1968-1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірген. 1985-1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыған. 1973-1975 жж. Баянөлғей аймағындағы №1 орта мектепте ұстаз болды. 1975-1989 жж. Моңғолия ҒА Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, 1990-1993 жж. Моңғолия Республикасының Парламентінің мүшесі болып сайланды. 1993—1996 жж. Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры, 1996-1999 жж. Баянөлгей аймақтық мәслихат төрағасы 1999-2001 жж. Моңғолия ҒА-ның Баян-Өлгей аймағындағы Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры, 2001 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің "Еуразия" гуманитарлық ғылыми-зерттеулер орталығынң Түркология зертхана меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері, 2010 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығынң директоры болып қызмет етті. 

Тарих ғылымының кандидаты, профессор. «Қош бол, апа!», «Қыранның қазасы», «Сәйгүліктер» атты көркем прозалық кітаптардың, 250-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. «Бір автобустағылар» (1986) атты кітабы моңғол тілінде жарық көрген. «Этнокультурный связь древно-тюркского-уйгурского каганата» (Алматы, 1988), «Объединенный каганат тюрков», (Астана, 2001) ғылыми кітаптары шықты. 30-ға жуық ғылыми мақалалары орыс, француз, ағылшын, моңғол, қазақ, қытай тілдерінде ғылыми басылымдарда жарияланды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: