«Қарақұстан күрекпен ұрғанда талып қалдым». Желтоқсаншы алаңға шыққан күндерін еске алды

16 Желтоқсан 2023, 09:30 8471

Тәуелсіздігіміздің бастауы – қазақ жастарының ақ қар, көк мұзда Кремль шешіміне қарсы шеруге шыққан желтоқсан оқиғасына биыл 37 жыл толды. Ұлт үшін жанын құрбан еткен қаһармандар қаншама. Бүгінгі жас ұрпақ желтоқсаншылар туралы не біледі? Сол қиындықты кейінгі ұрпақ көрмесін дейтін олардың алды қазір 80-нен асса, соңы 50-ге келді. Ызғарлы жылды өз көзімен көріп, талай қиындықты басынан өткерген желтоқсаншы Ақкүміс Ықыласова мен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі әңгіме өрбітті.

Сол уақытта небәрі 24 жаста болған қазақтың қаршадай қызы желтоқсан көтерілісі кезінде ауыр әрі қиын кездерді басынан өткізген. Қасық-қаны қалғанша күресті. Тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегенін айтып, өткен жылдарды толғаныспен еске алды.

Сол кездерде біз де сендер сияқты жас болдық. Қазір орта жасқа келдік. Өзіміздің көрген қиындығымызды кейінгі ұрпақ көрмесе екен деп тілейміз. Бұл бір мақтанып, кеуде қағып рахаттанып айтып беретіндей дүние емес. Тәуелсіздік бізге өте қиын жолмен келді. Сол шақтарды еске алудың өзі оңай болған жоқ. 1986 жылы жалғыз мен ғана емес, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жүректері сыздап, балтыры ауырып, жандары қиналды. Мен сол кезде жас болдым. Бар-жоғы 24 жастамын, – деп бастады әңгімесін.

Кейіпкеріміздің айтуынша, желтоқсан көтерілісінің мақсаты Тәуелсіздікке қол жеткізу болды. «Егемендікті біз ғана емес, біздің алдымызда қаншама ата-бабамыз аңсады. Соның ішінде Алаштың арыстары қасық қаны қалғанша күресті. Сол кісілерге қарап, біз қандай тектінің ұрпақтарымыз деп ойлаймын. Жас ұрпақ осыны естен шығармаса екен. Артымыздағы ұрпақтарымыз – олар біздің болашағымыз. Болашақтың артындағы ұрпақ та бәрін біліп, естеріне сақтап, санаға түйіп жүру керек», деп есептейді.

Қазіргі ұрпақтар Тәуелсіздіктің не екенін ұғу керек. Тәуелсіздік – бұл еркіндік. Тәуелсіздік ол – отаның. Өз отаныңда ешкімге тәуелді болмай, еркін жүру керек қой. Бүгінде сол желтоқсан жастарының алды 50-де, соңы 80-ге таяп қалды. Әлі күнге дейін олар елімізде қандай да бір жағдай болса, шырылдап шығады. Бәрі шын ықылас ниетімен елдің жағдайының дұрыс болғанын қалайды, – дейді.  

1986 жылы Ақкүміс Ықыласова қайда болғанын еске алды. Айтуынша сол ызғарлы жылы Гагарин атындағы фабрикада тігінші болып жұмыс істеген. Тігіншілікті жаны сүйген көрінеді.

Тігіншілік жұмысты өте жақсы көрдім. Қазақтың киімін ел сүйсінетіндей сәнді тігіп «брэнд» ретінде қалыптастырғым келді. Осындай арман-мақсатым болды. Бірақ мен оған жете алмадым. Жете алмауымның себебі желтоқсанның басталғаны. Жұмысыма кедергі болды. Мен соған қатысып қиналдым, қазір менің жағдайым жаман деп жылап ешкімнің алдына барған емеспін. Тіпті қатысқаныма өкінбеймін. Осы тәуелсіздіктің туы тігілгеніне, атсалысып соған қасық қанымды төккеніме, ар-намыс, шын ниетіммен алаңға шығып, Тәуелсіздікке үлесімді қосқаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Соған өте риза боламын, – деді.

Желтоқсанда қазақ жастары көп азап көріп, жапа шекті. «Жасаған нешетүрлі қиянаттары әлі көз алдымыздан кетпейді. Қазақ деген текті халықты қайтсек жоқ қыламыз, қалай етсек құртамыз деп жан-жағымызда анталап отырған жауымыздың көп екенін сол кезде сезіндім. Қазақтың жерінде тұрсақ та, өз тілімізде өзіміз сөйлей алмай, кемтар бір ұлттың қатарында болдық» деп отыр.  

Тілің жетпейді. Өзіңнің бар білгеніңді айта алмайсың. Кемсітулер қате сөйлесең күлді. Көшеге шықсаң, барлық жазулар орыс тілінде. Қазақ жай ғана КСРО болды. Сол уақытта 4-ақ пайыз қазақ тұрды. Оның өзі ауылдан келген жастар мен студенттер. Жұмыс істеген жеріңде ешқандай тіркеуің, тұрақты орның жоқ, жалпылама тізіммен жүресің. 16 облыстан бір білімді қазақ осы таққа отыра алмады ма деген сияқты талай жерде менің ар-намысыма тиді. Кеңес үкіметі кезінде қазақ жері жер көлемі бойынша 6-шы орында болды. Одан кейін 30 жыл елді басқарған басшы біз 9-шы орындамыз дегенде, жағамды ұстадым. Қалайша деп, таңқалдым. Кеңестер кезінде біздің шекарамыз баяғыда сызылып қойған. Сонда қайтадан шекара сызылып жатыр ма деген ойда болдым. Біздің кезіміздегі жастар елдің жағдайын ойлады. Шеттен келген Колбиннің кесірі көп тиді. Еліміздің ауызбіршілігі кетті. Жоғары биліктегілердің әрқайсысы сатқындыққа барып, сондай білімді көзі ашық төрде отырған қазақтың зиялы қауымдары өздерінің ұрпақтарын қорғай алмағаны мені әлі күнге дейін ойландырады, – дейді желтоқсаншы.

Ол кезде жалынды жас бойдағы намысы жібермей, осынша әділетсіздің болып жатқанына қарап отыра алмай алаңға шыққанын айтады. Ол 1986 жылдың 17 желтоқсанында дәл сол алаңда болған. Дәл бір соғыс киносындай болғанын тілге тиек етті.

Бұрын немістің киносын көретін едік. Дәл сол кинодағы жалаң көріністі мен алаңда көрдім. Төрт үлкен машина қыстың күні мұздай суды үстімізге шашты. Мал екеш малды да солай таптамайтын шығар. Қыстың күнінде су шашу деген енді жауыздар да олай істемейді. Қолдарынан келгенше қырып-жоюға әрекет етті. Қазақ деген халықты мал сияқты алдыға салып айдап отыр десең отырғызып, тұр десең тұрғызатындай жағдайға жеткізгісі келді. Ал біздің жоғары билікте отырған қазақтарымыз 70 жыл бойы солардың айтқанына көнді. Соңғы үміт осы қазақтың жастары болды. Біз бой бермедік. Жалаңаш қолымен елді қорғап, тәуелсіздікті алып берді, – дейді.

Олар бейбіт түрде қанды алаңға шығып, жалаңаш қолмен қазақ еліне Тәуелсіздік алып берді. Енді қазаққа сондай зұлымдықты ешқашан көрсетпесін деп тілейді. Қазақ жастарын небір түрме, жындыханаға қамап, әбден өштерін алған көрінеді. Осындай қиындықтың бәрін бастан өткізген Ақкүміс Ықыласова соңында мәйітханаға қалай тап болғанын айтып берді.

Желтоқсан оқиғасынан кейін жендеттердің соққысын жеп, екі-үш күн мәйітханада жатып аман қалған ол «Түрден түр, беттен бет жоқ. Тістің бәрі сынған. Көзіміз шығып кетуге қалды», дейді.

Біз 18-і күні түнгі сағат үштің шамасында бізді өлімші қылып сабады. Қарақұстан күрекпен ұрған соққыдан кейін талып қалдым. Қаскелең жақтағы қоқыс тастайтын жерге бізді апарып тастады. Сол жерде бір күн жаттық. Таң атты. Ол кезде сығандар көп жүретін. Нешетүрлі шыны ыдыстарды қоқыстан жинап, базарға апарып өткізетін. Ат арбамен жүрген бір сығанды біздің жігіттер көріп қалады. Әлгі адамға 20-30 шақты жігіттер «саған бөтелке артық па, әлде адам ба» деп бізді қаланың шетіне дейін жеткізіп тастауын өтінді. Қаланың шетін айнала берген бойда полиция ұстап әкетеді. Целиный кинотеатрының төменіне мені әкеліп лақтыра салған екен. Ал мен жансыз адам сияқты сұлқ жатырмын. Түрден түр жоқ, беттен бет жоқ. Тістің бәрі сынған. Көзіміз шығып кетуге қалған. Жанымда менімен бірге жұмыс істейтін қыз болды. Сол қыз бір полицияға жалынып, ауруханаға жеткізуін өтінген соң, қалалық ауруханаға апарады. Сол жерде жанымдағы қызға дәрігерлер «мұны енді мәйітханадан аласың» деп айтыпты, – дейді.

Осылайша мәйітханадан бірақ шыққан екен.  Алланың бір құдіреті шығар сол жерден біреулер оны тауып алып, дәрігерлерге апарған екен.

Сөйтіп 18-і күні емханаға түстім, бірақ 31-і күні шығарып жіберді. Көрмегенді көрдік қой. Айтып жеткізу қиын. Одан кейін 8 жылдай уақыт ауруханада жаттық. Тәуелсіздіктің туын желбіреткен, еліміздің соңғы қарлығаштары деген жақсы сөздер айтылады. Бұл сөздерге лайық болу үшін бізге желтоқсанның статусы керек. Әр ел өзінің батырларын құрметтеп, сыйлай білсе керемет емес пе?! Бізге статус берілсе, мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылса деген ниетіміз бар. Бүкіл желтоқсаншылардың тілегі сол бір ғана статусты алу. Әрбір желтоқсанның қыз-жігіттері жоғарғы сый-құрметке лайық. Әрдайым беделіміз өсіп, асқақтай берсін. Еліміз тыныш, басшымызға амандық берсін!», – дейді желтоқсаншы Ақкүміс Ықыласова.

Тәуелсіздік бізге көз жаспен келді. Желтоқсанның ызғары талай азаматты шейіт етті. Әділдік іздеп алаңға шыққан олардың ерлігін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: