Қарулы күштердің Орталық ансамблі Мәскеудегі байқауда жеңіске жетті

12 Желтоқсан 2023, 04:31 627

Алғаш рет өткізіліп отырған «Катюша» халықаралық фестивалінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің аға лейтенант Марс Жалғасбаев басшылық жасаған шығармашылық ұжымы «Үздік вокалдық ансамбль» номинациясы бойынша лауреат атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарулы күштер әскери қызметшілерінің, ардагерлердің және олардың отбасы мүшелерінің халықаралық дәрежедегі «Катюша» халық шығармашылығы фестивалі Ресей армиясының Орталық үйінде өтті.

Байқауға қатысушылардың өнерін Ресей Қорғаныс министрлігінің, әскери мәдениет мекемелерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен өнер шеберлері бағалады.

Байқауда қазақстандық ұжым композитор Ян Френкельдің, Расул Гамзатовтың сөзіне жазылған «Журавли» әнін орындады.

Мұндай іс-шаралар шығармашылық адамдары үшін өте маңызды деп білемін. Бұл біріншіден бізге әртүрлі ұжымдармен, өзіндік тәсілдермен танысуға, шығармашылық ізденісімізді кеңейтуге мүмкіндік береді. Халықаралық фестивальде жеңіске жету бізді кәдімгідей қанаттандырды. Сол себепті де тыңдаушыларымызға әрдайым жарқын әсер сыйлап, жұмысты жалғастыра береміз, – деді ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары – көркемдік жетекші Марс Жалғасбаев.

Байқауға он сегіз елден келген вокалдық ұжымдар, вокалдық-аспаптық ансамбльдер мен солистер қатысқанын айта кету керек.

Перизат Саденова
Бөлісу: