«Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтардың өмірін жақсартуға жаңа мүмкіндік береді

Бүгiн, 02:46 276

«AMANAT»-та халық арасында кеңінен сұранысқа ие партиялық жобалардың бірі – «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жұмысы қорытындыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған жоба екі жылдан аз уақыт ішінде Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру және «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытындағы маңызды бөлігіне айналды. Партияның көмегімен 780 мың отандасымыздың қаржылық сауаты жақсарды.

Мемлекеттің барлық ресурсы ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Себебі бұл – Президенттің саяси және әлеуметтік реформаларының басты мақсаты. Жиынға қатысушыларға қарата айтқан сөзінде Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» жобасы елдегі жаңа саяси мәдениеттің үлгісіне айналғанын атап өтті. Жобаны табысты жүзеге асыру мақсатында партия, Парламент, Үкімет, жергілікті билік органдары, қаржы секторының өкілдері мен белсенді азаматтар бірлесіп жұмыс істеуде.

Мәжіліс Спикері халықтың шектен тыс несие қарызына батуы қоғамдағы ең өткір проблемалардың бірі екенін жеткізді. Оны шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі шаралар қабылдауда. Президент тапсырмасы бойынша жеке тұлғалардың банкроттығы және несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту туралы заңдар қабылданды, ал бес жыл бұрын біржолғы кредиттік амнистия жарияланып, 500 мың адамның несиесі кешірілді.

Алайда, Ерлан Қошанов атап өткендей, жағдайды түбегейлі түзету үшін мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу маңызды. Дәл осы мақсатта «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысы жоғары баға берген қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыру жобасын бастады.

Шын мәнінде, «Қарызсыз қоғам» жобасы партиялық жобадан жалпыұлттық деңгейге көтерілді. Біз Президент алға қойған ауқымды, стратегиялық міндетті – қоғам мәдениетін өзгерту мәселесін бірлесе шешіп келеміз. Біз азаматтарға мәселені мемлекет шешіп бергенін күтіп отыра бермей, өмірді өз күш-жігерімен жақсартуына мүмкіндік береміз, өзінің және жақындарының тағдырына жауапкершілік алуға үйретеміз. Сонымен қатар, азаматтардың бойына адал еңбек етіп, лайықты табысқа жетуге және болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін жаңа қабілеттерді дарытамыз. «Қарызсыз қоғам» жобасы – жаңа мемлекеттік стратегияның бір бөлігі. Бұл – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру бағытының негізгі идеясы және «Адал азамат» бастамасының өзегі, – деді Мәжіліс Спикері.
Перизат Саденова
Бөлісу: