Қарызға батқан қазақстандықтар қаржылық сауат курстарынан өтеді

29 Қаңтар, 15:58 922

Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл барлық өңірде жүргізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақпан айында облыстар мен республикалық маңызы бар 3 қала бойынша 150 қаржы сарапшысын оқыту басталады. Бұл мамандар жыл бойы 200 мың қазақстандыққа қаржылық сауат курстарын өткізеді. Әсіресе, онда несие мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға басымдық берілмек.

Өткен жылы басталған пилоттық жоба өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. 2023 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін барша халық көруі керек деген еді. 16 қыркүйекте «Қарызсыз қоғам» жобасының орындалуы Үкіметте қаралды.  

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейтетін Жол картасын және қалаларда ашылатын жобалық кеңселердің жұмысы туралы Ережені дайындады. Жобалық кеңселер азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді.

Сонымен бірге, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясын қаржылық сауат бойынша білім беру платформасы іске қосылады және Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарына, колледждеріне және мектептеріне қаржылық сауат курсы енгізіледі. Дәлірек айтқанда, 450 мың оқушы мен 100 мың студентті қаржылық сауат негіздеріне үйрету жоспарланған. Бұл оқу орындары үшін арнайы әдістеме мен оқу құралдары әзірленеді.

Осылайша, келесі жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасында жалпы саны 750 мың адам қаржылық сауатты үйренеді деп жоспарлануда.

Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» − халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы. Аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады.

Жобаның алғашқы оқыту курсы 2 мамырда басталып, еліміздің 8 өңірінде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, осы уақыт ішінде Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының 65 мың тұрғыны жоба аясында қаржылық сауатын арттыру бойынша оқу курсынан өтті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артып келеді. Қазіргі уақытта 8,4 млн халықтың мойнында 18 трлн теңге несие бар. Оның ішінде тұрғындар шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 млрд теңге онлайн қарыз рәсімдеген.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: