Қарбыздың адам денсаулығына пайдасы мен зияны

23 Маусым 2023, 14:14 4640

Жаз айларында дихандардың бақшасы пісіп, базарларда көкөністер мен жеміс-жидектің түрі көбейеді. Солардың арасында халықтың ең көп тұтынатыны – қарбыз. Алайда оның піскен не піспегенін әрі адам ағзасына тигізер пайдасы мен зиянын білу аса маңызды.

Қарбыздың пайдасы

Қарбыз – калориясы аз жеміс. Сондықтан диета ұстайтын және дұрыс тамақтану режимін сақтап жүрген жандар үшін ең пайдалы.

Диетолог Райхан Әбдраманованың айтуынша, қарбыздың пайдасы аз емес.

Баршамыз сүйсіне жейтін, жаз бойы сатып алуға асығатын қарбыздың 92 пайызы судан тұрады. Оның адам организмін тазалауда пайдасы орасан. Оның құрамында А, В6, С дәрумендері бар.  Ыстық күндері қарбыздың маңызы тіптен арта түседі. Қарбызда ликопин компоненті болады. Оның жүрекке, сүйекке пайдасы өте зор, - дейді ол.

Қарбыз шырынының қасиеттері мен қанықтығы көптеген ауруларға ем.

Мысалы, ол атеросклероз, артрит, құяң және қант диабеті сынды ауруларды емдеуде үлкен көмек бола алады. Қан қысымы жоғары адамдарға және цистит, простатит сынды аурулардан зардап шегетін адамдарға қарбыз шырынын жиі ішу ұсынылады, - деп түсіндірді диетолог.

Қарбыздың дәнінде де құнар бар. Өйткені ол нәрлі заттармен байытылған, ішінде минералды тұз, темір және магний бар.

Диетологтар қарбызды құнды диеталық тағам ретінде ұсынады. Алайда, күніне 2-3 кг-нан артық қолдануға болмайды.

Халық медицинасында қарбызды шемен мен сары ауруға қарсы қолданады.

Диетолог Райхан Әбдраманованың айтуынша, қарбыздың дәндері, қабығы мен шырынды бөлігі дәрілік мақсатта қолданылады. Шырыны жаздың күні шөл басу үшін де пайдаланылады. Тәтті бөлігі мен шырыны несеп жүргізуге көмектеседі. Қарбыз бүйрек және бауыр ауруларына, тас, тұз жиналған ішкі құрылыс мүшелеріне шипа болады.

Қарбыз темірге бай. Қаназдық (анемия) кезінде де пайдасы көп. Сонымен қатар, адам бойындағы артық  холестеринді шығаруға, атеросклероз ауруына да көмектесетінін де айта кетті.

Қарбыздың зияны қандай?

Қарбыз қаншалықты пайдалы болса соншалықты зияны бар.

Қарбыздың да зияны бар. Мысалы, диарея мен іш өту, қант көбейтеді, бауырдың қабынуы және кальций көп. Қарбызды кейбір адамдар жемегі дұрыс, өйткені ауруын асқындырып жіберуі мүмкін, - деп кеңес береді диетолог.

Әсіресе диабетке, семіздікке, бүйрек ауруына шалдыққан адамдардың жемегені жөн деп есептейді. Себебі қарбыздың құрамында қант, фруктоза көп. Қорытылған қант ағзада майға айналады да, қан тамырының қабынуына себеп болады.

Жазда қандай жеміс жеген пайдалы?

Эксперт, диетолог маман Райхан Әбдраманова теріге қажетті дәрумендерге бай жеміс-жидектің тізімін ұсынды.  

Бұл тізімде бірінші болып алма жемісі тұр. Алма – ағза үшін аса пайдалы жеміс. Онда бет терісінің жас қалпын сақтайтын «С» дәрумені бар. 

Анар – терінің зақымдануынан қорғайды, теріні қалпына келтіру процестерін тездетеді. Сондай-ақ, коллаген мен эластиннің синтезделуіне мүмкіндік туғызады. Бұл әжім қыртыстарының жазылуына көмектеседі.

Ананас та теріге аса пайдалы жеміс-жидектердің қатарына жатады. 100 г ананастың 80 пайызы дәруменге толы. Әсіресе, «С» дәрумені. Сонымен қатар, жемістің құрамында жүйке жүйелері мен иммунды жүйелердің қалыпты жұмыс жасауына көмектесетін «В1» және «В6» дәрумендері де бар. Теріге «С» дәрумені жетіспесе, тері түссізденіп, қартаяды. Егер дәрумен ағзада жеткілікті болса тері нұрланып, сұлу көрінеді. 

Қызанақ «С» дәруменімен қоса ең мықты антиоксидант деп есептелетін ликопинге де бай. Сондықтан, қызанақ жесеңіз бетіңізді құрғақтық пен әжімдерден сақтай аласыз. 

Кивиді де көбірек жеп тұрған дұрыс. Себебі, бұл жеміс ағзадағы коллагеннің тез ыдырауына септігін тигізеді. Ал, коллаген теріге тез әжім түсірмейді.

Банан құрамында «Е» және «А» дәрумендері бар. Бұл дәрумендер тері үшін өте пайдалы, банан қабығы минералдар мен антиоксиданттарға бай. Егер күнделікті бетіңізді, мойныңызды бананмен сүртіп тұрсаңыз, теріңіз ылғалданып, әжім түсуі азаяды. Беттің өңі кіріп, нұрлана түседі.

Қай уақытта қай мезгілде де жеміс жидектерді өз мөлшерінде қолдана білсеңіз пайдасы ұшан теңіз! Ал артығымен, нығырлап жеп қою денсаулыққа зиян екені сөзсіз.

Миражан Махан
Бөлісу: