Қарашығанақ кен орнының ашылғанына 45 жыл толды

16 Қараша, 21:42 1425

Батыс Қазақстан облысында Қазақстанның мұнай өнеркәсібі үшін екі атаулы датаға: тұңғыш қазақ мұнайының өндірілгеніне 125 жыл және Қарашығанақ кен орнының ашылғанына 45 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, іс-шараға сала ардагерлері, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Энергетика министрінің атынан Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов құттықтау сөз сөйлеп, мұнай-газ саласының ел экономикасы үшін стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, КПО қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен компанияның дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті. Салтанатты шара кезінде үздік қызметкерлер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды, - делінген мәліметте.

Қарашығанақ кен орнының ардагерлері мен өндіріс озаттары арнайы құрметке ие болды. Вице-министр оларға қажырлы еңбектері мен Қазақстанның мұнай-газ секторын дамытуға және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан өлшеусіз үлестері үшін алғысын білдірді.

Бірқатар ардагер компания басшылығы мен Батыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Мерекелік шара мұнай-газ кешенінің түрлі буын өкілдерін біріктірген жарқын сәтке айналды. Онда ұрпақтар сабақтастығы мен мұнай-газ саласының Қазақстан үшін маңыздылығы тағы бір мәрте атап өтілді.

Зарина Арман
Бөлісу: