Оралдан шыққан жас дарын Сүлейман Сұлтан тағы да халықаралық өнер кеңістігінде Қазақстанның атын асқақтатты. Бар-жоғы 12 жастағы биші бұл жолы Бейжіңде өткен беделді халықаралық байқауда топ жарып, кубок иеленді.
Қазақтың ұлттық биін орындаған жас өнерпазға қазылар алқасы ең жоғары баға беріп, оны түрлі елдерден келген қатысушылардың арасындағы үздік орындаушы деп таныды.
Бейжің төріндегі байқау туралы Сүлейманның өзі былай дейді:
Жарыс өте керемет өтті. Қатысушылар да мықты болды, көрермен де жақсы қабылдады. Шамамен 30-40 адамдай қатысты. Жас ерекшелігі бойынша бөлу болған жоқ, әртүрлі жастағы қатысушылар шықты. Жалпы атмосфера ұнады. Арнайы дайындалдым, сол еңбегімнің нәтижесі көрінді деп ойлаймын. Байқау барысында өзіме сенімді болдым, бірақ нақты бірінші орын аламын деп ойлаған жоқпын.
Жас бишінің айтуынша, төрешілер оның сахнадағы сабырын, еркін қимылын ерекше атап өткен.
Аздап толқу болды, бірақ соңына қарай басылды. Негізі көрерменнен шабыт аламын, сахнада қайта ашыла түсемін, – дейді ол.
Бейжіңдегі байқауға ол қазақ биін арнайы дайындап барған. Бұл биді бұған дейін Өзбекстанда да орындап, жеңіске жеткен.
Бұл биді осы байқауға арнайы дайындадық. Бірақ бұрын да басқа жарыстарда биледім. Мысалы, Ташкенттегі байқауда осы бимен бірінші орын алдым, – дейді жас биші.
Рас, бұл Сүлейман Сұлтанның алғашқы ірі жетістігі емес. Бұған дейін ол Еуропа сахналарында да жарқырап көрінген еді. Атап айтқанда, Испанияда өткен халықаралық Fiestalonia Milenio фестивалінде алтын медаль жеңіп алып, Бішкекте өткен байқауда Гран-при иеленген.
2024 жылы Каталонияда ұйымдастырылған фестивальге Африка, Малайзия, Литва, Германия, Украина және өзге де 20-дан астам елден келген жас таланттар қатысқан. Сол додада Қазақстан атынан өнер көрсеткен жалғыз биші Сүлейман болды. Фестиваль президенті Қазақстанға арнайы келіп, Ақтөбедегі іріктеу барысында Сүлейманды өзі таңдап, Испанияға сапарын толық қаржыландырған. Ташкентте өткен халықаралық байқауда да ол осы қазақ биімен жеңіс тұғырынан көрінді.
Сүлейманның өнер жолындағы басты тірегі – әрі әкесі, әрі ұстазы Сұлтан Дәуітов. Өзі Батыс Қазақстан облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі, балетмейстер. Ол ұлының биге деген қызығушылығы ерте басталғанын алға тартады:
Сүлейман үш жасынан бастап біздің концерттерімізді, бидің видеоларын көріп өсті. Анасы да билеген, бірақ қазір сахнаға шықпайды. Ал ұлым кішкентайынан бізбен бірге концерттерге барып, тіпті сахна сыртында да билейтін. Бес жасқа келгенде өзі сахнаға шығуды сұрады. Оның жолы солай басталды.
Балетмейстердің айтуынша, Сүлейман алғашында спорттың өзге түрлерін де байқап көрген.
Бұрын футболмен де айналысты. Бірақ жарыстар мен гастрольдер көбейген соң, биді таңдады. Менің кіші құрамым жоқ, сондықтан ол бірден кәсіби бишілермен бірге солист ретінде жұмыс істей бастады, – дейді әкесі.
Сүлейманның өзі де бұл таңдаудың саналы түрде жасалғанын айтады:
Әкем ансамбльмен билейтін, соны көріп жүріп, бірге билегім келетінін айттым. Бір тойға алып барды, сол жерде биледім. Содан кейін биге біржола бет бұрдым. Ол кезде ата-анам мұны уақытша қызығушылық деп ойлаған. Бірақ мен кәсіби түрде айналысқым келетінін түсіндім. Қазір жасым он екіде, билеп жүргеніме сегіз жылдай болды.
Жас биші әкемен жұмыс істеудің ерекшелігіне де тоқталды. Ол сахна мен тұрмыстағы қарым-қатынасты нақты ажырата білетінін айтады:
Би кезінде әкеме тек бапкер ретінде қараймын. Құрметтеймін, айтқанын тыңдаймын. Ал үйде мені еркелетеді, сырласамыз. Барлығы өз орнымен, – дейді Сүлейман.
Сүлейманның өзі заманауи биді де меңгеріп жүргенімен, жүрегіне ең жақыны халық биі екен:
Би – бұл өнер. Ол белсенді өмір салты, шабыт көзі. Әсіресе халық биін билегенде ерекше рухтанамын. Көбіне жарыстарда да халық биін орындаймын. Заманауи биді де үйренемін, бірақ қазақ биі маған жақын. Қаражорға билегенде рухтанып кетемін. Кейде таныстарым маған «қаражорға үйретші» деп жатады, – дейді ол.
Жас бишіден есімінің ерекшелігі жайлы да сұрадық. Себебі оның тарихи тұлғамен сәйкестігі көпшілікті елең еткізген.
Үйде екі ұлмыз. Менің аты-жөнім – Сүлейман Сұлтан, ағамның аты – Бейбарыс Сұлтан. Соған қарағанда, ата-анамыз бабаларымыздың жолын берсін деген шығар. Бірақ ағам билемейді, оқуға жақын, бірнеше тіл біледі, – дейді ол.
Қазір Сүлейман Орал қаласындағы №18 мектеп оқушысы. Оқу үлгерімі де тәуір.
Оқу мен биді қатар алып жүру кейде қиындау болады. Бірақ тырысып жүрмін. Үлгерімім қалыпты. Дене шынықтыру мен мәдениет сабақтары ұнайды, – дейді жас чемпион.
Ал әкесі баласының мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Себебі ол ұлына мейлінші күрделі би элементтерін үйретуге тырысады екен.
Көптеген балалар жастарына сай жеңіл қойылымдар көрсетеді. Ал Сүлейманның номерлері күрделі, «ересек» деңгейде болады. Мұндай байқаулар оған үлкен халықаралық тәжірибе сыйлады. Ол басқа елдердің бишілерінің қалай дайындалатынын көрді. Алдағы уақытта да халықаралық конкурстарға қатысамыз. Көбіне бізді ұйымдастырушылар өздері шақырады. Сүлейман сегіз жасынан бастап болашақта хореограф болуды армандайды. Ал жас бишілерге айтарым – ең алдымен жақсы педагог табу керек, – дейді Сұлтан.
Сүлейман Сұлтанның бүгінгі жетістігі – жеке еңбектің ғана емес, ұлттық өнерге деген адалдықтың айқын көрінісі. Қазақ биінің рухын әлем сахналарында танытып жүрген жас дарынның жолы әлі талай биікке бастайтыны анық.