«Қарызсыз қоғам» 160 мыңға жуық қазақстандыққа қаржылық білім берді

Бүгiн, 18:05 118

15 қараша – Ұлттық валюта күні және Қаржыгерлер күні қарсаңында халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы жыл басынан бергі аралық нәтижесін қорытындылады. Жоба аясында елдің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар үш қалада 159 105 адам қаржылық сауаттылық бойынша білім алып, өз бюджетін басқару, қарыздардан арылу және қаржылық тәуелсіздікке жету жолдарын үйренді. Игі бастама халықтың қаржылық мәдениетін арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту туралы тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық 20 өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржылық сауатқа жаппай оқыту ұйымдастырылды. Қатысушылар түске дейін дәріс тыңдап, түстен кейін қатысушының қалауы бойынша жеке консультациялар алады. Биылғы қаржылық сауат курстары 5 ақпанда басталды.

Қатысушылардың орташа жасы 36-49 жас аралығында, олардың басым бөлігі – әйелдер (113 мың) және ауыл тұрғындары (90 мың). Сондай-ақ, 41 мың адам – төрт және одан да көп баласы бар отбасы өкілі.

Одан бөлек, қатысушылар арасында 111 мыңнан астам адамның несиесі бар, ал 10 мың адамның несиесі 90 күннен астам уақытқа кешіктірілген. Оқу нәтижесінде қатысушылардың 40%-дан астамы несие қарызын реттеу жолдарын қарастыруда. Әдетте, несиені төлеуге отбасы бюджетінің 60%-дан астамы жұмсалады, сондықтан ай сайынғы төлемді азайту – қарыз жүктемесін жеңілдетудің тиімді шарасы болып отыр.

Сондай-ақ, несиені қайта құрылымдау туралы өтініштерді жылдам әрі тиімді қарау үшін жобалық кеңсе мен Қаржылық қызметтерді реттеу және дамыту агенттігі бірлесе отырып, жаңа алгоритм әзірледі. Осы алгоритм арқылы өтініштерді банктің қарау уақыты екі есеге қысқарып, қаржы институттарынан оң жауаптар көбейді.

Жоба аясында қаржы сарапшылары мен заңгерлер 64 мыңнан астам консультация өткізді. Олар несие төлемдерінің жаңа кестелерін құру, соттан тыс банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру, гранттар мен жеңілдетілген несиелерге арналған бизнес-жоспарлар жазу бойынша көмек көрсеткен.

Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылардың 15%-дан астамы табыс көзін арттыру мақсатында өз кәсібін ашты. Қаржы сарапшылары бизнес-жоспар жазуға, грант немесе жеңілдетілген несие алуға қажетті құжаттарды жинауға көмек көрсетіп қана қоймай, бір жыл бойы сату, маркетинг, нормативті-құқықтық құжаттар, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу мәселелері бойынша кеңес береді. Биыл өткен жылдың 65 мың түлегінің ішінен 18 мыңға жуық адам қайтадан заңгерлік және консультациялық көмекке жүгінген.

Сауалнама нәтижесінде қатысушылардың 85,5%-ы қаржылық жағдайын жақсартқанын атап өткен. Жинақ депозиттерін ашқан қатысушылар үлесі артып келеді (мерзімсіз депозит – 16%, мерзімді депозит – 28%, жинақ депозиті – 15%).

Қатысушылардың 75%-ы интернет және телефон алаяқтарынан қорғануды үйренді. Несие санын азайтқандар – 38%, несиелер бойынша ай сайынғы төлемді төмендеткендер – 65%, несие алу алдында төлем қабілеттілігін алдын ала есептеуге кіріскендер – 90% көрсеткен.  Қатысушылардың 3,2%-ы толықтай несиеден бас тартқан.

Айта кетейік, жыл соңына дейін 750 мың қазақстандықты, оның ішінде 150 мың ересек тұрғын, 100 мың студент және 500 мың мектеп оқушысын «Қарызсыз қоғам» курстарымен қамту жоспарланған.

Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: