Ерлан Қарин роботты техникадан әлемнің үш дүркін жеңімпазы атанған мектеп оқушыларымен жүздесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуге Қазақстан командасының мүшелері, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Ердәулет Түргенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран және Қадылбек Дастан, сондай-ақ олардың ұстаздары Асылбек Мырзахметов пен Нұрдәулет Досмағамбет қатысты.
Мемлекеттік кеңесші дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарын жақында Грекияда роботты техникадан өткен FIRST Global Challenge деп аталатын ауқымды чемпионаттағы кезекті жеңісімен құттықтады.
Оқушылар мен ұстаздар чемпионатқа дайындық барысы және оны өткізудің ерекшеліктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
FIRST Global Challenge – 2017 жылдан бері әртүрлі мемлекетте өткізіліп келе жатқан роботты техникадан олимпиадалық үлгідегі әлем чемпионаты. Қазақстанның құрама командасы 2022 жылы Женевада және 2023 жылы Сингапурде өткен жарыста топ жарды.
Сонымен бірге біздің команданың құрамы әр бәсекеде толық жаңартылып, ұлттық кезеңнің жеңімпаздарынан жасақталды. Биыл оқушыларымыз 190 елдің мықтылары бақ сынаған дүбірлі додада қатарынан үшінші рет жеңімпаз атанды.