Кей өңірдегі су тасқыны қаупі сейілген жоқ. Павлодар мен Абай облысы қарғын судың алдын алу үшін білек сыбана кірісті. Әсіресе, Павлодар облысында төтенше жағдай қызметінің мамандары күшейтілген режимге көшіп, қарғын су мен өзен-көлдің суы ауылдарды баспауы үшін алдын алу қамына кіріскен.
Иә, «Қазгидромет» РМК мәліметінше, наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болады. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болжанып отыр. Оған қоса сәуір айының да жылы болмақ. Осы орталықтың хабарлауынша, батыс өңірлерде, сондай-ақ елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін.
Айталық, 34 елді мекен су тасқыны болуы мүмкін аймаққа кіргізген. Су тасқыны қаупінің деңгейі бойынша Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысы қауіпті аймаққа кірді. Қауіп деңгейі орташа аймақтар қатарында Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстары, сондай-ақ Ұлытау және Жетісу облысы бар. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстары қауіп деңгейі төмен аймақтың тізімінде тұр.
Эвакуациялық пунк дайын
Павлодар облысы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті іске кіріскен. Өйткені биыл аймаққа көп жауын-шашын түскен. Салдарынан бірнеге ауылға қауіп төніп тұр.
Бүгінде ойлы жерлерде орналасқан 58 елді мекенді бақылауға алдық. Оның ішінде 28 ауылда қар еруінің, тағы 28 елді мекенде су босату кезеңінде өзен су деңгейінің көтерілуі салдарынан қауіп жоғары болып тұр. Гидротехникалық құрылыстар ақау шыққан кезде тағы екі ауыл тәуекелді аймақтар қатарына енеді, - дейді Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Жедел әрекет ету үшін 1 871 адам, 769 инженерлік және арнайы техника, 21 жүзу құралы және 357 мотопомпа жұмылдырылған. Сонымен қатар, құм салынған 47 мың қап, 53,7 мың тонна инертті материал, 155 тонна жанар-жағармай дайындалды.
Департаменттің мәліметінше, төтенше жағдай бола қалған жағдайда 22 мыңнан астам адамды орналастыруға арналған 60 эвакуациялық пункт бар.
300 мың текше метрден астам қар шығарылған
Ал Қазгидромет Абай облысында 6 аудан су тасқыны қаупі жоғары аумақта тұрғанын хабарлады.
Мамандардың мәліметінше, Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Көкпекті ауданы бақылауға алынған. Бірқатар ауданда тоң қалыңдығы 105 - 136 сантиметрге дейін жеткен. Салдарынан қар күрт ерісе, ылғал жерге сіңбей, тасқын болуы мүмкін. Облысқа қар көп түскені тағы бар. Сондықтан алдын ала арықты тазалап, жол бойындағы суағарлар мен көпірлер аршылып жатыр. Елді мекендерден 300 мың текше метрден астам қар шығарылған.