Қаражат іздеген Конго

2 Тамыз, 10:08 988

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Конго президенті Дени Сассу-Нгессо Қазақстанға ресми сапармен келді. Бүгін Ақордада екіжақты кездесу күтіледі. Сонау Орталық Африкадан ат терлетіп келетіндей Дени Сассу-Нгессоға Қазақстаннан не керек болды? Бүгінгі мақалада осы мәселеге көз жүгіртіп көрген едік.

Әуелі Конго туралы бір ауыз сөз айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Себебі көпшілік оқырманға елдің атауы таныс болғанымен, егжей-тегжей мәлімет біле бермейді. Қазіргі таңда әлемде «Конго» деп аталатын екі мемлекет бар. Біріншісі – Конго республикасы. Екіншісі – Конго демократиялық республикасы (бұрынғы Заир). Дени Сассу-Нгессо – Конго республикасының басшысы.

Елде шамамен 6,1 миллион адам тұрады. Жер көлемі – 342 мың шаршы шақырым. Астанасы – Браззавиль қаласы. Әлемдегі кедей елдердің қатарында. Халықаралық қаржы қорының деректер бойынша, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі төрт мың долларды құрайды. Осылайша, әлем бойынша 150-орында тұр. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, Қазақстанда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 34 мың долларға тең.

Конго – негізінен қазба байлықтары жетерлік мемлекет. Әсіресе, мұнай сатып күн көріп отыр. OPEC-тің толыққанды мүшесі. Африка елдері арасында мұнай өндіру бойынша алтыншы орында тұр. OPEC-тің соңғы деректеріне сүйенсек, елдегі экспорттың 80 пайызға жуығы тікелей мұнай сатуға тиесілі.

Қазақстан мен Конго республикасы арасындағы дипломатиялық байланыс 1999 жылы 21 қыркүйекте орнады. Дегенмен екі елдің бір-біріне жіберген нақты елшісі жоқ. Қазақстанның Эфиопиядағы елшілігі Конгоны да қамтиды. Бес жыл бұрын Конго республикасының Ресейдегі елшісі Қазақстандағы елші қызметін қоса атқарушы болып бекітілді.

Екі мемлекет арасында құқықтық база қалыптаспаған. Сауда-экономикалық байланыс та жоқтың қасы. Мәселен, былтыр тауар айналымы 14,7 мың долларды құрады. Соның 14,5 мыңы экспорт. Түсінікті тілмен айтқанда, сауда-экономикалық қарым-қатынас заманауи бір көліктің құнына да жетпейді. Дени Сассу-Нгессо сапары бұл олқылықты түзеуге тиіс.

Сонымен Конго республикасының басшысы Қазақстанға не үшін келді? Әзірге күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынас секілді жалпылама мәселе шығарылғанымен, Дени Сассу-Нгессоның инвестиция іздеп жүргенін түсіну қиын емес. Себебі бұған дейін ол Ресейге, содан кейін Әзербайжанға ресми сапармен барып қайтқан болатын. Мәскеуден құр қол қайтқанымен, Дени Сассу-Нгессо Бакуде бірқатар келісім жасасты. Соның ішінде ауыл шаруашылығы, мұнай секілді салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.

Әзербайжан мен Ресей секілді Қазақстан да «қара алтын» экспорттауда тәжірибесі мол. Ал экономикасының басым бөлігін мұнай қамтамасыз етіп отырған Конго республикасы үшін бұл салада ынтымақтастық жасау маңызды. Сондықтан еліміздің инвесторларын қазба байлығы мол Конгоға қаржы құюын қалайтыны сөзсіз.

Қазақстанның Эфиопиядағы және Кениядағы (қоса атқарушы) елшісі, Африкалық одақ пен ЮНЕП жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұл мәселеге тоқталған болатын.

Қазіргі таңда екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық көлемі қолда бар мүмкіндіктерге сәйкес келмейді. Бірақ өзара ынтымақтастықты дамыту жолында әлеуетімізді барынша жүзеге асыру маңызды. Конго президенті Дени Сассу-Нгессоның елімізге сапарының негізгі мақсаты да осы, - деді Барлыбай Садықов.

Қазақстан үшін Конго республикасымен қарым-қатынас орнатудың қандай пайдасы бар? Экономикалық тұрғыда екі мемлекеттің байланысы аса терең емес. Оны көршілес елге бір көлікті артық сатып-ақ орнын толтыруға болады. Есесіне, саяси тұрғыда маңызды. Өздеріңіз білесіздер, БҰҰ Бас ассамблеясының отырыстарында әрбір мемлекет бір дауысқа ие. Яғни, Қазақстан өзінің бастамаларын көбірек мемлекет қолдауы үшін Конго секілді елдермен қарым-қатынасын қалыпты деңгейде ұстап тұрады.

Мәселен, Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде сайланған кезде Африка елдерінің қолдауы шешуші рөл атқарды. Бұдан бөлек, ЭКСПО-2017 көрмесі секілді іргелі іс-шараларды өткізу құқығын алуда да маңызды рөлге ие.

Қорыта айтқанда, Конго президентінің бұл сапары Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Жалпы, кейінгі жылдары Африка елдері елімізге жиі ат басын бұрып келеді. Жоспар бойынша, биыл тағы екі мемлекеттің басшысы елордаға қонаққа келуге тиіс.

Alikhan Assangeldi
Бөлісу: