Қартаю қорқынышынан қалай арылуға болады?

21 Тамыз 2023, 13:30 3114

Адам қартайған сайын есту, есте сақтау қабілеті төмендеп, тез шаршағыш бола бастайды. Сондықтан олар өзінің физикалық қабілетін сақтап, жас әрі сұлу қалпын барынша ұзақ уақыт ұстап қалуға тырысады. Десе де қартаю – ол табиғи құбылыс. Оның да өзіндік ерекшеліктері бар. Осы ретте El.kz  ақпараттық агенттігі қартаюдан қорқатын адамдардың қорқынышынан арылуының жолдарын қарастырып көрді.

 

  1. Қартаюдан қорқудың қажеті жоқ

Кәрілікке жету кез келген адамға бұйыра бермейді. Сондықтан ұзақ өмір сүріп, қартайғанда тұрған ештеңе жоқ. Қартайғанда адамдар жалғызсырап, бақытсыз болады деген пікір көпшіліктің санаға салып қойған стереотиптері ғана. Қартаю ол адамдардың барлығына беріле бермейтін бақыт. Оны керісінше қуана-қуана қарсы алу керек.

 

  1. Табиғи құбылыстан қашпаңыз

Жас келген сайын бетке әжім түсе бастайтыны анық. Сол себепті қартаюмен күресудің жолын іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Керісінше өмірдің әрбір кезеңін өз қалпында қабылдауды үйрену керек. Әр нәрсені ойлап, бас қатырудың орнына өзіңіз қалағандай өмір сүріңіз.

 

  1. Өзіңізді ренжітпеңіз

Болмайтын дүниелерге назар аударып, өзіңіздің көңіл-күйіңізді түсіре бермеңіз. Сізге айтылған ауыр сөздерді көңіліңізге алудың керегі жоқ. Әрдайым қалаған ісіңізбен айналысып, көңілді жүріңіз.

 

  1. Айналаңызда жаныңызға жақын адамдарды ұстаңыз

Алдағы өміріңізді бірге өткізгіңіз келетін жандармен тығыз қарым-қатынаста болыңыз. Бұл дүниедегі басты байлық – отбасыңыздың, достарыңыздың аман болуы. Ендеше сіз өзіңізді және жақындарыңызды жақсы көріңіз. Өміріңіздің әрбір сәтінен ләззат алыңыз.

 

  1. Киіну стилін өзіңіз таңдаңыз

Сізді ұзын көйлек киіп, басқа орамал тағуға ешкім міндеттемейді. Қалағаныңызша киініп, өз стиліңізге өзіңіз таңдау жасаңыз. Мәселен, ашық түсті киімдерді киіп, қалауыңыздағыдай боянып, сәнді жүре аласыз.

 

  1. Денсаулығыңызды күтіңіз

Өзіңізге күтіммен қараңыз. Күніне жоқ дегенде 20 минут жаттығу жасап, көшеде серуендеуге тырысыңыз. Спорт адамның денесінің шымыр болуына, сергек жүруіне көмектеседі. Сондай-ақ суды көбірек ішіп, тек пайдалы тағамдарды ғана жеңіз. Сіз денсаулығыңызға күтім жасағанның арқасында өзіңізді кәрілік кезінде қиналудан арылта аласыз.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: