Қарыздарды қайтару үшін бюджетке үлкен жүктеме түсіп отыр – Смайылов

5 Маусым, 12:13 464

Мәжілістің жалпы отырысында жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстандағы өңдеуші өнеркәсіп жобалары бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызметті ынталандырудың аудитіне кіріскенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, квазимемлекеттік сектор субъектілері жалпыхалықтық міндеттерді іске асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған.

Бұл ретте квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланбаған қаражат жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсіп отыр. Басқа да көптеген маңызды міндеттерді шешуге бюджет қаражатының жетпей жатқанын ескерсек, бұл – өрескел жағдай. Квазимемлекеттік сектордың бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде Парламент алаңында жауап беретін уақыты келді. Бұрын жарғылық капиталды ұлғайтуға бөлінген, бірақ пайдаланылмаған қаражатты қайтару тетігі іске қосылуы тиіс, - деді жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.

Сонымен қатар ол қаражатты бақылау шоттарында жинақтау тәжірибесін тоқтату қажет екенін айта кетті.

Сөзінше, жасанды интеллектті пайдалана отырып, бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудағы болжамдау функциясын жақсарту үшін шұғыл шаралар қажет. Бұл жерде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі өзінің үйлестіруші рөлін күшейтуі маңызды.

Қазір мемлекеттік борыш қауіпсіз шекте болғанымен, Үкіметтің борыштық міндеттемелері биыл қаңтар айындағы жағдай бойынша 24,9 трлн теңгені құрады. 2024-2025 жылдары өткен онжылдықта тартылған қарыздарды қайтару бойынша бюджетке ең жоғары жүктеме түсіп отыр. 2023 жылы қарыздарды өтеуге және қызмет көрсетуге Ұлттық қордың трансферттерін есепке алмағанда, бюджет кірістерінің 28%-ы немесе барлық шығыстарының 19%-ы жіберілді. Осы мәселелерге келгенде макроэкономикалық және бюджеттік параметрлерді өзара байланыстыра отырып, ұзақ мерзімді жоспарлау қажет, - деді ол.

Әлихан Смайылов алдағы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштың жай-күйі туралы ақпаратты ашық көрсету керек екенін алға тартты.

Үкіметтің деректері мен барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата құқық қорғау органдарына 23 аудит материалын жіберді. 123 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа, 32 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Есепті кезеңде 28 млрд теңге қалпына келтірілді және өтелді, - деді Смайылов.

Миражан Махан
Бөлісу: