Қарулы күштерде әскери ант қабылдау рәсімдері өтіп жатыр

24 Қараша, 17:46 358

Оңтүстік әскерлер құрылымдарының гарнизондарында екі мың жас сарбаз ант берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, іс-шараны "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасарлары басқарды.

Тараз гарнизонындағы байланыс полкінің сарбаздарын ант беру рәсімімен "Оңтүстік" ӨңҚ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Нұрлан Кәрібаев құттықтады. Мерке ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың мотоатқыштары – қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Нұржан Өмірзақов, Шымкент гарнизоны механикаландырылған бригадасының жауынгерлеріне "Оңтүстік" ӨңҚ әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Бауыржан Күреңкеев ақ жол тілеп, сөз сөйледі. Гвардейск гарнизонының 40-шы "Отар" әскери базасының жауынгерлерін оның бастығы полковник Ержан Мейірманов құттықтады. Қолбасшылық өкілдері сарбаздарға табысты қызмет, мықты жауынгерлік рух және әскери бауырластық тіледі, - делінген мәліметте.

Салтанатты шараны еліміздің әр аймағынан келген сарбаздардың туыстары мен жақындары, жергілікті атқарушы органдардың, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен сарбаздар қозғалысының қатысушылары тамашалады. Олар сарбаздарды әскери антқа адал болуға, жауынгерлік дағдыларды қалыптастыруға және Отан қорғаушы атағын мақтан етуге шақырды.

Дәл осы күні Қазақстанның басқа өңірлеріндегі сарбаздар да әскери ант берді. Ақтөбе гарнизонында 200-ден астам мерзімді қызмет сарбазы Отанға адал болуға ант берді. Салтанатты рәсім Ақтөбеде Қазақ халқына алғыс айту стеласында өтті. Қолында қаруы бар жас жауынгерлер әскери борышын лайықты орындауға, тәуелсіздікті, Конституцияны және халықты батыл қорғауға ант етті.

Іс-шараға қатысушылардың назарына әскери қызметшілердің қоян-қолтық ұрысы, қару-жарақпен саптық элементтер көрсетілді.

Дәстүр бойынша туыстарына әскери бөлімдер бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, оларға оқу сыныптары, казармалар, асханалар мен тұрмыстық бөлмелер көрсетілді. Келушілер өздерін қызықтырған сұрақтарға командирлермен кездесіп, жауап алды. Қалған уақытты ата-аналар ұлдарымен бірге өткізді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: