Қарттардың белсенді өмірі: шахмат, теннис, би және сурет

22 Қараша 2022, 16:07 3554

Елордада «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына күнделікті 5 мыңға жуық қария барады

Елімізде қарттардың белсенді өмір сүруін қамтамасыз ететін ортылықтар жұмыс істейді. Онда қариялар үшін спортпен, шығармашылықпен, тіпті білімін жетілдіріп, тіл үйренуге де мүмкіндік қарастырылған.

Бір ғана елорданың өзінде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына күнделікті 5 мыңға жуық қария барады. Орталыққа көбінесе зейнет жасындағы азаматтар келеді.

74 жастағы елорда тұрғыны Тоқтамыс Абиев зейнет жасында өзінің белсенділігін жоғалтпай, күнделікті спортпен айналысып, түрлі үйірмелерге қатысады. Оның айтуынша, ұзақ өмір сүру үшін адам көңілі қалаған дүниемен айналысу керек.

«Менің мамандығым дене шынықтыру пәні мұғалімі. Ұзақ жылдар бойы гимнастикамен айналыстым. Зейнетке шыққаннан кейін де спортты тастамадым. 2 жылдан бері белсенді түрде үстел теннисімен, сурет салу өнерімен айналысамын», - дейді зейнеткер.

 

Жыл сайын елімізде өтетін марафондар мен спорттық бәсекелерде де қарттарымыз белсенділік танытып, тіпті үздіктердің қатарынан көрініп жатады.

«Жасым 76-ға келсе де, спортпен енді айналысып жатырмын. Аптасына 2 рет үстел теннисімен, шахматпен және жаттығудың жеңіл түрлерін жасаймын. Жас кезімде волейбол мен баскетболдың мастері болдым», - дейді елордалық Жамбыл Нұрбанов.

Тіл үйрену жасқа қарамайды. Зейнет жасына шыққан ата-әжелеріміз де шет тілдеріне кеш те болса, ілтипаттылық танытып үйренеді. Қазақ тілі маманы Маржан Бектұрсынқызы елордада өзге ұлттың азаматтарына әсіресе, зейнеткерлерге қазақ тілін үйретеді. Оның айтуынша, зейнеткерлерге тіл үйрену қиынға соғып жатқан жоқ, ең бастысы тіл үйренуге деген ниеті мен ынтасы бар.

«Білім алу ешқашан кеш болмайды. Сондықтан үлкен апа, аталарымыздың белсенділігі көз қуантады. Тіл үйренуге ықылас білдіріп жатқандардың көбісі орыс, кәріс мен неміс ұлтының өкілдері. Біздің орталықта олар қазақ тілімен қатар, ағылшын тілін де оқып жатыр. Қазіргі таңда беталыстары жаман емес», - деді Маржан Бектұрсынқызы.

Өзге ұлттың азаматтарына тіл үйретуде ең алдымен сөзді дұрыс дыстауға, кейін сөздік қорын байытуға, дамытуға зер салатынын атап өтті.  

Орталықта әйел адамдарға арналған тоқыма шебері жұмыс істейді. Жалпы, тігу мен пішудің түрлерін шетелдік механика бойынша үйретіп, оны практика жүзінде бірге жасайды.

«Тоқыманың түрлері көп, соның барлығын үйретуге тырысамыз. Бірақ, көзі нашар көретіндер үшін сәл қиындау болады. Себебі, қанша дегенмен, инемен, жіппен және майда моншақтармен жұмыс істеуге тура келеді. Ер азаматтардың арасында да тігуге қызығушылық танытып жүрген жандар бар. Олар да белсенділік танытып, шеберліктерін көрсетіп отырады. Бұл бізде «еңбек терапиясы» деп аталады», - деді тігін маманы.

Сонымен қатар, қазіргі таңда сәнге айналған қытайлық және жапондық тоқыманы, ұлттық ою-өрнектерімізбен біріктіре отырып түрлі бұйымдар мен киімдер жасаған.

Адам бойын, ішкі сезімін тыныштандыратын салалардың бірі – арт терапиясы. Қазіргі таңда, сурет салу өнері балалар арасында ғана емес, зейнет жасындағы жандардың ортасында да кеңінен таралған. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында зейнеткерлерге сурет өнерін үйретіп, сызудың техникасынан беретін мамандардың бірі – Виталий Ли.

«Адамдар суретті саламын, үйренемін, жеке кәсібіне айналдырамын деп келмейді. Сурет арқылы ішкі жан дүниесін салып, жеңілдеу үшін келеді. Арт терапияны психология саласында да кеңінен қолданып жатады. Ол адамның ой тыныштығы мен ішкі жан дүниесіне әсерін тигізеді. Мен өзімнің 50 жылдық өмірімді сурет өнеріне жұмсадым. Қазір де суретке қарап, оның тілін түсінемін», - деді Виталий Ли.

Елорда тұрғыны Оралбек Кадерсизов арт терапиясына жақында қатысып бастады. Қазіргі таңда акварелді бояудың түрлерін үйреніп жүр.

«Сурет өнеріне бұрын соңды қызығушылығым болған жоқ. Қазіргі таңда арт терапиясының жаңа түрлерін үйреніп жүрмін. Сонымен қатар, гимнастика және бимен де айалысамын», - деді ол.

Орталықта зейнеткерлердің сүйікті ісіне айналған тағы бір сала – би. Мұнда бидің 6 түрінен сабақ өтеді. Әрқайсысына 12-15 адам қатысады. Олардың дені әйелдер.

«Бидің қай түрі болмасын ата-апаларымыз белсенді қатысады. Әсіресе, «бачатаны» жақсы көреді. Бимен қатар, йогамен де айналысады. Йога би алдында дене қыздыруға жақсы көмектеседі. Қазіргі таңда, қарттарымыз би мен йоганың барлық техникасын меңгеріп үлгерді», - деді би маманы Анель Кенесова.

Шахмат, үстел теннисі және спорттың басқа да секцияларына белсенді қатысатын қариялардың саны аз емес, керісінше жыл сайын олардың белсенділігі де артып келеді.  

 

Миражан Махан
Бөлісу: