Қарулы күштердің Тыл бастығы басқармасында үстел теннисінен іріктеу турнирі өтті

14 Қаңтар, 18:52 893

Жарыс командалық және жеке біріншілікте өткізілді. Оған еліміздің әр өңірінен 12 команда құрамында 32 спортшы қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Турнирдің ашылу салтанатында Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Қаныш Әбубәкіров сөз сөйледі. Ол белсенді спортпен шұғылданудың және оны Қарулы күштерде танымал етудің маңыздылығын атап өтті. 

Жарыс қорытындысы бойынша 23366 әскери бөлімінің командасы жеңіске жетсе, екінші орында – 44293 әскери бөлімі, үшінші орында – Тыл бастығы басқармасының штабы тұрақтады.

Жарысқа қатысқан он әйелдің ішінде жеке біріншілікте аға сержант Жұлдыз Рахымжанова  үздік деп танылды. Екінші орынға кіші сержант Райхан Жақыпова жайғасса, үшінші орынды аға лейтенант Евгения Понеделкова місе тұтты.

Ерлер арасында бірінші орынды кіші сержант Дамир Құнанбаев иеленді, екінші орында қатардағы жауынгер Болат Әкімчанов, үшінші орында аға лейтенант Батырхан Болатқанов болды.

Осылайша, 17-18 Қаңтарда астаналық Aspan спорт кешенінің базасында Қарулы Күштердің әскери-қолданбалы, ойын және ұлттық спорт түрлерінен XXI Спартакиадасы шеңберінде өтетін үстел теннисінен алдағы чемпионаттың қатысушылары анықталды.

Іріктеу турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Жансая Әділбек
Бөлісу: